Азаттыққа ұмтылыстың айғағы

440

0

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік егемендік туралы декларациясы Қазақ КСР-нің саяси трансформациясында шешуші рөл атқарды. Өткен жылы 13 жылдан кейін еліміз ұлттық мерекеге айналған Республика күнін атап өте бастады. Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның рөлі мен құндылығы, оның философиясы ең алдымен тарихи контекстпен тығыз байланысты. Өткен ғасырдың 1980 жылдарының соңы мен 1990 жылдардың басы Кеңес Одағындағы саяси өзгерістер, белгісіздік кезеңімен есте қалды. Саяси биліктің жариялылық пен ашықтық, қайта құру саясаты КСРО-дағы саяси реформаларға, саяси бостандықтың қалыптасуына әкелді. Қабылданған декларация Қазақстанның толық тәуелсіздік алуына жасалған қадам болды. Құжатта Қазақ КСР-нің егемендігі жарияланып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері белгіленді.

Демек, бұл құжат даму бағытындағы алдағы саяси қадамдардың негізін қалады. Қазақ КСР-не елеулі саяси билік, республикаға саяси, экономикалық және мәдени мәселелерде өз бетінше шешім қабылдауға мүмкіндік берді. Құжат ел тұрғындарының өзін-өзі билеуге деген ұмтылысына сай болды. Мемлекеттік егемендік жолындағы ұмтылыс республика тұрғындары арасында қолдау тапты.

Мемлекеттік егемендік философиясы – саяси философия мен халықаралық қатынастардағы іргелі ұғым. Мемлекет – өз аумағындағы ең жоғарғы билік, сыртқы араласусыз басқаруға толық ие. Егемендік белгілі бір географиялық аумақтағы жоғарғы және абсолютті билікті білдіреді. Бұл мемлекеттің өз заңдарын құру және орындалуын қамтамасыз ету, шекараларын бақылау, ішкі істерді басқару және халықаралық қатынастарға қатысу қабілетін қамтиды.

Мемлекеттік егемендік туралы тұжырымдама отыз жылдық соғысты аяқтауға көмектескен Вестфаль бейбіт келісімінен тарихи тамыр алады. Бұл шарт егемен мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау қағидасын мойындайтындықтан, қазіргі заманғы мемлекеттік егемендіктің бастапқы іргесі ретінде жиі қарастырылады. Өйткені мемлекеттік егемендік ішкі және сыртқы өлшемдерді қамтиды. Ішкі егемендік мемлекеттің өз шекараларында кедергісіз басқару құқығын, заңдылық пен тәртіпті сақтау және сот төрелігін жүзеге асыру мүмкіндігін білдіреді. Ал сыртқы егемендік халықаралық құқықтан басқа жоғарғы билікті мойындамайтын мемлекеттің халықаралық қатынастардағы тәуелсіздігі мен теңдігін танытады.

Ағартушылық дәуірдің ойшылы Жан-Жак Руссо мемлекеттік билік пен егемендіктің легитимдігі басқарылатындардың келісімінен туындайтынын атай келе, қоғамдық келісім тұжырымдамасын енгізеді. Біздің ойымызша, осы тұжырымдама астарында демократиялық басқарудың идеясы жатыр. Осы идея бойынша азаматтар саяси процеске қатысу арқылы билікті мемлекеттік егемендікке береді. Сондықтан мемлекеттік егемендік философиясы халықаралық қатынастардағы пікірталас пен эволюцияның тақырыбы болып қала береді. Егемендік философиясы саяси ой, халықаралық қатынастар, қазіргі ұлттық мемлекетті ұйымдастырудағы іргелі ұғым ретіндегі маңызын жоғалтпайды. Бұл пайымға сәйкес мемлекеттердің бір-бірімен әрекеттесуі, ішкі істерді басқаруы, егемендік пен жаһандық қауымдастықтың жалпы мәселелерін шешу және адам құқықтарын қорғау жауапкершілігі арасындағы тепе-теңдік туралы пікірталасты тудырады.

Халықаралық қатынастардың негізгі қағидасы болып саналатын мемлекеттік егемендікті өз алдына құндылық ретінде қарастыруға болады. Жалпы егемендік ұғымының өзі әрбір мемлекеттің сыртқы араласусыз жеке саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени жүйелерін анықтауға құқығы бар идеясын бағалайды. Бұл тұжырым өзін-өзі анықтау қағидасымен тығыз байланысты және түсінікке сәйкес мемлекеттер өз тағдырын өзі құру еркіндігіне ие.

Аумақтық тұтастықты құрметтеу құндылығы мемлекеттің территориялық тұтастығын қадірлеудің маңыздылығын көрсетеді. Осы түсінікке сәйкес шекараларды сыртқы агрессия, мәжбүрлеу арқылы өзгертуге болмайды, ал дауларды бейбіт жолмен шешу керек. Мемлекеттік егемендік егемен мемлекеттердің бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудағы рөлін жоғары бағалайды. Басқа мемлекеттердің егемендігін құрметтей отырып, елдер қақтығыс ықтималдығын азайтып, халықаралық тәртіпті сақтай алады. Мәдени және саяси плюрализм мәдениет пен саясаттағы алуандылықтың маңыздылығын мойындайды. Әр мемлекеттің өз дәстүрлері, жүйелері және құндылықтары бар. Өз кезегінде мемлекеттік егемендік қағидасы осы алуандылықты құрметтейді.

Егемен мемлекеттер өз азаматтарының алдында жауапты. Бұл құндылық демократиялық басқарудың маңыздылығын және биліктің легитимдігі басқарылатындардың келісімімен анықталатын қағидасын көрсетеді. Осылайша, мемлекеттік егемендік құндылық ретінде өзін-өзі анықтау, тәуелсіздік, теңдік және қолсұқпаушылық қағидаларына негізделген. Егемендік мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастарды қалыптастырады және халықаралық тәртіпті сақтауға көмектеседі.

Республика күні – Қазақстан үшін өз егемендігін, тәуелсіз мемлекет ретіндегі өз жолын және елді бірегей ететін мәдени алуандылықты көрсететін мереке. Бұл – ұлттық мақтаныш пен бірлікті, еліміздің ғасырлар бойы тарихи және саяси өзгерістерден кейінгі өз тағдырын өзі қалыптастыруға бел байлағанын білдіретін күн.

Ботагөз Паридинова,

философия магистрі, Қорқыт ата атындағы

Қызылорда университеті философия және әлеуметтік-гуманитарлық

пәндер секциясының аға оқытушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<