Қазыналы мекеннің мерейлі мерекесі

941

0

10-11 қараша күндері Қазалы ауданның 95 жылдық мерейтойына арналған мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылуда. Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен «Кеше. Бүгін. Болашақ» атты ғылыми-танымдық конференция өтті.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессор-ғалымдары, аудандардан делегациялар, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар және аудан тұрғындары қатысты.

Конференцияда аудан басшысы тамыры терең, тарихы кенен Қазалы ауданының құрылуы мен бүгінгі тынысы жайында сөз қозғап, жиынның маңызына тоқталды.

Конференцияда тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжас, философия ғылымдарының докторы, ауданның құрметті азаматы Баймырза Қожамберлиев, Халықаралық ақпараттар академиясының академигі Ермек Зәңгіров баяндама жасады.

Мұнан кейін қоғам қайраткері, Қазалы және Арал аудандарының құрметті азаматы Айтбай Көшербай мен филология ғылымдарының кандидаты Әлімжан Жарылқағанов ауданның құрылған уақыттан бергі тарихы мен әлеуметтік-экономикалық даму жолындағы жетістіктері жайында сөз қозғады.

Конференцияны қорытындылаған аудан әкімі Мұхтар Оразбаев аудандағы әр сала бойынша жеткен жетістіктерге жіті тоқталып, Тәуелсіздікті баянды етуге аянбай атсалысып, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстарды бірлесе жалғастыра беретінін жеткізді. Сондай-ақ бірқатар азаматтарға Қазалы ауданының 95 жылдық мерекелік медалін табыстады.

Мерекелік шаралар Жалаңтөс баһадүр атындағы орталық саябақта ағаш отырғызу шарасымен жалғасып, аудан орталығына 95 түп ағаш көшеті отырғызылды. Игі шараға Астана, Алматы, Шымкент, Қызылорда қалалары мен Батыс Қазақстан облысынан келген қонақтар да атсалысты.

Биыл маусым айында Қазалыда құны 20,1 миллион теңге тұратын  балалар спорт және ойын алаңының құрылысы басталған болатын. Құрылыс жұмыстарын Панабек Әлиев басқаратын жергілікті «Болашақ» ЖШС  жүргізген. Аудан әкімі жұртшылықты ауданның мерейтойымен және алаңның ашылуымен құттықтап, балаларға сый жасаған кәсіпкерге алғыс білдірді. Мұхтар Оразбаев өткен жылы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен өңірде осындай 80 ойын алаңы салынып, бүгінде балалар мен жасөспірімдерді қуантып отырғанын атап өтті. Игі істер бүгінде жалғасын табуда.

Мұнан соң мерекелік шара қонақтары Абай  ауылында болып, саябақтың ашылуына қатысты. Биыл ауылды абаттандыру мен көгалдандыруға 26,5 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Аудан әкімі саябақтың ашылуы тұрғындарға мерейтойға орай тамаша тарту және өзге ауылдарға үлгі болғанын атап өтіп, мердігер «Данияр 97» ЖШС-на жұмысты сапалы атқарып, уақытында аяқтағаны үшін алғысын білдірді.

Қазір Абай ауылын газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Тұрғындар «көгілдір отын» игілігін көретін күн алыс емес. Сондай-ақ ауылда 20 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталуға жақын.

Түстен кейін орталық стадионда облыстың 85 жылдығына, ауданның 95 жылдығына, сондай-ақ «Алтын дән» молшылық мерекесіне арналған «Қазалым – қарашаңырағым» атты мерекелік шара өтті. Онда облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет аймақ басшысының аудан халқына арнаған құттықтау хатын оқып берді. Салтанатты жиында түрлі саланың үздік қызметкерлері марапатталды. Кеш қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен үлкен гала-концертпен жалғасты.

Ал бүгін Қазалы ауданының 95 жылдығына арналған мерекелік шаралардың жалғасы облыстағы барлық дерлік ауыл шаруашылығы құрылымдары өз өнімдерін әкелген үлкен жәрмеңкемен жалғасуда. Сонымен қатар, жәрмеңкеге Әйтеке би кенті және ауылдардағы кәсіпорындардың өнімдері қойылды. Мерейтой шаралары «Тамыры терең, тарихы кенен – Қазалы» республикалық ақындар айтысымен қорытындыланады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<