Күлкі астарындағы көңіл шындығы

570

0

«Бес бойдаққа бір той». Комедиялық қойылым екені белгілі, десек те шығарманың атының өзі «апыр-ай» деп таңғалдыра түсіп, еріксіз езуіңе күлкі үйіреді. «Бес бойдағымыз кім болды екен, оның үстіне, жабылып бір той жасайтыны қалай?» дегендей сауал көңіліңді күпті ете түседі. Қош, сахна шымылдығы ашылған сәтте ауылдың қоңырқай, қарапайым көрінісі қаз-қалпында көз алдыңда тұра қалып, жүрегіңді ерекше бір жылылық желпіп өтеді. Сырты ақталған шағын үйді қоршай соққан аласа шарбақтың өзі сонау кездегі ауыл адамдарының кіршіксіз көңілін, алғаусыз ара қатынасын аңғартқандай…

Сыр өңіріне гастрольдік сапармен келген М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ұжымы Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында көрнекті жазушы, жерлесіміз Т.Нұрмағанбетовтің «Бес бойдаққа бір той» комедиялық шығармасын сахналап, көрермен қауымды шынайы күлкіге кенелтті.

Әлқисса, есік алдындағы Қырманбай қарияның қолында күрек, мал жайғап жүрген сыңайлы. Бір уақта ашық қалған қораның есігін жауып, күңкілдеп жүрсе, енді бірде әдеттегі насыбай тостағын іздеп, шала бүлінді. Осының сылтауымен балаларын бір шыбықпен айдап, тәртіпке шақырып алды. Балалары демекші, қарияның үш ұлы, екі қызы бар. Ересектері жұмыс істейді, кішілері мектепте оқиды. Ал сабақтан келген соң әрқайсысы өзінің міндетіне сай үй  тірлігіне қолғабыс етеді.

Жас ортасына келгенде, кемпірі о дүниелік болған Қырманбай ата балаларының тәрбиесін тас түйін ұстағысы келеді. Әрине, олар да әкесінің қабағын бағып, оғаш қылықтарын көрсетпеуге тырысады. Ондай сәттерде ересек ұлдары өздерінің кейбір келеңсіз іс-әрекеттерін мойындамай сытылып кетіп, кенже ұлға жаба салады. Ол болса, ақтала алмай, шыр-пыр болып жүргені. Қанша дегенмен, қарашаңырақтың егесі – кенже ұлдың орны бөлек қой, ақсақал оған аса қаталдық таныта бермейді. Әкелі-балалы екеуі кейде дойбы ойнап отырып әңгімелесетіні, әсіресе, әп-сәтте шарт-шұрт кетіп, келіспей қалып жататыны қызық. Адам қартайғанда бала болады дейтіні де сол шығар…

Күнделікті күйбең тірліктен шаршап, көкелерінің көңіл-күйі түспеуі үшін балалары оған кемпір керек деген ойға келеді. Әйтпесе, өздеріне де еркіндік жоқ,  үйден аттап шыға алмайтыны тағы бар. Осылай ойласа келіп, ақырында кіші қыз Шүйкетайға келіп жүрген жігіттің әжесіне тоқтайды.

Кемпір болуға үміткер әжей де Қырманбай қарттың көңілінен шығуға тырысып бағады. Екеуара сөз арасында шарт етіп шатасып, келіспей қалатын тұстары бар. Әйтсе де, ақсақал өктем сөйлегенде әжейдің жуасып қалатыны қалай болғанда, қазақы тәрбиенің терең астарын айғақтай түседі.

Ержеткен ұл, бойжеткен қыз, жүректері алып-ұшып тұрған жастар, арасында амалын тауып, қашып-пысып кездесуге шығады. Сондайда көкесінің көзіне түсіп қалмауға тырысады. Ондай кездерде кенже ұлдың көңілін табу керек, әйтпесе, ол аңдамай, әкесіне бәрін жайып салатыны бар. Айтпақшы, осы кенже ұл бірде албырттыққа салынып, ағаларынан бұрын келін түсірмек болды. Әкесі айқайға басқанда, әлгі әжей ара түсіп, «қазір жастардың түсінігі бөлек, үлкен-кішіге қарамайды» деп кенже баланы қорғаштады. Иә, өйткені ақсақалдың ашуы осал емес, арасында тыстағы ит-құсты үркітіп, аспанға мылтық атып қоятыны бар.

Бір күні ойламаған жерден қарияның басы дауға қалды. Бәленің бәрі сол мылтықтан  шықты. Әдепкіде екі әпкесін үйден шақырып беріп, болашақ жезделеріне еңбегін пұлдап жүрген кенже ұл кенеттен ерегісіп қалды. Қолына мылтықты алып, оларды қорқытпақшы болғанда, мылтық атылып кетеді. (Абырой болғанда, мылтыққа оқ салынбаған.) Алайда тып-тыныш отырған отбасын әбігерге салды.

Кенже ұл әлі өрімдей жас, ол сотталса, жағдай қиын… Ал мылтықтың заңды егесі – Қырманбай қарт. Ақсақалдың бар кінәні өз мойнына алудан басқа амалы қалмады. «Қартайғанда көретінім осы болғаны ма? Одан да жанымды неге алмадың?» деп Құдайға шағынады. Сол сәтте Құдай оның сөзін естіп, іле-шала жауабын береді. Сөйтсе, мұнымен сөйлесіп отырған «құдайдың» қалауы – екі қызын өздері ұнатқан жігітке күйеуге беру. Сонда әлгі «күнәсі» кешірілетін сияқты… Әйтпесе, өзі қалағандай, жанын алу түк емес…

Құдай мен пенде арасындағы диалог көрерменді күлкіге кенелтті. Ақсақалдың аңғалдығы, көңілінің кіршіксіз тазалығы тәнті етеді. Өмірде дәл осындай адамның болатынына шүбәсіз сенесіз. Негізінде осының бәрі қарияның қос қызына қолы жетпей жүрген жігіттердің құйтырқы әрекеттері еді. Абайсызда «адам өліміне» себепкер болдым деп ойлаған ақсақал дәл сол сәтте есі кіресілі-шығасылы, сергелдең күйде болатын.

Ақсақалдың әлгі «Құдайдың» айтқанына құлдық ұрып, берген уәдесі бар, қыздарын ұзатпақ болады. Алайда екі ағасы үйленбей тұрғанда, қыздарымды күйеуге берсем, бұл үйдің қазан-ошағына кім еге болады деп тағы алаңдайды. Осыны күткендей, ержеткен ұлдары өздерінің де шаңыраққа келін түсіруге дайын екенін айтып, қуантады. Тек олар әкесінің жалғызсырап қалмай, қасына серік тапқанын қалайтын. Осы кезде әлгі таныс әжей қариямен қосылуға ықыласын білдіріп, келісімге келеді. Осылайша әкесі де, бес бойдақ ұл-қызы да бір күнде той жасап, Қырманбай ақсақалдың шаңырағы шат-шадыман болады.

Қырманбай қарттың рөлін сомдаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, талантты актер  Бекжан Тұрыс бала күнімізден көз алдымызда жатталып қалған ата бейнесін жадымызда қайта жаңғыртты. Шаңырақтың берекесін сақтай отырып, ауыл-елдің ынтымағын ұйытып, көптің бірлігін бекем ұстайтын, көкірегінен дала иісі аңқыған қарапайым қарттың қасиетін танытты. Қамкөңіл қарт әжейдің рөлін сомдаған ҚР Мәдениет саласының үздігі Күнсұлу Шаяхметова адам жанының шынайы толқынысын, көңіл күйдің әп-сәтте әртүрлі әсерге бөленуін әдемі бейнелеп, жүрегі жылы, мейірбан әжейдің келбетін көрсете білді.

Шығарманың авторы, Тынымбай Нұрмағанбетов – Жаңақорған ауданы «Қосүйеңкі» ауылының тумасы. М.Горький атындағы Жоғары әдебиет курсын бітірген. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының сценарийлік коллегиясында қызмет еткен.

Алғашқы әңгімелер жинағы 1971 жылы «Қауын иісі» деген атпен жарыққа шыққан. Осы кітабының орыс тіліндегі нұсқасы үшін Бүкілодақтық М.Горький атындағы жастар сыйлығын иеленген. Жазушының «Қош бол, ата!», «Қарлығаштың ұясы», «Атақоныс», «Тұнық су», «Бәйтеректер», «Туған ауыл түтіні», «Балалық шақтың әуендері», «Таңдамалы», «Айқай», т.б. кітаптары да оқырман көңілінен орын алды. Бұдан бөлек, орыс тіліне аударылып, жеке кітап болып басылған туындылары бар. Сонымен қатар, «Табалдырығыңа табын», «Жоғалған көл», «Кемпірлер үкімі» пьесаларының, «Тырналар ұшып барады» телефильмі сценарийінің авторы.

Көрнекті жазушы Тынымбай Нұрмағанбетов – Жаңақорған ауданының құрметті азаматы, Халықаралық Қазақ ПЕН клубы сыйлығының, ҚР Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<