Шектеулерді сақтауға міндетті

354

0

Мемлекеттік қызмет туралы заңнамада мемлекеттік қызметшілерге негізгі міндеттері мен шектеулерді сақтау айқындалған. Бұл талаптар ҚР «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 10-бабында көзделген.

Заңның 13-бабы, 1-тармағы 2) және 3) тармақшаларына сәйкес педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтi қоспағанда, басқа да ақы төленетін қызметпен, кәсiпкерлiк қызметпен айналысу, оның iшiнде коммерциялық ұйымды басқаруға тiкелей қатысу мемлекеттік қызметшінің лауазымдық өкілеттіктеріне кiрмейді. Ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, коммерциялық ұйымды басқаруға қатысуға құқылы емес.

Ал Заңның 61-бабы 1-тармағы 9) тармақшасына сәйкес өзіне заңды түрде тиесілі ақшаны, облигацияларды, ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын, сондай-ақ мүліктік жалдауға берілген мүлікті қоспағанда, коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы меншiк құқығымен тиесілі үлестерді, акцияларды (акцияны) және пайдаланылуы кірістер алуға әкелетін өзге де мүлікті сенiмгерлік басқаруға бермеуi мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң мемлекеттiк қызметтi тоқтатуына негіз болып табылады.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері мемлекеттік қызметшілерінің меншік құқығымен тиесілі мүліктерін сенімгерлік басқаруға беруіне, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметпен айналыспауына талдау жұмыстарын жүргізді.

Облыс бойынша «Азаматтарға арналған Үкімет мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ-дан жаңадан қабылданған мемлекеттік қызметшілердің коммерциялық ұйымдарда жарғылық капиталының үлестері, акциялары және пайлары тіркелгені немесе тіркелмегені туралы ақпарат сұратылды.

Сонымен қатар, облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне мемлекеттік қызметке кірген мемлекеттік қызметшілердің тізімі жолданып, дара кәсіпкер ретінде тіркелгені немесе тіркелмегені туралы ақпаратқа сұраныс берілді.

Талдау барысында 407 мемлекеттік-әкімшілік қызметші қамтылып, 4 қызметшінің шектеулерді сақтамағаны анықталды. Соның ішінде, 3 адам коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы үлестерін сенiмгерлiк басқаруға бермеген, 1 адам кәсiпкерлiк қызметпен айналысқан.

Талдау анықтаған деректерге сәйкес тиісті шаралар қабылдау жөнінде мемлекеттік орган басшыларына хаттар жолданып, мәселе Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында қаралды. Кеңес шешімімен заң бұзушылықтарға жол берген мемлекеттік қызметшілердің қандай да бір табыс таппағанын және сенімгерлік басқаруға беретін мүліктері жоқтығы ескеріліп, олардың тәртіптік жауапкершілігін қарастыру ұсынылды.

Мемлекеттік қызметке кірем деуші үміткерлер осы шектеулерді жадында ұстағаны абзал.

Т.НҰРТАЕВ,

 ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша

департаментінің басқарма басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<