Астанам – арман қалам, алтын қалам

1151

0

Ақ орда сезіндіріп дара сырды,

Ақ үйлер бой көтерген жарасымды.

Арайлы шуақ төккен жүректерге,

Астана жиған мұнда бар асылды.

Тарихтың ізі жатқан әр тасында,

Есілдей ерке өзен бар қасында.

Арқадан бой көтерген Астана бұл

Халықтың бірлігінің арқасында.

Қозғайды сән-салтанат ой тереңін,

Осында барлық қызық, бар керегім.

Қаланың символы мен көркі болып,

Қол созған көкке қарай «Бәйтерегім».

«Думан» мен «Хан шатыры» көзімді арбап,

Кең көше бірін-бірі жатыр жалғап.

Жап-жасыл саялы бақ, су бұрқақтар.

Түн болса қала мүлдем кетер жайнап.

Мақтаныш шалқып біздің бойымызда,

Жүзеге асып жатыр ойымыз да.

Жүректі жыр тербейді, күй кернейді,

Мерейлі, мәртебелі тойымызда.

Шамдары шуақ төгіп жарқыраған,

Ұнайды дәл осындай қалпың маған.

Қазақтың көзайымы, мақтанышы,

Астанам – арман қалам, алтын қалам.

Ақтөре Ибрагимұлы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<