Кәсіпкерлік – экономиканың драйвері

466

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға арнаған кезекті дәстүрлі Жолдауын жолдады. Ол «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» деген атпен жарияланды. 

Биылғы Жолдау айрықша мәнге ие деп айтар едім. Өйткені былтырғы тарихи құжат  Әділетті Қазақстанды құруға бағытталса, биыл сол әділетті мемлекеттің экономикасын дамытуға, ілгерілетуге арналып отыр.

Мен экономист ретінде  Жолдаудың осы салаға бағытталғанына қуандым. Өйткені экономика дамымай елде табыс та, түсім де молаймайды. Жалпы шағын және орта кәсіпкерлік экономиканың драйвері  саналады.

Экономиканың осы саласын дамыту кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл бағытта түрлі бағдарламалар қабылданды. Мәселен, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы өзінің тиімділігін көрсетіп, 2025 жылға дейін ұзартылды. Одан кейін 2019 жылы «Қарапайым заттар экономикасы» деген бағдарлама қабылданып, оның аясында да шағын және орта бизнеске қолдау көрсетілді. Жолдауда екі мемлекеттік бағдарламаны біріктіріп, кешенді  бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Бұл – жағымды жаңалық. Себебі, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, оны қолдау біздің елде бірнеше мәселені шешеді. Атап айтқанда, ол – жұмыссыздық мәселесі, ол – салық саясаты.

 Президент өңдеу өнеркәсібінің дамуына тоқталды. Нақтырақ айтқанда, Мемлекет басшысы өнім өндіріп ғана қоймай, оны өңдеп, экспортқа шығару жағын дамытуды тапсырды. Осы орайда Президент: «Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет. Біз ел тағдыры үшін айрықша мәні бар бірқатар жобаны жүзеге асыруымыз керек. Экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды міндетке айналуда. Бұл ретте металды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға айрықша назар аударған жөн. Басқаша айтсақ, жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру керек. Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті. Бұл – біздің экономикамыз өзгелер үшін жабық деген сөз емес. Экономикамыз басқа елдерге әрдайым ашық болуға тиіс. Бірақ ұлттық бизнестің мүддесін қорғау керек»,– деп нақты айтты. 

Биылғы Жолдау мемлекетіміздің  жарқын болашағына, қуатты елге айналуға деген  сенімді арттыра түскені анық.

Қамар Бекетова,

экономика ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<