Азаматтық қоғам – ашық диалог алаңында

287

0

Кеше «Азаматтық қоғам және мәдениет: Қазақстанның жаңаруы бағытындағы құндылықтар мен басым бағыттар» тақырыбындағы XI облыстық азаматтық форум өтті. Форумның облыс әкімдігінде өткен пленарлық отырысына аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев қатысты. Іс-шарада сөз сөйлеген облыс әкімі өңірдегі ауқымды жобалар туралы баяндап, ҮЕҰ-ның аймақтың қоғамдық өміріндегі маңызды рөлін атап өтті.

– Өңірдегі үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңес, жүзеге асырылатын жобалардың өзектілігі мен тиімділігін бағалау мақсатында сарапшылық топ жұмыс жасауда. Облыстық және аудандық әкімдіктер жанындағы кеңестер мен комиссиялар құрамында 150 үкіметтік емес ұйым өкілдері бар. Өңіріміздегі келелі мәселелерді ашық талқылап, өткір ұсыныстар беретін облыстық қоғамдық кеңес 100 пайыз азаматтық қоғам өкілдерінен қалыптасты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қоғамдық ұйымдар саны 15 болса, бүгінде олардың қатары 1100-ге жетті. Оның 500-ге жуығы өңірдің қоғамдық-саяси, рухани-мәдени дамуына белсенді араласуда. Бұл азаматтық сектор негіздерінің күшейіп, жауапкершілік пен белсенділіктің артқанын көрсетеді, – деді Н.Нәлібаев.

Жыл сайын мемлекеттік тапсырыс арқылы азаматтық қоғам құрылымдарына қаржылай қолдау көрсету көлемі ұлғайып келеді. Кейінгі он жылда қаржыландыру көлемі 7 есеге артты.

Сондай-ақ, аймақ басшысы алдағы уақытта өңірдің әрбір ауданында музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер үйі, жастар орталықтары, азаматтық қоғам өкілдері мен тарихи-мәдени, рухани ұйымдарды біріктіретін типтік үлгідегі руханият орталықтары салынатынын айтты. Қазіргі уақытта жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде. Жақын күндерде конкурс жарияланып, жыл аяғына дейін жеті ауданда бір мезетте жеті ғимарат құрылысы басталады.

Форумды Қызылорда облысының үкіметтік емес ұйымдарының альянсы ассоциациясы заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Анар Ізден жүргізді. Спикер азаматтық қоғам және мәдениет тақырыбын өңірлік ҮЕҰ өкілдері Қазақстанның мәдени трансформациясының маңыздылығына қатысты шындықты ескере отырып, өзекті қоғамдық мәселелердің шешімін бірлесіп іздеуге азаматтардың белсенді қатысуын күшейтуді, достыққа негізделген азаматтық қоғамды құруды және мәдени демократиялық қоғамды бейбітшілік мәдениеті арқылы дамытуды қамтамасыз ету мақсатымен таңдағанын атап өтті.

Жиынға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов, Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі, облыстық мәслихат депутаттары, басқа өңірлердегі, өз аймағымыздағы азаматтық қоғам ұйымдарының жетекшілері, зиялы қауым, жастар, мәдениет саласының мамандары мен Қазақстанның Азаматтық альянсы президенті Бану Нұрғазиева арнайы қатысты.

Іс-шарада Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемов форум жұмысына сәттілік тілеп, елімізде қолға алынған маңызды жобаларды атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік сектордың халықтың алдындағы ашықтығын, жұмысының айқындық қағидатын қалыптастыру мақсатында Үкіметтің алдына нақты міндеттер қойды.

Осыған байланысты елімізде Қоғамдық бақылау туралы заң қабылданып, азаматтық қоғамның мемлекеттік басқару істеріне араласуына тағы да бір прогрессивті қадам жасалды.

Қоғамдық бақылау нормалары елімізде бұрын да Су кодексі, Экологиялық кодекс, Денсаулық кодексі секілді бес кодекс пен сегіз заңда болды. Бірақ азаматтық қоғамды мемлекеттік басқару істеріне араластыратын, олардың жұмысын жүйелейтін ортақ құқықтық базаның болмауы көп кедергі келтіріп келді. Мен Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесімін. Қоғамдық бақылау туралы заңның жұмысшы тобын басқардым. Жалпы, заң азаматтардың мемлекеттік істерге араласуына кең мүмкіндік беріп отыр, – деді Руслан Рүстемов.

Жиында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Гүлбара Сұлтанова биыл өткізіліп келе жатқанына 20 жыл толған азаматтық форумның жалпыұлттық серіктестік және ашық диалог алаңына айналғанын атап өтті. Сондай-ақ елімізде, оның ішінде аймағымызда азаматтық қоғамды дамыту бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды.

– Қызылорда облысында үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік тапсырыс көлемінің өскені байқалады. Биыл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық немесе 83 пайызға ұлғайған. Сонымен қатар аймақта мемлекеттік тапсырыс бойынша келесідей проблемаларды атап өтуге болады. Біріншіден, ұзақмерзімді жобалар жүзеге асырылмайды. Нәтиже болуы үшін, жобалар ұзақ мерзімді қамтуы керек. Сондай-ақ жобалардың 70 пайыздан астамының тақырыптары жылдан жылға қайталанады. Оны да қайта қарау, әр жобаның халыққа тиімділігін қарастыру керек. Әлеуметтік маңызы жоқ, бір реттік, ұсақ, сондай-ақ спорттық шаралардың қаржыландырылуы байқалады, – деді Гүлбара Сұлтанова.

Сондай-ақ форумда жырау, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов мәдениет саласы мен Сыр бойындағы дәстүрлі өнерді дамыту мәселесіне тоқталды.

– Сыр елінде жыршылық, жыраулық дәстүр атадан балаға мұрагерлік сипатта дамып, бүгінде ұлтымыздың рухани мұрасына айналды. Біз өнерді дамыту үшін, ұрпаққа сіңіру үшін алдымен ата-бабамыздың қалдырған қазынасына жол ашайық. Азаматтық қоғам соларға кеңістік ашуы керек, – деді Алмас Алматов.

Бүгінде Арал ауданында Нұртуған Кенжеғұлұлы атындағы ақын, жыраулар мектебі, Қармақшы ауданындағы К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйі, Шиелі ауданындағы Н.Бекежанов атындағы ән-жыр мектебінде жүздеген шәкірт жыршылық, ақындық, әншілік өнерге машықтануда. Дегенмен, халықтық өнерге  халықтық қамқорлық керек. Сонда ғана талантты жастардың жолы ашылып, рухани демеу алады.

Мұнан соң әлеуметтік жобалардың фандрайзинг саласындағы халықаралық тренер, аға эксперттік сеньор Норберт Штольдт форум жұмысына сәттілік тілеп, шараның азаматтық сектор, мемлекеттік органдар, бизнес құрылымдары, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының ашық диалогын дамытудағы маңыздылығын ерекше атап өтті.

Сонымен қатар, «Кітап құрттары» қозғалысының лидері Талғат Меңдібаев мақсат-міндеттері мен алдағы жоспарларын таныстырды.

– Азаматтық қоғамның даму индексін арттыру – елдің тұрақты дамуының кепілі. Қазіргі таңда елімізде азаматтық қоғамның белсенділігі арқасында көптеген мәселе шешімін тез табуда. Бірақ азаматтық қоғам деген түсінікті көбінесе белгілі бір жобаларды жүзеге асырушы ұйымдармен байланыстырады. Мысалы, қоғамдық бірлестіктер мен қоғамдық қорлар. Үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік тіркеуден өтіп, құжатын алуы оны қоғамдық ұйым етпейді. Сонымен қатар, көп қоғамдық бірлестіктер өздеріне қаражат бөліп немесе басқаша қолдау білдірген мемлекеттік мекемелермен және бизнес өкілдерімен жақсы қарым-қатынас құрып, азаматтық қоғамның негізгі мақсатына қарама қарсы әрекет жасауда. Осы орайда азаматтық қоғамның өкілі ретінде тіркелмеген азаматтық бастамаларды да назарға алуды ұсынамын. Ол – әлемдік тәжірибе. Біз барлығымыз қоғамның өкілі болғаннан кейін, қоғамнан тыс өмір сүре алмаймыз. Сондықтан жергілікті атқарушы билік пен азаматтық қоғамды зияткерлік және ғылыми бағыттағы жобаларға назар аударуды ұсынамын, – деді Талғат Меңдібаев.

Жиынды қорытындылаған Қазақстанның Азаматтық альянсы президенті Бану Нұрғазиева өңірде жүзеге асырылған игі бастамаларға қолдау білдіріп, әріптестерінің жұмысына сәттілік тіледі.

Форумның пленарлық отырысының соңында түрлі бағыттарда табысты қызмет етіп, өңірдің қоғамдық дамуына белсене атсалысқан азаматтар марапатталды.

Форум «Әлеуметтік өзгерістер жағдайындағы қазақстандық қоғамның әлеуметтік-мәдени капиталы», «Қазіргі азаматтық қоғамның мәдениеті: бұқаралық және ұлттық құндылықтардың қайшылықтары», «Әртүрлі әлеуметтік топтардың мәдени құндылықтары мен қажеттіліктерін қамтамсыз ету мақсатында азаматтық қоғам институттарының тұрақтылығын дамыту» тақырыптары бойынша диалогтық форматтағы секциялық жұмыстарға ұласты.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<