Жадыңда тұрар жаңғырып

447

0

Қармақшы ауданы Ақжар ауылының тумасы, ұстаз, профессор, филология ғылымдарының докторы Темірхан Тебегенов шәкірттерінің жүрегінен жол тапқан ұстаз еді.

Еңбек жолын ауыл мектебінің мұғалімдігінен бастап, өзі білім алған қазіргі Қорқыт ата атындағы университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасында аға оқытушы, қазақ әдебиеті мен араб тілі кафедрасының меңгерушісі, 1991 жылдан өмірінің соңына дейін Абай атындағы ұлттық университеттің қазақ әдебиеті кафедрасында оқытушы қызметтерін атқарды. 300-дей ғылыми мақала, 9 кітап жазған.

Педагогикалық кеңестің қаулысымен ғалымның туған ауылындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті кабинетіне Темірхан Сақаұлының есімі берілген болатын. Араға біраз уақыт салып жақында ұрпақтары, қызы Алтынарай Тебегенова әкесінің атындағы кабинетті жабдықтап, игілікті іс жасады.

Мектепте қазақ тілі мен әдебиеті бірлестігінің ұйымдастыруымен «Жарқын бейне» атты әдеби-сазды кеш өтті. Кеште 8,9-сынып оқушылары Тұрмағамбеттің «Тәлім» термесін орындап, 5-сынып ұландары кеш қонақтарына өлең арнады.

Кеш соңында А.Тебегенова мектеп ұжымына, қазақ тілі мен әдебиеті бірлестік мүшелеріне, алыстан келген ағайын-туыстарына алғысын айтты. 

Саналы ғұмырын ғылым мен білімге арнаған Қармақшы ауданының Құрметті азаматы, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Түркі әлемі халықаралық «Қызыл алма» сыйлығының лауреаты Т.Тебегеновтің есімін өзінің туып-өскен ауылы, ұстаздар қауымы, шәкірттері мәңгі есте сақтайды.

 Жанат ОҢАЛБАЕВА,

 №28 орта мектептің қазақ тілі  мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,

 бірлестік жетекшісі.

Қармақшы ауданы,

 Ақжар ауылы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<