37 жылдан соң ақталған желтоқсаншы

277

0

Осыдан 37 жыл бұрын солақай саясатқа қарсы шыққан өр рухты қазақ жастары бүгінде аға буынға айналды. Олар еліміздің әр аймағында жемісті еңбек етіп жүр. Соның бірі – Қоянбай Молдашұлы Қозбақов. 1964 жылы Арал ауданы Ақеспе ауылында туған. Қазіргі уақытта «lntegra Construction KZ» ЖШС теміржол құрылысы «Мойынты-Достық» екінші теміржол құрылысын салу мекемесінде бас маман кызметін атқаруда.

Қоянбай Қозбақов – ызғарлы желтоқсандағы көтерілістің нақ ортасында болып, артынан жазалауға ұшыраған азамат. Сол оқиғаның белді қатысушысы кеңестік билікке қарсы ұрпақтан ұрпаққа келе жатқан іштегі наз, өкпе, жастарды көтеріп, алаңға алып шыққанын айтады.

Осы бас көтеруден кейін басқа да автономияларда дүмпулер болып, ақыры соңында КСРО-ның қабырғасының сөгілуіне алып келді. Көтерілістің негізгі қозғаушы күші болған жастардың көп бөлігі ауылдық жерлерден келген еді. Олар ата-бабадан келе жатқан жанайқайды алаңда жеткізіп, тек солақай саясаттың дұрыс жүргізілуіне назар аудартқысы келді. Қоянбай да сол жастардың қатарында болатын.

– Мен 1985 жылы Кеңес әскері қатарында әскери борышымды өтеп, сол жазда Алматы теміржол инженерлерін дайындайтын институтқа оқуға түстім. Оқу үлгерімім жақсы, белсенді болдым. Оқудан тыс институтта қазақ көркемөнерпаздар ұйымын басқарып, қазақ әндері мен күйлерін орындап, байқаулардан жүлде алып жүрдім, – дейді ол.

Тарихқа кері шегінсек, 1986 жылдың желтоқсанында қазақ жастары КСРО-ның отаршыл, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы жаппай наразылық танытып, Алматыдағы Л.Брежнев атына берілген, қазіргі Республика алаңына шықты. Бұл көтеріліске негіз болған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1-хатшылығына ешкімге есімі белгісіз болған Колбиннің келуі еді. Алаңға жиылған жастардың саяси талап-тілектері аяқасты болып, «бұзақыларды» басу үшін КСРО Ішкі істер министрлігі бұйрығымен «Бұрқасын-86» операциясы ұйымдастырылып, 20 мыңнан аса желтоқсаншы аса қатыгездікпен басып-жаншылды. Желтоқсан көтерілісіне Кеңестер одағы Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің қаулысымен «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деген баға беріліп, көтеріліске қатысқан азаматтар қуғын-сүргінге ұшырады.

– 1986 жылдың 16 желтоқсанындағы жоғарыдағылардың Қонаевты орнынан түсірген шешімі жанайын деп тұрған отқа сіріңке тастап жібергендей болды, – дейді желтоқсаншы. – Расында да, неге бір ұлтты сырттан келгендер билеп, жерін меншіктеуі керек? «Кеңес одағының отарлау саясатына енді көнбейміз, қазақ халқының өз көсемі болуы керек. Бұған жол жоқ, Горбачев долой» деген ұрандар айтылып жатты. Студент жастар сабақтарына бармай, алаңға жиналды. Солардың арасында мен де болдым.

Биыл желтоқсан оқиғасына 37 жыл толып отыр. Бұл көп уақыт емес. Оқиға куәгері өткен күндер елесі тағы бір жаңғырғанын айтады.

– Сол күні жастар алаңнан кетпей тұрып алдық. Мақсатымыз бір ғана – Кеңес одағы Орталық комитетінің шешімін заңсыз деп тану. Қазақ КСР бірінші хатшысы Д.Қонаевты орнына қайта тағайындау. Болмаса елде тұратын қазақ ұлтынан бірінші хатшы тағайындалсын дедік. Сол кездегі үкімет біздің даусымызды тыңдамады. Бізге арнайы жазалау отрядтарын алып келіп, жазықсыз қазақ жастарын таяқ астына алды. Олар әскери машиналарына қансыраған қазақ жастарын тиеп алып, қала сыртына алып кетіп жатты. Бізді нашақорларға теңеді. Түрмеге тоғыта бастады. Оны сөзбен жеткізіп айту қиын, – дейді Қоянбай Қозбақов.

Ол қасындағы студенттермен бірге ұсталып, қаланың Совет ауданы ішкі істер бөліміне жеткізіледі.

– Қылмыстық іс жасадың деп қинады. Мен қылмыстық іс жасамағанымды дәлелдедім. Жастар талабы бір-ақ нәрсе – қазақ еліне басшы тек қазақ ұлтынан болуы тиіс, – дейді ол.

Күніге қайталанатын тергеу қорқыту, үркітуге дейін жалғасады. Қоянбай сол азаптан құтылу үшін біреуді нұсқай салмай, соңына дейін күресіп, төтеп берген. Бұл да – көтерілістен кейінгі екінші үлкен ерлік. Осылайша, үш тәулікке созылған қамаудан соң ақыры босап шығады.

Дегенмен, Алматы қалалық Совет ауданы ішкі істер бөлімі институтқа Қоянбай Қозбақовты оқудан шығару туралы хат жолдайды. Желтоқсан көтерілісіне қатысқаны үшін Алматы теміржол транспорты инженерлері институты ректоры Э.П.Исаенконың бұйрығымен қатаң сөгіс жарияланды.

– Содан бастап еліміз егемендік алғанға дейін өзім және отбасым қудалауда жүрдік, – дейді желтоқсаншы.

Ақыры, араға 37 жыл салып, биыл 1 ақпанда Қоянбай Қозбақов Қызылорда облыстық прокуратурасынан өзін саяси қуғын-сүргін құрбаны деп тану және ақтау туралы анықтама алды. Оның айтуынша, Желтоқсан оқиғасы – Тәуелсіздіктің жаршысы болды. Егемендік оңайлықпен келген жоқ. Біраз жас қыршынынан қиылып, біразының өмірі тас-талқан болды.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<