Дүние дүрмек

471

0

«Миға ұқсас» чип жасалды

«Миға ұқсас» чиптің көмегімен жасанды интеллект (ЖИ) энергияны үнемді пайдаланатын болады. Бұл туралы оны әзірлеуші технология алпауыты IBM хабарлаған. BBC материалына сүйенген Aikyn.kz адам миымен жарысқан технологияның ерекшеліктерін түсіндіреді.

IBM-нің хабарлауынша, «ми тәрізді» технология смартфондарға арналған ЖИ чиптерін өте тиімді етіп, қуат көздерін үнемді жұмсауға көмектеседі. Жаңа технология адам миындағы нейрондық байланыстарға ұқсас жұмыс істейтін компоненттерді қайталап жасалған.

IBM компаниясының Цюрихтегі (Швейцария) зертханасының жетекші ғалымы Танос Василопулостың айтуынша, дәстүрлі компьютерлермен салыстырғанда «адам миы аз қуат тұтынған кезде де керемет өнімділікке қол жеткізе алады» екен. Жаратушы берген осындай адам миының қасиеттерін инженерлер енді жасанды ми жасауға қолдануды көздеген.

93 адам қаза тапты

Мауидегі ауқымды өрттен қаза тапқандар саны 93 адамға жетті, деп хабарлайды BBC News.

Тарихи Лахайна қаласын жойған өрт АҚШ жүз жылдығындағы көп адам қаза тапқан табиғи апат болып отыр. Гавай губернаторы Джош Грин сенбіде құрбандардың саны «айтарлықтай артуы» мүмкін екенін ескертті, өйткені сот-медициналық сараптама мәйіттердің жеке басын анықтауды жалғастыруда. Жүздеген адам жоғалып кеткендер тізімінде.

Гриннің айтуынша, өрт «Гавай аралдарында бұрын-соңды болмаған ең ауыр табиғи апат. Қазір біздің мақсатымыз – адамдарды табыстырып, оларды тұрғын үймен және медициналық көмекпен қамтамасыз ету, содан кейін қалпына келтіруге кірісеміз», – деп қосты губернатор.

Өрт тұтанғаннан бастап 2000-нан астам ғимарат бүлінген немесе қираған. Олардың көпшілігі Лахайнадағы үйлер.

IT мамандар жұмыссыз қалатын болды

Компьютерлік бағдарламаны өзі жазатын машина жасалды. Енді көптеген IT мамандар жұмыссыз қалатын болды

Stability AI әртүрлі бағдарламалау тілдерінде код жазатын StableCode деп аталатын жаңа нейрондық желінің іске қосылғаны туралы хабарлады. Бұл туралы компанияның Stability.ai сайтында жарияланған.

StableCode бағдарламашыларға көмектесетін құрал ғана емес, сонымен қатар оларға жаңа дағдылар үйретіп, білімдерін жетілдіруге көмектеседі. StableCode қазір Hugging Face платформасында қолжетімді. StableCode әзірлеушілері 2022 жылы шыққан Stable Diffusion деп аталатын мәтіндік сипаттама арқылы кескіндер жасауға арналған нейрондық желімен танымал.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<