Қыстан қысылмай шығамыз ба?

398

0

Әне-міне дегенше күз де жақындады. Шаһар тұрғындарының басым бөлігі күн суыса жылуға алаңдап отыратыны жасырын емес. Сол себепті биылғы жылу маусымына дайындық жайлы аз-кем айта кетейік. Апта басында аталған саладағы соңғы жаңалықты бағамдауға арналған баспасөз туры ұйымдастырылып, жағдайдың жай-жапсарын көзбен көруге мүмкіндік туды. «Қызылорда жылу-электр орталығы» МКК-ның қайта жаңғыртылған және жаңартылған нысандарын аралап, жөндеу жұмысымен танысып қайттық. Кәсіпорын директоры Медет Усаин жол бастап, Ғ.Мұратбаев, Ш.Есенов, Бейбарыс сұлтан көшелері мен «Қызылорда жылу-электр орталығына» бардық.

Басшының айтуынша, «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы арқылы мекеме биыл жылу желілерінің тозу деңгейін 48 пайыздан 45,1 пайызға дейін төмендету үшін 8 нысан бойынша кварталаралық және магистральді жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуде.

– Жылу маусымына дайындықты жаз басталысымен қолға алдық. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру шеңберінде биылдан бастап «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы қолданыста. Мұндағы мақсат – табиғи монополиялар нысандарына қосымша инвестициялар тартып, жөндеу жұмыстарының көлемін ұлғайту есебінен электр, жылу және сумен жабдықтау саласындағы желілердің тозуын кемінде 15-20 пайызға төмендету. Осы орайда, бізге биылға арналған инвестициялық бағдарламаны іске асыруға 8 млрд теңгеден аса қаржы қаралған. Оған қазір негізгі және қосалқы жабдықтарды, ұзындығы 4,3 шақырым кварталаралық жылу желілерін  жөндеу жұмыстары, кварталаралық жылу желілері мен магистральді жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, – деді ол.

Қазіргі уақытта негізгі және қосалқы қондырғылар мен кварталаралық жылу желілерін жөндеу жұмыстары 76 пайызға, кварталаралық және магистральді жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстары 47 пайызға бітіп тұр. Бұл жұмыстар алдағы қыркүйек және қазан айларына дейін аяқталады.

– Қазір жылу жүйесіне қосылған көпқабатты үйлердің саны 781 болса, жеке тұрғын үйлердің саны 275-ке жетті. Бұдан бөлек, әлеуметтік және шаруашылық нысандары бар. Осы жайтты ескеріп, халықтың биыл қыстан қысылмай шығуы үшін ел қазынасынан қомақты қаржы қаралды. Оның үстіне жауапты мекеме де өз қаражаты есебінен жөндеу жұмыстарына 114 млн теңге бөлді. Оның 31 млн теңгесі электр желілеріне, 83 млн теңгесі жылу өндіру саласына жұмсалуда. Осының нәтижесінде біз жыл соңына дейін жылу желілерінің тозу деңгейін 46,1 пайызға төмендетеміз. Өз кезегінде бұл іс-шаралар көрсетілетін қызметтердің сапасы мен тиімділігін арттыруға, жылу және электр қуатының тапшылығын жабуға, отын мен жылу шығындарын азайтуға, жалпы алғанда, тұтынушыларды жылумен жабдықтау сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, – деді ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департамент басшысы Айбек Егембергенов.

Еске салайық, бүгінде кәсіпорынның балансында 23 энергия көзі бар. Ал жылу желілерінің жалпы ұзындығы 190 шақырымды құрайды. Оның ішінде магистральді жылу желілері 35 шақырым болса, кварталаралық жылу желілері 156 шақырым.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<