Майдангер әулеті марапат биігінде

492

0

«Отан отбасынан басталады» деген халқымыз қашанда отбасының береке-бірлігін сақтауды өсиет еткен, жарасымды жұптарды үлгі тұтып, өсіп-өнген, өнегелі шаңырақты насихаттаудан  жаңылған емес. Республика көлемінде өтетін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы – осы мақсаттағы шаралардың бірегейі. 2014 жылдан бастау алған байқау ұлттық болмысты бойына жиған, отбасы құндылықтарын дәріптеуге үлес қосып жүрген талай өнегелі отбасыны елге танытуға мүмкіндік беріп келеді.

Дүйсенбіде отбасы құндылықтарын дәріптеген, шаңырақтың шырайын кіргізіп, түтінін түзу ұшырған өнегелі отбасылардың тағы бір легі марапат биігінен көрінді. Нақтырақ айтқанда, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысқан үлгілі отбасылардың қатары толықты.

«Достық үйінде» өткен ұлттық байқаудың облыстық жеңімпаздарын марапаттау салтанатында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жеңімпаздарды құттықтап, елімізде түп-тамырын ұлттық құндылықтардан алатын отбасы институтының орны ерекше екенін айтты. Бірлікті берік ұстанған, берекені еңбектен тапқан әулеттерге құрмет көрсетті.

–       Әуелден отбасы құндылығына аса мән берген қазақ үшін Отан, шаңырақ – ең киелі, құдіретті ұғым. Ал отбасы – мемлекеттің іргетасы. Оның берік әрі нық болуы – елдің дамуы мен келешегінің өлшемі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Халқымыз қай заманда отбасы дәстүрін берік ұстанып, қадірлей білген. Үлкенге құрмет, кішіге ізет – біздің қанымызға сіңген қасиет. Әрбір азаматтың адамгершілік болмысының қалыптасуына отбасындағы ахуал айрықша әсер етеді. Сондықтан мемлекет әр шаңырақтың әл-ауқатын арттырып, әр азаматтың өсіп-өркендеуі үшін барлық жағдайды жасайды» деген болатын.

Бүгінде отбасыларға қамқорлық пен көмек үздіксіз көрсетіліп келеді. Ана мен баланы қорғауға арналған қаржы, көпбалалы отбасыларына берілетін мемлекеттік жәрдемақылар көлемі жыл сайын өсуде. Қазір облыста 17 мыңға жуық «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлері, 34 мыңға жуық көпбалалы отбасы бар. Ай сайын 2 млрд 484 млн теңге мемлекеттік жәрдемақы төленуде, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, аймақ басшысы балаларға жасалып жатқан игі шараларға да тоқталды.

– Жылдағы дәстүрмен балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға айрықша назар аудардық. Биылғы жаз мезгілінде жергілікті бюджет есебінен аймақтағы 9 тынығу лагеріне 8 мыңнан астам баланың демалысы ұйымдастырылды. Демеушілердің қолдауымен 3000-нан астам өрен еліміздегі алдыңғы қатарлы  лагерьлерде тынығуда. Бұдан бөлек, 98 мың бала мектеп жанындағы күндізгі лагерьлерде демалды. Өздеріңізге белгілі, «Балалар жылы» аясында аймақта ауқымды жұмыстар атқарылды. Балдырғандарға тарту ретінде демеушілер есебінен Қызылорда қаласы мен аудандардан құны 1 млрд 600 млн теңгеге 80 спорт-ойын алаңы салынды. Былтыр қалада көпбалалы отбасыларға пәтерлердің кілті табысталды. 19 балабақша, 6 мектеп ел игілігіне  берілді. Бұдан бөлек, Қызылорда қаласы мен Қармақшы ауданында дарынды балаларға арналған 150 орындық екі мектеп-интернат, Жалағашта 250 орындық Оқушылар сарайы мен Өнер мектебі ашылды. Президент бастамасымен жүзеге асырылатын «Жайлы мектеп» жобасы аясында алдағы үш жылда 21 жаңа мектеп салынады. Оның 10-ы жақын күндері басталып, келесі  оқу жылында пайдалануға беріледі. Қалғаны 2025 жылдың 1 қыркүйегінде балаларға тарту етілмекші. Қызылорда қаласында дарынды балаларға арналған физика-математика бағытындағы құны 7 млрд 900 млн теңгені құрайтын мектеп-интернаттың құрылысы басталды, – деп атап өтті аймақ басшысы.

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша шиелілік Асановтар мен қармақшылық Көбеевтер жүлделі ІІІ орынды, Қазалы ауданынан қатысқан Бөлебаевтар әулеті ІІ орынды иеленді. Сырдария ауданының Үмбетаевтар отбасы І орын иемденсе, қазалылық Смағұловтар отбасы бас жүлдеге лайық деп танылды.

Байқауда жеңімпаз атанған отбасының үлкені, мәуелі бәйтерегі Қабақ Смағұлұлы – Ұлы Отан соғысының ардагері. Қан майдандағы ерлігі үшін түрлі деңгейдегі ордендермен марапатталған. Соғыстан кейін 40 жыл есеп саласында еңбек еткен, Қазалы ауданының Құрметті азаматы. Ардагердің 10 баласы бар, әулетінде 22 немере, 32 шөбере, 2 шөпшегі өсіп келеді.

Облыс әкімі жеңімпаз атанған отбасыларға бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдар табыстады.

Айта кетейік, биыл байқауға өңірімізден 304 отбасы өтінім білдірген. Қала және ауданда байқау ережесіне сәйкес келетін 16 отбасы іріктеліп, облыстық кезеңге өтті. Комиссия мүшелері 11 отбасыны іріктеп, оларға жүлделі орындар мен номинациялар тағайындады. Бас жүлдеге ие болған отбасының құжаттары республикалық кезеңге жолданады.

Жалпы ұлттық байқау басталған 10 жылға жуық уақытта оған облыс бойынша 2200-ден астам отбасы қатысқан. Қызылорда облысы байқауға қатысушылар белсенділігі жөнінде республикада екінші орынға тұрақтаған. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының республикалық кезеңінде 2016 жылы Сыздықовтар отбасы жеңімпаз атанса, 2018 жылы Ишанқұловтар отбасы, 2019 жылы Қиянбековтер отбасы, 2021 жылы  Әбілдашовтар отбасы, 2022 жылы Байжановтар отбасы жеңімпаз болып танылды.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<