Инвестиция көлемі ұлғайып келеді

472

0

Облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып келеді. Әсіресе, инвестиция тарту көрсеткіші ұлғайып, жыл басынан бері 386,4 млрд теңгені құраған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов айтты.

Биыл облысқа 472 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 59 млрд теңгеге артық. Жыл басынан бері өңірге 386,4 млрд теңге инвестиция тартылып, 27,7 пайыздық өсім қалыптасты.

– Оның 73,6 пайызы жеке инвестициялар есебінен. Сондай-ақ, биыл кәсіпкерлік саласында 3561 жобаға қаржылай қолдау көрсетіліп, жүзеге асырыла бастады. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жыл басынан бері 24,6 млрд теңгені құрайтын 690 жоба субсидияланды. Бұдан бөлек, аймақта шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 10,3 пайызға ұлғайып, 71 мыңға жетті. Экономикалық белсенді халықтың үштен бір бөлігі кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылды. Шағын және орта кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі өткен жылы 19,1 пайызды құраса, биыл бұл көрсеткіш 21,5 пайызға жеткізілмек, – деді С.Қожаниязов.

Сонымен қатар, алдағы үш жылда агроөнеркәсіп саласында өңделген өнім үлесін 70 пайызға ұлғайту мақсатында 11 инвестициялық жоба қарастырылған. Бүгінде оның 8 жобасы жүзеге асырылды. Биыл егін көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,8 мың гектарға ұлғайып, 193,4 мың гектарға дән себілді. Ал күріштің көлемі 89 мың гектарды құрады. Күріштен 503,3 мың тонна, картоптан 94,4 мың тонна, көкөністен 152,1 мың тонна, бақша өнімдерінен 246,6 мың тонна өнім жиналды.

– Аймақта су тапшылығы сезілуде. Осыған сәйкес, егін көлемін әртараптандыруға басымдық берудеміз. Сәйкесінше, 2025 жылға қарай күріш алқабы бөлінген су көлеміне қарай 80 мың гектарға тұрақтандырылып, суды аз қажет ететін дақылдардың егін көлемін 8,7 мың гектарға ұлғайту көзделуде, – деді С.Қожаниязов.

Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары су тапшылығы мәселесінің алдын алу бойынша негізгі шараларды атап өтті. Биылғы вегетациялық кезең су тапшылығы жағдайында өтті. Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясында «Шардара» су қоймасына 2,4 млрд шаршы метр немесе жоспарланған су көлемінің 57 пайызы түсті. Осыған қарамастан жауапты министрліктермен және шаруалармен бірлесіп, егілген егістікті судан қалдырмау шаралары жүргізілді. Арнайы жұмыс тобы құрылып, шаруашылықтарға су кезекпен берілді. Шаруалар жоғары орналасқан жерлерге су жеткізу және қашыртқыдағы суды екінші мәрте пайдалану үшін 351 насос қолданды.

– Сонымен қатар, Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірге «Қызылорда облысындағы суармалы жүйелерді қалпына келтірудің жол картасын» әзірледік. Соның аясында облыста тасқын суларды жинақтау, суармалы суды бөлу мен есепке алу процестерін автоматтандыру арқылы ирригациялық инфрақұрылымды қайта құру мен жаңғырту шаралары жүргізілетін болады. Сондай-ақ, Үкіметпен бірлесіп 1 млрд текше метрге дейін тасқын суды жинақтауға арналған «Қараөзек» су қоймасын салу жоспарлануда, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Жыл соңына дейін аймақты газдандыру деңгейі 75 пайызға жеткізіледі. Биыл 26 газбен жабдықтау жобасын жүзеге асыруға барлығы 9,3 миллиард теңге қаржы бөлінген. Жыл басынан бері облыс аумағында 4 елді мекен табиғи газға қосылып үлгерген. Ал 8 елді мекеннің газдандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Осылайша, 12 елді мекеннің 40 мыңға жуық тұрғыны табиғи газдың игілігін көретін болады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, халықты 100 пайыз таза ауызсумен қамтамасыз ету көзделген. Бүгінде өңірімізде кешенді жоспар әзірленіп, тиісті жұмыстар тізбегі қалыптасқан. Бұл бағытта биыл 23 жобаға 7,2 миллиард теңге қаржы бөлінді. Жобалар толығымен аяқталған соң, 163 шақырым ауызсу жүйелері жаңғыртылып, 100 мыңнан аса халықтың ауызсумен қамтылуы жақсарады.

Бұдан бөлек, Қызылорда қаласындағы электр жүйелерін жөндеуге облыстық бюджеттен 1,6 млрд теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<