Мұнай маңызы: Теңге құны көтеріле ме?

237

0

Таяу Шығыста болып жатқан оқиғадан ел хабардар. Осы тұста әлемдік басылымдар мұнайдың қымбаттауы мүмкін екенін жазуда. Табысының басым бөлігі «қара алтыннан» түсетін еліміз үшін бұл жаңалық елеусіз емес. Әсіресе, «мұнайдың қымбаттауы теңге бағамын нығайтады» деген түсінік бар. Сөздің шындығын бағамдап көрсек.

Үрейден туған үміт

Ең алдымен тоқталар дүние, Израильдегі қақтығыстан кейін Тегеран Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалын тоқтатуы мүмкін деген қауесет бар. Осыдан кейін мұнай тасымалын бақылауында ұстайтын трейдерлердің үрейі нарықты құбылтып жіберді. Ал бұл – Қазақстан үшін «мұнай қымбаттайды» деген үміт.

Айтпақшы, «Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыс салдарынан мұнай бағасы қымбаттап кетуі мүмкін» деген болжамды америкалық Bloomberg басылымы да жазды. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, баға бірден өспейді, өйткені «қара алтын» тасымалы әзірге шектелмек емес. Дегенмен басты фактор – бұл қақтығыстағы  ірі мұнай өндіруші және «Хамас» тобының қолдаушысы саналатын Иранның ұстанымы. Сондықтан Израильдің Иранға соққы беру қаупі трейдерлердің үрейін күшейте түсті. Себебі бұл елден әлемдегі сұйытылған табиғи газдың үштен бірі, жалпы дүниежүзілік мұнайдың шамамен 25 пайызы тасымалданатын стратегиялық нысан – Ормуз бұғазы өтеді. Ал осы уақытқа дейін ресми Тегеран тасымалды шектеу туралы бірнеше мәрте ескерткен. Бұған қоса АҚШ Иран мұнайына қарсы жаңа санкциялар енгізуі де мүмкін. Мұның барлығы нарықты теңселтпей қоймасы анық.

Жоғарыда келтірген Bloomberg басылымының сарапшысы Боб Макналлидің айтуынша, егер қақтығыс Иран аумағына ойысса, мұнай құны шынымен шарықтауы мүмкін. Бірақ маман әзірге бұның екіталай екенін жазыпты. Өткен айда Brent 100 долларға жуық қымбаттады. Трейдер Пьер Андуранд да қысқа мерзімде қақтығыстың нарыққа әсер етуі екіталай деп санаған, алайда уақыт өте келе ол бағаға әсер етіп, өсуіне себеп болуы мүмкін. Ал «Байділдинов. Мұнай» авторлық бағдарламасының жүргізушісі Олжас Байділдинов оқиғалар нарықты айналып өтпейтінін жеткізіпті.

«Таяу Шығыстағы Иранға және әлемдік нарықтарға мұнай тасымалданатын Ормуз бұғазын жабуға байланысты шиеленістің бір сценарийін былтыр көрдік. Ол кезде танкер жарылды, нарыққа әсер етті. Жағдай кез келген сәтте осылай өрбуі мүмкін, мұндай сценарий бар. Егер жағдай қайталанса оның әсері қысқа мерзімді болады. Бұл ретте трейдерлер мен инвестициялық банктердің үрейі күшейді. Иран «Хамас» тобының шабуылына көмектесті деген пікір бар. Бұл алдағы уақытта Иранға қарсы санкциялар күшейе түседі деген сөз. Аталған ел 20 жылдан астам санкциялар шеңберінен шыға алмады. Соған қарамастан Иранның мұнай саласы жұмысын жалғастыруда. Олар Үндістан, Қытайға шикізат тасымалдайды», – дейді сарапшы.

Маманның пайымдауына сенсек, Иранда санкция қысымының салдарынан мұнай өндірісі төмендеді. Бұл елдің нарықтағы орнын басқа елдер ала бастаған. Мәселен, қазір жағдай Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктеріне тиімді, яғни, Иранның нарықтағы үлесін осы елдер алуы мүмкін. Сондықтан нарыққа бірден ықпал ете қоймайды.

Әлемге белгілі Commerzbank сарапшылары Иранның тамыз айында тәулігіне 3,1 млн баррель мұнай өндіргенін алға тартқан. Бұл – АҚШ президенті Дональд Трамп тұсында мұнай секторына санкцияларды қайта енгізген 2018 жылдың күзінен бергі ең жоғары көрсеткіш. Оның экспорты шамамен 2 млн баррельге бағаланады.

Пайда бермейтін пайым

Әуелі мына нәрсені ескерейік: негізі «қара алтын» бағасы жиі құбылып, кейде құны біршама қымбаттап отырады. Мысалы, былтыр 7 наурызда Brent маркалы мұнай бағасы 2008 жылдан бері алғаш рет барреліне 130 доллардан асты. Бұрын мұнай қымбаттаса қазақстандықтар да «теңге нығаяды» деп қуанатын. Бірақ қазір бәрі керісінше. Неге?

Сол кезде біз мамандар пікірін сұрай келе, бір шындыққа көз жеткіздік: Мұнайдың қымбаттауы теңге құнының өсуіне әсер ете алмайды. Себебі қазір мұнай жеткізу бойынша мәселелер бар. Бұрын мұндай мәселе Таяу Шығыстан шыққан көп мөлшердегі мұнайдың әсерінен болса, қазір көршіміз Ресейге салынған санкциялардың кесірінен болып отыр. Көптеген мұнай өндірушілер, тасымалдаушылар Қазақстанның мұнайын Ресей шекарасынан өтетін құбырлар арқылы сатып алып келді. Енді олар Еуропа Одағы мен АҚШ тарапынан болатын қысымнан сескеніп, «мұнайды Ресей жақтан алсақ па, алмасақ па?!» деп күмәнданып отыр. Оған былтыр ресейлік мұнайды сатып алған Shell корпорациясының көпшіліктен кешірім сұрауы дәлел бола алады.

Тоқ етері, теңгенің құны тек мұнайға емес, Ресейдің рубліне де байланған. Егер бұрын Қазақстан мен Ресей ұлттық валюта бағамын ұстап тұру үшін кез келген жолмен субсидиялаған болса, қазір мұндай тәсілді қолдану қиын, себебі резервтегі қаржы аз. Мұнайдың қымбаттауы әуелі Украинадағы соғыспен

байланысты. Оған қоса, Ресейге салынған санкциялар рубльдің одан сайын құнсыздануына алып келді. Валюта халықаралық нарықтарда беделінен айырылды, сенім азайды. Ал оған байланған теңге де бірге құнсыздана береді. Шындығы һәм өкініштісі, Ресей – негізгі экономикалық серіктесіміз.

Мадияр Төлеу,

«Сыр бойы»

*Сурет ашық дереккөзден

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<