Шыңдалған шекарашылар

564

0

Қазалы ауданының төңірегінде орналасқан «Қызылқұм» шекара заставасы бүгінде халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлының есімімен аталады. Застава Қызылқұм ауылдық округінен 130 шақырым жерде орналасқан. Ел іргесін кірпік қақпай күзететін шекарашылар бұл жерде Өзбекстан Республикасымен белгіленген аумағын бақылауда ұстайды.

Елдің тұтастығын нығайту мақсатында шекарашыларға арадағы саяси-экономикалық мүдделерді қорғау, заңсыз көші-қонның алдын алу, Қазақстан аумағына қару-жарақ, оқ-дәрілер, есірткі, радиоактивті заттарды заңсыз кіргізбеу тәрізді міндеттер жүктелген. Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен тұрғындардың көмегіне жүгіне отырып, жұмысты оңтайлы ұйымдастыру міндеттелген.

Мұнда келісім-шарт негізінде уақытша мерзімді әскерилер қызмет жасайды. «Қызылқұм» шекара заставасына берілген аумақ 191,65 шақырымды құрайды. Шекара бөліміне жауынгерлік ту табысталған. Өзбекстан мен Қазақстан шекарасына нақтылау жұмыстары жүргізіліп, 58 шекара белгісі орнатылған. Жанқожа батырдың жатқан жері 1940 жылдары КСРО-ның әкімшілік картасына негіз болған, яғни Қазақстан мен Өзбекстанның шекарасы ретінде белгіленген.

Бірі білсе, бірі білмес дерек, негізінде шекара сызығы дәл Жанқожа батыр жатқан биік төбені қиып өтеді. Көзінің тірісінде-ақ аңызға айналған батыр кейінгі ұрпаққа атақонысты қадірлеп, кірпік қақпай күзетуді мирастағандай. Әлі күнге батыр баба шекарашылармен бірге ел қауіпсіздігін қорғап тұрғандай сезім ұялатады. Бұл күні-түні ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғап жүрген сарбаздарға асқақ рух, айбат беріп, жігерлендіре түсері сөзсіз.

2020 жылы шекара қызметі бойынша өткізілген ауқымды реформаның аясында 2019 әскери бөлімі ҚР ҰҚК шекара қызметі Қызылорда облысы бойынша департаменті болып өзгертілді.

Департаменттің Жанқожа батыр атындағы шекара бөлімшесінің бастығы, аға лейтенант Ілес Бексұлтанның мәліметінше, мұнда келісім-шарт бойынша әскери қызметшілер қызметі  вахталық әдіспен ұйымдастырылған.

Бөлімшедегі жауынгерлік қызмет 20 күнге созылып, 10 тәулік демалыс беріледі. Демалыстың арқасында жеке құрамның моральдық-психологиялық жағдайы тұрақты. Олардың қызмет етуге деген ынталарын айтарлықтай арттыруға негіз болды. Жеке құрамның өз уақытында демалысқа шығу сұрақтары оң шешімін табуда. Шалғайда орналасқан шекара бөлімшелеріне қызығушылық арта түскен.

Өңірдегі шекара бөлімшелерін жаңарту бойынша атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың нәтижесінде Жанқожа батыр атындағы шекара бөлімшесі де жаңа модульдік типтегі ғимаратқа көшкен. Ондағы ғимарат бірнеше блоктан тұрады. Жатын казармалық бөлме, жуынуға арналған орын, дәретхана, қару-жарақ сақтау бөлмесі және қызметтік орындар бар.

Мұнан бөлек, наубайхана жеке құрамды күніне 100-ден астам ыстық нанмен қамтамасыз етеді. Жаңа бөлімше медициналық кабинетпен, тұрмыстық және дербес серверлік бөлмелермен жабдықталған. Бөлімше бойынша кезекшінің  орны барлық қауіпсіздік талаптарына жауап беретін заманауи құралдармен қамтылған.

Сапалы материалдардан салынған ғимарат қатты жел, боран, топырақ және құм қозғалыстарына төтеп береді. Қыс айларында жылуды сыртқа жібермей бойында ұзақ уақытқа дейін ұстап тұра алады. Жаздың аптап ыстық күндері керісінше салқын температураны сақтайды. Арал теңізі өңірінде мұндай мүмкіндіктің болуы аса маңызды. Себебі аймақтың ауыр климаттық жағдайы белгілі.

Ғимараттың өрт, экологиялық және санитарлық қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілген әрі эстетикалық жағынан заманауи, сәнді. Бір сөзбен айтқанда, шекара бөлімшесі жеке құрамының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары айтарлықтай жақсара түскен. Айтпақшы, әкімшілік ғимараттың қасында әскери қызметшілердің отбасыларына арналған пәтерлер бар. Олардың барлығы тұрмысқа және қызметке қажетті жиһаз, техникалармен жабдықталған.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<