Жоба және мүмкіндік

309

0

Биыл ауыл тұрғындaрының әл-aуқaтын жaқсaртуға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға облысқа 3 млрд теңге қаржы бөлінді. Қазір бағдарламаға құжат қабылдау жүргізілуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы  Гүлмира Исабергенова айтты.

– Жалпы бағдарлама 5 бағыт бойынша қаржыландырылады. Оның ішінде басымдық өңдеу, кооперативтерді дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін егін және мал шаруашылығы өнімдерін өндіруге берілуде. Тұрғындарға берілетін микрокредиттер – 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін  7 жылға дейін несие беріледі. Бүгінге дейін сенім білдірген өкіл ретінде «Байқоңыр» ӘКК» АҚ анықталып, бөлінген қаржы толығымен аударылды. Сонымен қатар, бағдарламаға құжат қабылдау шарттары барынша жеңілдетілді. Қазіргі таңда 240 жобаның құжаттары қабылданып, несие комитетіне ұсынылды. Мақұлданған жобалар кепілге ұсынылатын мүліктерді тәуелсіз бағалау ұйымдарынан өткеннен кейін несиелендіру бойынша төлемдер жүргізілетін болады, – деді ол.

«Ауыл аманаты» жобасын іске асыру үшін «Байқоңыр» ӘКК» АҚ жанынан 20 штаттық бірліктен тұратын арнайы департамент құрылды. Осыған сәйкес, 15 тамыз күні тұрғындардан келіп түскен несие өтінімдерін қарау мақсатында арнайы комиссия отырысы өткізілетін болады.

– Комиссияда 120-дан астам жоба ұсынылып, қаржыландырудың оң шешімі қабылданғаннан кейін тексерілетін болады. Сондай-ақ тәуелсіз бағалау туралы есептері сұратылып, мүліктері кепілге тіркелген соң, қаржыландыру жұмыстары жасалады. Бүгінде біздің жауапты мамандар барлық аудандарда ұсынылған жобаларды және несие алу үшін кепілге қойылатын мүліктер мен кәсіпті жүргізу орындарын тексереді. Атап айтарлығы, кепілге күйдірілген қыштан салынған мүліктерді 1990 жылдан, қамкесектен соғылған мүлікті 2000 жылдан, көпқабатты тұрғын үйді 1980 жылдан бастап қабылдауға шешім шықты, – деді «Байқоңыр» ӘКК басқармасы төрағасының орынбасары Мәдәли Әлішерұлы.

Ескеретін жайт, несие алушыларға бірқатар талаптар қойылады. Несие алушының жеке кәсіпкер болып тіркелуі тиіс. Басқа да несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның болмауы, мемлекеттік кірістер органдары алдында берешектің болмауы, несие алушының жасы зейнеткерлік жастан аспауы тиіс, несиені кепілмен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығын жүргізу үшін қажетті жағдайлардың болуы жіті қадағаланады.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<