Сыр сұлуы – Қызылорда

395

0

Туған өлке туралы сыр шертілгенде кең-байтақ Қазақстан, оның ішінде әсем де көркем Қызылорданы мақтанышпен айтамын. Қарт Қаратау мен Қызылқұмның жиегін жағалай аққан Сыр-Ана сонау Аралға жетіп тыныс табады. Сыр өңірі – тоғыз жолдың торабын түйістірген, жаугершілікте халқына қорған болған қасиетті өлке.

Тарихи деректерге сүйенсек, қазақтың қазыналы бай өлкесіне қызыққан Қоқан хандығы жерін кеңейтуді көздеп, Сыр өзені жағалауларына бекініс салады. Солардың ішіндегі ең берігі Ақмешіт болды. 1853 жылы  Петербургте шыққан указ бойынша Ақмешіт қамалы «Перовск порты» деп аталды. 1868 жылы порт «Перовск қаласы» деп аталады да, ол Сырдария уезінің орталығына айналады.  Кейін қалаға Ақмешіт  атауы беріледі де, 1925 жылы Ақмешіт қаласы республика астанасы атанып, аты Қызылорда болып өзгерді.

Сыр топырағы табиғи және қазба байлықтарға толы. «Қара алтын» аталып отырған мұнай көздерінің көптеп табылуы, яғни «Құмкөл» мұнай кеніші, Арал төңірегіндегі мұнай көздері, Шиелідегі уран кеніші, «Шалқиядағы» түсті металдар кеніші, Қаратаудың «Қарамұрын» аймағындағы алтын қоры –  сөзіміздің айқын дәлелі.

«Сыр күріші – ел ырысы» деп ақ күрішті орынды атайды. Мұнда жыл сайын мыңдаған тонна күріш өндіріліп, ел ырысына айналуда. Ең бастысы, бұл аймақта қазақ халқының әдет-ғұрпы, дәстүрлері берік сақталған.

Ел мақтанына айналған Сыр өңірі туралы қаншама әндер жазылған десеңізші! Мысалы Тәңірберген Қалауовтың «Қызылорда вальсі», Мұрат Сыздықовтың «Сыр гүлі», Лена Әбдіхалықованың «Сыр елім», Рамазан Таймановтың «Қызылорда –  туған жерім» әндері – Қызылорданың әсем бейнесін айшықтайтын сыршыл да әуезді әуендер.

Жылдан жылға облысымыз бен оның орталығы Қызылорданың әлеуметтік-экономикалық деңгейі көтеріліп келеді. Бір кездегі қоржын тамдардың орнына қазір сәулетті, соңғы үлгідегі құрылыстар ірге көтеріп, көлік қатынасының күре тамыры кеңейе түсті. Тұрғындардың демалуына жағдай жасайтын ойын-сауық кешендері, жасыл желекті жағажай тағы бар. Дария жағалауы қазіргі заманға сай абаттандырылды. Жаяу жүргіншілер мен велосипед тебуге арналған жолдар қарастырылды. Өзге де халыққа қажетті орындар бой түзеді. Бұл жұмыстың бәрі біз үшін, қызылордалықтардың игілігі үшін жасалып келеді.

Жаңадан ашылған «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», жолдардың кеңеюі, алыстан қарағанда көз тартатын әдемі ғимараттар – облыстың көркейіп келе жатқанының белгісі.

Тарихты таразылап, ұрпаққа мұра етіп қалдыру, зердесіне құю, санасына сіңіру, туған ел мен жерге деген сүйіспеншілік сезімін ояту – біздің буынның азаматтық борышы.

Мен осы өлкеде дүниеге келгенімді мақтан етемін. Сыр сұлуы – Қызылорданың шежіресі жалғаса береді. Қызылорда облысының 85, Қызылорда қаласының 205  жылдығы құтты болсын!

Төреқыз ҒАЛЫМБЕКҚЫЗЫ,

Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға

арналған мектептің 9 «В» сынып оқушысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<