Арманы асқақ Айнұр

6468

0

Кент әкімдігінің екінші қабатында орналасқан біздің қоғамдық ұйымға Айнұр есімді қыз бала келді. Есікті ашып, қолтығына демеу болған қос балдақпен, жүргеннен гөрі жылжуға жақын қозғалыспен бөлмеге кірді. Біз ұсынған орындыққа асқан қиындықпен әрең отырғанының өзінен-ақ, оның осы екінші қабатқа қалай көтерілгенін көз алдымызға елестетіп үлгердік. Түрлі мәселе төңірегінде әңгіме өрбіте бастағаннан-ақ, бойжеткеннің қимыл-қозғалысы шектеулі болғанымен, ақыл-ойы мен арман-қиялының шегі жоқ екеніне көз жеткізгендей болдық.

Әлі күнге дауасы табыла қоймаған дерті үш жасында белгі беріпті, бірақ ота жасау жеті жасында ғана мүмкін болған. «Жамбас ұршығы шығып кеткен» деген диагноз қойылуына байланысты бала болып ойнауына, жүгіруіне тыйым салынғандықтан алаңсыз, қам-қайғысыз балғын балалықта есесі кеткені анық. Алғашқы ота сол ұршық салу үшін жасалғанымен, сәтсіз болғаны себепті, бір аяғы қисық болып, балдақсыз жүріп-тұру мүмкін болмай қалған. Кейін аяғын түзеу үшін жасалған, Айнұр тіпті санынан жаңылысып қалған сәтсіз оталардан есінде қалғаны туған күні 23 қыркүйекпен сәйкес келген. 13 жасқа ғана толса да, тағдырына жазылған сындарлы сынаққа саналы түрде көнуге шешім қабылдаған күн еді. Наркоздан кейін есін жиып, көз жасына ерік берген. Соңғы ота 2018 жылы отыз жасында жасалыпты, әттеген-ай, өкінішке қарай тағы да сәтсіз.

 Елгезек, зерек, білімге құштар Айнұрдың қатарластары мектеп табалдырығын аттағанда аурухана табалдырығын аттаған қаршадай қыздың алғашқы ұстазы да, жанында бәрінен көп болған да атасы еді. Кітапқа құмар атасы қисса, дастандарды, батырлар жыры, аңыз әңгімелерді нақышына келтіре, мәнерлеп оқумен қатар, өлеңдетіп жатқа да жырлайтын. Соның бәрін Айнұрдың бойына сіңірумен бірге, жазу, сызуды да үйретіп, кітапқа қызығушылығын оятқан да атасы болатын.

Жалпы қыз балаға тән ұяңдықтан бөлек, денсаулық жағдайының шектеулілігі Айнұрды жиырма бес жасқа дейін төрт қабырғадан әрі асырмады. Қоғамға етене араласа алмауына негізгі себеп болыпты. Ойланды, толғанды, жағдайы өзінен де мүшкіл жандардың қоғамның қалтарыстарында қалып қоймауы үшін ерлікке пара-пар әрекет жасап жатқанын көрді. Кез келген қиындықтың артында үміт бар екенін ұғынды. Әрине, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға мемлекет тиісінше қамқорлық жасап келе жатқаны рас. Қамқорлықтың кемшін тұстары жетерлік екені де өтірік емес. Бірақ жасыратыны жоқ, қазіргі қоғамда «біздің мүмкіндігіміз шектеулі, қоғам да, мемлекет те үнемі біздің жағдайымызды жасап отыруы керек» деген түсінік қалыптасып кеткен. Айнұр ерекше мұқтаждығы бар жандар қатарына жатса да, мұндай масылдық түсініктен саналы түрде бас тартты. Алғашқы қадамын бойын билеген қорқынышын аттап өтуден бастаса, келесі қадамы «Қызылорда қайырымды жандары» еріктілер тобының есігін қағуға алып келді. Топ басшысы да, еріктілер тобы да тағдырлы қызға түсіністікпен қарап шеттетпеді, өзімсініп ортаға тартты, осылайша ерікті болып шыға келді. Аталған топтың алғашқы жобасы «Әлем сізбен әдемі» деп аталып, Қызылорда қаласындағы мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту орталығында елуден аса ем алушы қыз-келіншектерге тегін салон қызметін ұсынудан басталды. Бұл – бір реттік емес, бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келе жатқан жоба. Келесі жобалары «Озат, білгір, алғыр» деп аталды, мақсаты – тұрмысы төмен отбасында өсіп келе жатқан мектеп жасындағы балаларға түрлі үйірмелерге тегін қатысу мүмкіндігін сыйлау. Айнұр Аңғысынқызы Жалиева осындай жобалардың басы-қасында жүргенін мақтан тұтады.

– Мұқтаждығы бар жандардың қоршаған ортада, қоғамда еркін жүріп-тұруы үшін әлі де түрлі қиыншылықтар жетерлік, – дейді Айнұр Аңғысынқызы, – бұл айтқаным тек пандус, жолақтар, дабыл қондырғылары туралы ғана емес, оларға арналған көліктер, вагондар, тағы басқа қажеттіліктер туралы да. Қазіргі күннің өзінде аталғанның бәрі бар деп естимін, бірақ оларды пайдалану көптеген мұқтаж жандар үшін мүмкін еместей көрінеді. Былтыр Алматыға емге баруға жиналып, арнайы вагонды пайдалануға әрекет жасап көрдім. Алайда оның құжат жинау машақаты да аз емес. Тек өзім ғана емес, күтушімнің де бірталай құжат жинауына тура келеді екен. Осы сынды және өзге де әурешіліктер азайса екен деймін. Өзім қолөнермен айналысамын, түрлі бұйымдар жасаймын, сурет саламын, кітап оқуға құмармын. Мұқағалиды оқығанды ұнатамын, бірақ менің санамда төңкеріс жасаған Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» және Әкім Ысқақтың «Адам іздеп жүрмін» атты кітаптары. Блогермін, әлеуметтік желілерде күнделік жүргіземін. Осыдан біраз бұрын «Массагет» атты сайт жұмыс жасады, сол жерде шағын блогым болды. Аудандық, облыстық өлең, монолог оқу сайыстарына қатысып тұрамын, психология, аударма сынды салаларды меңгеру үшін түрлі курстардан өтіп тұрамын. Тағы бір тілегім, радио мен телеарналарда талантты, дарынды мүмкіндігі шектеулі жандардың қабілетін кеңінен насихаттайтын бағдарламалар көбейсе екен. Ерекше жандардың өзін толыққанды қоғам мүшесі ретінде сезінуіне даңғыл жол ашылса деймін. Өз басым денсаулықтың ізінде жүремін деп арнайы білім ала алмасам да, үнемі ізденіс үстіндемін. Шамам келгенінше ешкімге масыл болмай, қоғам өмірінің көш-керуеніне ілесуден үмітімді үзгім келмейді, – дейді ол.

 Арманы асқақ Айнұрға ақ жол мен шексіз мүмкіндіктер, үкілі үмітінің орындалуы жолында қайтпас қажыр-қайрат тілейік.

 Әлімжан ҚИЯС,

 Әйтеке би кенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<