Ғасырға бір қадам

451

0

Дәстүрге сай аймақтың жер-жерінде диқан тойы басталды. Оның үстіне биыл өңірде ерекше мерейтой бар. Газетіміздің әр санында насихатталып келетін облыстың құрылғанына – 85 жыл.

Архивті түртсең, әртүрлі қолжазбалар алдыңнан шығады. Өткеннің өшпес таңбасын байқайсың. Жоғарыда айтқандай, облыс құрылып, тарихын қаттағанда, өңірдегі 7 аудан соның жеті тарауы іспетті. Бірақ біз білетіндей, кейбір аудан орталықтарының құрылу уақыты тым әріде. Өйткені, оған құжаттар дәлел.

Қош, облыстың мерейтойымен тұспа-тұс келген аудандар мерейтойын қалай ұмытамыз? Солардың қатарында төрт ауданға 95 жылдық аясында тоқталуды жөн санадық.

Қазыналы Қазалы

Осы жазда облыстық «Үлгілі елді мекен» байқауында жүлделілер қатарынан көрінген Қазалы ауданында 78 мыңға жуық халық бар. Ондағы тіршіліктің даму қарқыны жоғары. Жағымды жаңалық көп.

Иә, құрылғанына 95 жыл толған ауданның тарихы ілгеріде. Қала статусы бар Қазалының іргетасы 1853 жылы қаланды. Ал орта ғасырда Оғыз мемлекетінің астанасы болған Жанкент жері – облыс аумағында орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштердің ең көрнектісі.  Бұл топырақта Жалаңтөс пен Әйтеке, Жанқожа мен Ақтан, Ашабай мен Сырлыбай, Үмбет пен Ерімбет туған. Кеңестік кезеңде ауданнан 6 Кеңес одағының батыры, 5 Социалистік Еңбек ері шыққан.

Шығысында Қармақшы, оңтүстігінде Өзбекстан мемлекетімен, батысында айдынды Арал, солтүстігінде Қарағандымен шектесетін Қазалы егін және мал шаруашылығымен айналысады. «РЗА» АҚ, «Сыр маржаны», «Жалаңтөс батыр» ЖШС мен «Ақмаржан», «Мерей» сияқты көптеген шаруа қожалық табысты жұмыс істеуде.

Қазалыдан Ресей, Беларусь, Дания, Германия, Тәжікстан, Қытай, Нидерланд елдеріне өнім экспортталады. Бір мысал, былтыр ауданнан 2823 тонна күріш, 557 тонна балық өнімдері, 614 тонна қамыс жөнелтілген. Қазалының қара қауыны да, «Қазалы» атымен бренд болып қалыптасқан конфет пен сабын да жұртқа жақсы таныс.

Ауданда 19 кәсіпорын өнім өндіру және қызмет көрсетумен айналысады. «РЗА» АҚ, «Қамқорлокомотив» ЖШС-ның «Қазалы локомотив жөндеу зауыты», «Қазалы вагон жөндеу депосы» филиалы, «LCI-MK» ЖШС Қазалы филиалы, «Сыр маржаны», «Қазалы Жолшы» және «ҚазалыТеміржолжылу» серіктестіктері өз міндет-мүмкіндіктерін дұрыс атқарып келеді.

Қазалы халқы күріш өсірумен қатар, жер қарықтап, бақша егеді. Биыл да 6500 гектарға жуық Сыр салысын сеуіп, суға бастырған. Ал жалпы егіс көлемі – 17347 гектар. Оның ішінде бақша дақылдарынан бөлек, арпа, бидай, малазықтық және картоп, көкөніс өсіреді.

Сондай-ақ ауданда төрт түлік басында өсім бар. Одан шығар өнім де ұлғайыпты. Мемлекет қолдауымен атакәсіппен айналысқандардың жобалары қаржыландырылған. «Агробизнес», «Іскер» мемлекеттік бағдарламасымен бірнеше шаруашылық несие алып, мал басын көбейтіп жүр.

Қорқыт елі – Қармақшы

Аумағы облыстың 13,7 пайызын алып жатқан Қармақшы ауданының басты кәсібі – ауыл шаруашылығы. Мал өсіреді, егін егеді. Әсіресе, соңғысымен тұрақты айналысатын елді мекені көп.

Жалпы аудан орталығынан бөлек, бір кент пен 12 ауылдық округ болса, басым көпшілігі күріш өсіріп отыр. Әрі сол дақылды Қазақстан ішінде ғана емес, сырт елге экспортқа шығарып келеді. Сондай-ақ бақша егіп, өз-өзін қамтып отырған жұрт екенін айтсақ дейміз. Өнімін өзіне де жаратып, жәрмеңкеге де шығаратын қармақшылық диқандар кейінгі үш-төрт жылда бұл кәсіпті жақсы дамытып жүр. Ал төрт түлікті өсіруге құлшыныс танытқандар тіпті баршылық.

Округтік партия комитетінің әкімшілік-территориялық жағынан Қызылорда, Қазалы уездеріне аудандастыру туралы 1928 жылғы сәуірдегі қаулысы бойынша сол жылы Қармақшы өз алдына жеке аудан болды. Құжат бойынша 1928 жылы құрылды десек те, ел тарихы тым тереңде. Ауданның атауы жайлы дерек ХV ғасырдан бастау алады. Тарихшылар осылай дейді. Рухани құндылығы мол жердің киесін Шірік Рабат, Жетіасар, Қосқала, Баршынкент қалаларының орны, Қорқыт ата, Қармақшы ата, Марал баба, Сейтпембет баба мазарлары айқындап тұр.

Иә, дүниенің төрт бұрышы мен ғарыштық кеңістікті ұштастырып жатқан, түркі дүниесінің абызы, қасиетті Қорқыт баба мәңгілік қоныс тепкен, әулие-әмбилер мекені болған Қармақшы ауданынан бес Социалистік Еңбек Ері шықты. Қасымтай Ізтілеуов, Әділбек Хайруллаев, Сәлима Жұмабекова, Цай Ден Хак және Пак Чен Ир – халық шаруашылығының қарыштап дамуына өлшеусіз үлес қосқан еңбек ерлері.

Қармақшы жайын сөз еткенде аты әлемге белгілі Байқоңыр қаласын елемей өтуге болмас. «Жер кіндігі – Байқоңыр» деп текке айтылмаған, ғарыш айлағы адамзат баласы үшін өткен ғасырдың теңдессіз жетістігі саналады. Ғарышкерлер қаласының іргетасы 1955 жылы қаланған.

Сыр дақылы – күріштен мол өнім жинап жүрген қармақшылық диқандар биыл да сол үдеден шығуды мақсат тұтқан. Биыл аудан диқандары күріш, жоңышқа, жаздық бидай, мақсары, күнбағыс, арпа, құмай сияқты дақылдарды мол тастап, әртараптандыру ісін кеңейткен.

Қармақшы – жүз жырауы жыр жүзіктеген өнер өлкесі. Спорт пен білім саласындағы жетістік аз емес. Сонымен қатар, ауданда жастар саясатын жандандыру, жастар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді, мазмұнды ұйымдастыру жұмысы жолға қойылған.

Шырайлы Шиелі

1928 жылдың қыркүйегінде құрылған Шиелі ауданының шығысында алты Алашқа  белгілі ежелгі Сығанақ, Бестам, теріскейінде оңтүстікке иек артқан қарт Қаратау. Одан әрі Арқадан  бастау алып, Шиелі жеріне келіп тірелетін Сарысу өзені. Таңбалы тас.

Талай тарихи оқиғаның куәсіндей болған «Телікөл» де осы өңірде. Батысы облыс орталығының шекарасына иектесе, түстігінде байырғы өлке – Қызылқұм.

Шиелі десек егінші, егінші десек даңғайыр диқан Ыбырай Жақаев еске түседі. Жалпы еңбек адамының дәріптелуі, оның ішінде осы ауданнан 41 Еңбек ерінің шығуы жайдан-жай емес. Одан бөлек, М.Шоқай, Ш.Есенов, Н.Бекежанов, Ә.Тәжібаев сынды тұлғалардың шығуы – Шиелі жерінің тарлан саясаткер, даңғайыр диқан, зерделі ғалым, жезтаңдай әнші мен арқалы ақын тәрбиелеуде белгілі орын алатындығын дәлелдеп-ақ тұр.

Кейінгі жылдары ауданда кешенді құрылыстар, мектептер мен мәдениет үйлері, емхана мен спорт кешендері пайдалануға берілді, жаңа шағын аудандар ашылды. Заманауи технология негізінде түйе сүтінен шұбат, құрт шығаратын «Ару ана» кәсіпорны, жылына 1 млн 100 мың тонна цемент өндіретін «ГежубаШиеліЦемент» зауыты сынды ірі жобалар жүзеге асты. Ақмая, Жуантөбе, Жөлек, Еңбекші, Тұран, Бидайкөл, Керделі елді мекендерінде спорттық-сауықтыру кешендері пайдалануға берілді. Шиелі кентінің қос бетін жалғайтын теміржол үстінен көпір салынып, кептеліс мәселесі шешілді.

Мұнда аудан орталығынан бөлек, Шиелі, Ы.Жақаев, Бидайкөл, Байсын, Н.Бекежанов, Ш.Қодаманов, Ақмая және Алғабас ауылы толық «көгілдір отынға» қосылған. Биыл 6 елді мекенге газ құбырын тарту үшін қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүруде. Құбыр тартылатын ауылдар – Еңбекші, Жиделіарық, Алмалы, Ә.Тәжібаев, Досбол датқа және Бестам ауылы.

Жыл соңына дейін Байсын елді мекеніндегі құны 853,4 млн теңге болатын 250 орындық мектеп пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, келесі жылы Жансейіт ауылынан 100 орындық және білім беру ұйымдары базасын жақсарту үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен Шиелі кентінен 900 орындық мектеп құрылысын жүргізу жоспарлануда. Осындай оң бастамалар өзге де салаларға тән.

Жаңарған Жаңақорған

Оңтүстіктегі іргелі ауданның бірі – Жаңақорған 1928 жылы құрылған. 95 жылдық тарихында талай даму жолынан өткен ауданның кейінгі жылдары соны жаңалықтары жоқ емес. 17 ұлттың басын біріктірген мұнда 2 кент пен 24 ауылдық округ бар. Жергілікті халық мал өсіреді, егін егеді.

Өндіріс орындары да жетерлік. «Шалқия» кен орнында қорғасын, мырыш және әртүрлі фракцияда қиыршық тас өндіретін кәсіпорындар жұмыс істейді.

Әдетте, бұл аудан жайлы айтсақ, 1918 жылы негізі қаланған «Жаңақорған» шипажайы еске түсері анық. Әйгілі «Теріскен» көлінің табиғи қара балшығы мен минералды суы сүйек-буын және жүйке жүйесінің ауруларын, сондай-ақ ішкі ағзаны емдейтін қасиеті  жоғары. Ал ерте заманда бүкіл қазақ елінің басты қалалары болған Сығанақ, Өзгент, Баршынкент шаһарлары және Хорасан ата, Ақтас мешіті мен Айқожа әулие кесенелері осы ауданда орналасқан.

Биыл 36777 гектар жерге егін еккен жаңақорғандықтар нәтижесі жаман емес. Ауданда 485 шаруашылық құрылымы егін шаруашылығымен айналысады. Оның ішінде 175 шаруашылық күріш өсіріп келеді, сондай-ақ ауданда мал басында өсім бар. Әсіресе, ірі қара саны артқан.

Жаңақорған табиғи қазба байлықтары, яғни, уран, әктас және полиметалл кендерінің молдығымен ерекшеленеді. Кен өндіру саласында 10 мекеме болса, оның екеуі шетелдіктердің қатысуымен уран өндіреді. Ал жалпы ауданда 25 орта және шағын кәсіпорын тұрақты жұмыс істеуде. Мысалы, құрылыс материалдарын өндіруші кәсіпорындар әртүрлі фракциялы қиыршық тас, құмды тас қоспасы, доломит, әк, т.б құрылысқа қажетті заттарды шығарумен айналысады. Олардың қатарында «Управление автомобильных дорог» ЖШС, «КДСМ Қыран» ЖШС, «Сарман Тастақ Жаңақорған» ЖШС, «Премиум Класс-Строй» ЖШС және «Қуат Әк» ЖШС сынды т.б. өндіріс орындары бар. 

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<