Реформалардың түпкі мақсаты – халықтың өмірін жақсарту

334

0

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырдағы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауы еліміздің саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуының кешенді жол картасы десек болады. Құқықтық тұрғыдан алғанда, Мемлекет басшысы ұсынған реформалар мен бастамалар әділеттілік, заң үстемдігі принциптеріне адалдықты көрсетеді.

Осы ретте билік тармақтары арасында оңтайлы тепе-теңдік орнатуға бағытталған бұған дейін жүргізілген саяси реформалар туралы айта кеткен жөн. Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасында-ақ бұл бағытта айқын міндеттер қойды. Ал былтыр наурыздағы Жолдауында түбегейлі саяси реформалар туралы айтты.

Бұл, әсіресе Қазақстанның ықпалды Парламент пен есеп беретін Үкіметі бар жағдайында өзекті болып отыр. Бұл реформалар биліктің бір қолға шоғырлану қаупін азайтады. Атқарушы биліктің әрекетін заң шығарушы және сот органдарымен тексеруге мүмкіндік береді. Мұндай жүйелік тетіктер әрқашан ашық, есеп беретін және әділ басқару құрылымын құруға ықпал етеді.

Соның ішінде ең маңыздысының бірі – саяси партиялар туралы реформа. Жаңа партияның тіркелу процедурасы жеңілдеді. Нәтижесінде жаңа саяси партиялар өмірге келді. Халықтың мейлінше қоғамда болып жатқан құбылыстарға белсене қатысуы, өзінің азаматтық позициясын көрсете білуі, мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға атсалысуына жағдай жасалуда.

Тағы бір маңызды өзгеріс – Конституциялық реформа. Бұл бастама еліміздің мемлекеттік құрылымының тұғырын нығайтады. Сондай-ақ азаматтық қоғамның дамуына жол ашады, жалпыұлттық диалогты орнықтырады. Түптеп келгенде, бұл қадамдар халықтың әл-ауқатын арттыруға және еліміздің болашағын баянды етуге ықпал етпек.

Жуырда Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Үкімет қайта жасақталды. Осылайша, ауқымды саяси өзгерістің алғашқы кезеңі сәтті өтті деуге болады. Біз билік тармақтарының тепе-теңдігін орнықтырдық. Бұл бастамалар көп ұзамай еліміздің саяси жүйесін ғана емес, әр саласына, әсіресе халықтың әлеуметтік жағдайына, тұрмыс салтына, азаматтық қоғамның қалыптасуына оң әсер етері сөзсіз.

Енді еліміздегі қоғамдық-экономикалық қатынастарды қайта құруымыз керек. Жұртшылық бұл реформаларға зор үміт артып отыр. Сондықтан біз нақты іс-шараларға баса мән беруге тиіспіз.

Бұл ретте, облыс халқының азаматтық белсенділігі көтеріліп келеді. Былтырғы жалпыхалықтық референдумға, Президент сайлауына қатысу көрсеткіші бойынша аймағымыз республикада алдыңғы орында болды. Азаматтық белсенділік осыдан көрінеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстандағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізетін құжатқа қол қойған болатын. Тың өзгерістер ауыл әкімдерінің сайлауын өткізуге жол ашты. Елдегі әділ сайлау ауылдағы әкімді таңдаудан басталар деген үміт бар. Себебі бұл бастама да оң өзгерістерге жол ашып отыр. Халықтың әлеуметттік жағдайы жақсарып келе жатыр деп айтуға болады. Аймағымыз ауызсу мәселесін шешу жөнінен де республикада алдыңғы орында. Облыс күні кешеге дейін экологиялық апат аймағы, әрі экономикалық тұрғыдан артта қалған аймақтардың бірі болып келді. Бірақ бүгінгі таңда Сыр өңірінде инфрақұрылым саласының өзінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Біздегі жағдай еліміздің өзге өңірлерінен әлдеқайда жоғары. Ауылдық жерлердің өзінде жылына бірнеше көшеден асфальтталып жатыр. Газдандыру саласында да облысымыз көптеген аймақтардан көш ілгері. Біздегі аудан орталықтарының бәрі «көгілдір отынға» қол жеткізді. Қазір ауылдық жерлерді газдандыру жүріп жатыр. Байланыс сапасы, интернетке қолжетімділік бойынша мәселелер әлі де бар. Бірақ, бұл мәселелер де кезеңімен шешімін табады деп сенеміз.

Осының барлығы – Мемлекет басшысының бастамалары аясында өңір басшылығы жүзеге асырып жатқан жұмыстар. Қазіргі таңда аймақ халқы игілігін көріп отырған оң өзгерістер.

Мысалы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің алдында тұрған басты міндеттің бірі – салауатты, саналы, білімді, ақыл-парасаты мол және ғылыми-мәдени өрісі кең ұрпақ тәрбиелеу басты реформаларының бірі екендігін ерекше атап өтті. Оны жүзеге асыру үшін Үкіметке білім гранттарының санын көбейту, шет аймақтарды білікті мұғалімдермен қамтамасыз ету және елімізде шетелдің озық университеттерінің филиалдарын ашу тәрізді тапсырмалар берді. Бұл дегеніміз, бір жағынан еліміздегі жоғары оқу орындарына зор міндет жүктесе, екінші жағынан бәсекелестікті арттырып, сол арқылы сапалы маман даярлауға жол ашады деген сенімдеміз.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Үкімет жасанды интеллектіні дамыту ісіне баса назар аударуға тиіс екенін айтты. Әлемде алдағы бірнеше жылда осы салаға бір триллион доллардан астам инвестиция салынады деген болжам бар. Жасанды интеллект оны дамыта білген елдердің ішкі жалпы өніміне айтарлықтай үлес қосуы мүмкін.

Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Президент кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керегін айтқан болатын. Осы жерде елімізде жасанды интеллектпен айналысатын алғашқы университет аймағымызда, Қорқыт ата университетінің базасында Сеул ұлттық ғылым және технология университетімен бірлесіп ашылмақ. Осылайша, аймағымыз Жолдаудан туындаған бұл міндетті алғаш болып қолға алып отыр.

«Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауда жарияланған экономикалық реформалар тұрғысынан жаңа экономикалық саясаттың әділдікке, инклюзивтілікке және прагматизмге баса назар аударуы экономикалық қызметті реттейтін әділ құқықтық базаның негізін қалайды. Мәселен, Президенттің экономиканы әртараптандыру және қуатты индустриялық база құру бастамасы жаңа жұмыс орындарын ашуға, табыс теңсіздігін азайтуға және әлеуметтік-экономикалық құқықтарды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл мақсаттар күшті заңнамалық негізде бекітілген болса, ұзақ мерзімді тұрақтылыққа ықпал ете алады.

Президент Жолдауында салық салу мәселелері талқыланып, салық жеңілдіктерінің көлемін қысқартып, салық органдары мен салық төлеушілер арасындағы өзара іс-қимылдың сервистік моделіне көшу ұсынылды. Осы ретте, халықтың Президент реформаларынан күтері көп десек, ең негізгі өзгерістердің бірі осы салық саласына қатысты екенін естен шығармаған жөн. Мысалы, Қазақстанда 58 мыңға жуық миллионер бар екен. Бұл ресми дерек. Сондай-ақ, 1,7 млн адамның айлығы 70 мың теңге көлемінде екені де белгілі болып отыр. Салық саласындағы реформа осы теңсіздікті азайтуға мүмкіндік береді деген үміт басым. Прогрессивті салық жүйесін енгізу туралы да айтылып жатыр.

Бұл ұсыныстар жыл соңында Парламент қарауына жіберілетін жаңа салық кодексіне енгізілсе, айқындық, әділеттілік және салық төлеушілерге тең қарау қағидаттарымен үндесіп, сол арқылы салық саясатын нығайта түсер еді.

Қорытындылай келе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталатынын айтты. Жалпы, Президент бастамалары аясындағы маңызды реформалар соңғы бірнеше жылдан бері іске асырылып келеді. Бұл қадамдар оңтайлы нәтижелерін бере бастады. Отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесу барысында да Мемлекет басшысы бизнес-қауымдастықты Жаңа Қазақстанның негізі болуға тиісті жаңа экономикалық саясатты қалыптастыру үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Жаңа Қазақстан деген нені білдіреді? Бұл кейбір сарапшылар ұсынғандай, мемлекеттік аппаратты жаңарту ғана емес. Бұл – ең алдымен, қоғамдық құндылықтарды қайта жаңғырту. Жаңа Қазақстан – жаңа міндет, ортақ мұрат. Оған қол жеткізу үшін әрбір азамат өз саласында сапалы еңбек етуге тиіс.

Баймырза ҚОЖАМБЕРЛИЕВ,

философия ғылымдарының докторы,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің

философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының профессоры

*сурет ашық дереккөзден

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<