Мұстафа Шоқай мұраты:  Тарихи тағылым мен сабақтастық

492

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде ұлт қайраткері Мұстафа Шоқайдың есімін ұлықтауға арналған «Мұстафа Шоқайдың мемлекетшілдік мұраты: тарихи тағылым мен сабақтастық» атты халықаралық  ғылыми-тәжірибелік  конференция өтті. Келелі жиында баяндама жасаған ғалымдар қайраткер идеясының бүгінгі ХХІ ғасырда қайта жаңғырып, түркі тұтастығының саяси-әлеуметтік маңыздылығы айқындала түскенін атап өтті.

Конференция жұмысына белгілі алаштанушы ғалым, академик М.Қойгелді, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қ.Бегманов, тарих ғылымының докторы, Мимар Синан көркем өнер университетінің (Түркия) профессоры Ә.Қара, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясы тарих институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қ.Раджабов, Күтахия Думлупынар университетінің (Түркия) доценті, PhD доктор Веджихи Сефа Фуат Хекимоғлы, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Арыс» баспасының директоры Ғ.Әнес, қоғам қайраткері, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Мұстафа Шоқай» ғылыми орталығының ғылыми жетекшісі, саяси ғылымдарының докторы, профессор Ә.Бәкір, университет ғалымдары, студенттер, БАҚ өкілдері қатысты.

Конференцияны облыстық мәслихат төрағасы Н.Байқадамов жүргізді.

– Қай уақытта да өткеннен сабақ алып, оның сындарлы тұстарын үнемі ел жадында ұстау қажеттігі, ұлтымыздың біртуар тарихи тұлғаларын тану және олардың рухани мұраларын қастерлеу ісі тәуелсіз мемлекетіміз үшін өзінің маңызын еш жоғалтпайды. Өйткені тәуелсіздік бір ғана саяси құжаттан тұрмайды. Толыққанды ел болу үшін экономикалық тәуелсіздікпен қатар, рухани тәуелсіздік қажет.

Осы тұрғыда ұлттық рухын биік ұстап, ұлт азаттығы жолында күрестің ерен үлгісін көрсетіп, жанын пида еткен тұлғаларымыздың еңбектерін тарихи санамызда жаңғыртудың маңызы ерекше. Сан тараулы тарихымызда өзінің саналы ғұмырын туған халқының азаттығы мен тәуелсіздігі жолына арнап, оның бақытты өмір сүруін аңсап өткен ұлт перзенттерінің бірі Мұстафа Шоқай болатын. Сондықтан осынау халықаралық жиын оның мемлекетшілдік мұратын тереңірек тануға бағытталып отыр.

Қазіргі кездегі әлемдегі геосаяси жағдай түркі тұтастығы мен интеграцияны жаңғыртудың маңызды екенін көрсетіп отыр. Әлемдегі түркі халықтары мен Қазақстанның айқын ұстанымы таяуда Астана қаласында өткен түркі мемлекеттері ұйымының Мемлекет басшылары саммитінде көрінді, – деді жиын модераторы.

Алаштанушы ғалым, академик Мәмбет Қойгелді баяндамасында Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай сынды ұлт ардақтылары, Алаш арыстары ешқандай ақтауға мұқтаж емес екенін айта келіп, олардың тарихтағы орнын, ұлт азаттығы жолындағы ұлы мұратын терең танып, соңында қалған еңбектеріне  саяси баға беру қажеттігін айтты.

М.Шоқайдың туған жері Наршоқыда ескерткіш белгі қойылғаны ұлт қайраткерінің тарих төріндегі орнын айқындай түскенін, елдің де рухын  көтергенін атап өтті. Алдағы уақытта облыс орталығына азаматының мұрасын өмірінің соңына дейін жинап, ол туралы құнды деректердің тарихта қалуына ерекше жауапкершілікпен еңбек еткен аяулы жары Мария Шоқайға ескерткіш белгі қойылса, өскелең ұрпақ үшін өте тағылымды іс болатынын айтты.

Мимар Синан көркемөнер университетінің (Түркия) профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбдіуақап Қара ұлт ардақтысының рухани  мұраларын тұрақты зерттеп жүргенін, оның түркі елдерінің тұтастығы жолындағы күрескерлігін баяндамасына арқау етті. Ол қайраткердің туған жеріне келіп, рухына бағытталған игі іс-шаралардың ортасында болғанын зор мәртебе тұтатынын айтты.

– Айталық, қазақ әліпбиі, қазақ тілінің грамматикасы дегенде А.Байтұрсынұлы,  Алаш тарихы туралы сөз қозғасақ, Ә.Бөкейхан ойға келеді. Ал М.Шоқай – Қазақстан тәуелсіздігі тарихының өте маңызды тұлғасы. Осы тұрғыда оның мемлекетшілдік мұраты терең зерттелген сайын қазақ елінің тарихы тереңдей түседі және мәңгі болады – дейді ол. Сондай-ақ ғалым осыдан бір ғасыр бұрын француз тілінде жарық көрген М.Шоқайдың жазбаларын,  оның ішінде түркі халықтары үшін ортақ тарихи, мәдени һәм рухани құндылықтар туралы еңбектерін жинақтап, төрт тілдегі аудармасымен кітап етіп жарыққа шығарғанын айтты.

Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясы тарих институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қахрамон Раджабов сол дәуірде М.Шоқай көтерген Алаш бірлігін нығайту идеясы бүгінгі қоғамда қайта жаңғырып отырғанын, М.Шоқай мұратын танудың маңыздылығын арттыра түсетінін айтты.

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов – түркі жұрты үшін тарихи тұлғаның тәуелсіздік идеясын іске асыру жолындағы  еңбегін түгел зерттеп-зерделеп, таспаға түсіріп, ел тарихына  құнды деректер қосқан қаламгер.

– Менде «М.Шоқай жолымен» экспедияциясының әлі пайдаланылмаған таспалары бар. Төрт сериялы деректі фильм түсірілді. Деректі фильмді сол кездегі ҚР Білім және ғылым министрлігі электронды қосымша  оқу бағдарламасына енгізді. Әрине, бұл деректердің бәріне қол жеткізу оңай болған жоқ. Солай бола тұра, ұлт тарихында өшпес орны бар, кемел ойлы, қайраткер тұлғаның қазіргі қоғамда саяси бағасын алатын кезі жетті деп ойлаймын, – деді ол.

Сөзін қорытындылай келе, ақын «Шерлі Түркістан» дастанынан үзінді оқыды. Тебіреніске толы туындыны селт етпей тыңдаған зал толы көрермен дүркірете қол соқты. Ұлт қайраткерінің түркі тұтастығы жолындағы жанкешті еңбегін, биік ұстанымын, бірегей болмысын жыр шумақтарымен төгілте жеткізген ақынға елдің ықыласы ерекше болды.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Мұстафа Шоқай» ғылыми орталығының ғылыми жетекшісі, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір ел тәуелсіздігінің баянды болуына елдің әрбір азаматы мүдделі екенін айтты.

– Тәуелсіздік деген ұғымның мағынасы кең, мәні терең, бұл ең бірінші бостандық, азаттық, яғни, басқа біреуге, бір елдің екіншіге тәуелді болмай, азат болуы дегенді білдіреді. Ал әрі қарай тарқатсақ, бұл бостандық жергілікті халықтың тілінен, дінінен, ділінен, яғни, рухани дүниесінен бастау алып, ұлттық мәдениеттің еркіндігі, мемлекеттің саяси және экономикалық құрылымдарының тәуелсіздігін де қамтиды.

Айталық, сан ғасыр аңсап жеткен тәуелсіздік, шын мәнісінде, өзінің толыққанды мәніне ие болуы үшін барды жасай алдық па? Тәуелсіздік жылдарында қандай мемлекет құра алдық? Тәуелсіздігіміз тұғырлы болуы үшін алда әлі не істеуіміз қажет? Бұл мәселелерді осы жердің, елдің иелері терең ойланып, ел ұлы мақсат жолында батыл күресуіміз керек, – деді.

Жиынды қорытындылаған Н.Байқадамов академик Мәмбет Қойгелдінің «Алаш арыстары ешқандай ақтауға мұқтаж емес, олардың тарихтағы орнын, ұлт азаттығы жолындағы ұлы мұратын терең танып, соңында қалған еңбектеріне  саяси баға беру қажет» деген пікірі тақырыптың түйіні екенін айта келіп, баяндамашылар тарапынан ұсынылған мәселелер түгел назарға алынатынын айтты.

Конференция барысында тарих ғылымдарының докторы, Мимар Синан көркемөнер университетінің (Түркия) профессоры Әбдіуақап Қараның «Кеңес Одағының түркі әлемі саясаты. Мұстафа Шоқай» атты кітабының және академик Мәмбет Қойгелдінің жетекшілігімен 2022-2023 жылдары жарық көрген «Алаш ісі. 1920-1930 жылдары. ОГПУ жүргізген жасанды тергеу ісінің құжаттары мен материалдары» атты кітаптың (1-том және 2-том) таныстырылымы болды.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<