Энергетиктер еңбегі еленді

491

0

Энергетиктер күніне орай өткен салтанатты шарада облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов сала мамандарын құттықтап, олардың ел дамуына өлшеусіз үлес қосып жүргенін атап өтті.

– Энергетика қашан да әлеуметтік сала мен индустрияның алға жылжытушы күші әрі экономиканың негізгі діңгегі саналады. Ал сіздер өңірдің өсіп-өркендеуіне жаңаша серпін беретін өндіріс саласын дамытуға орасан зор үлес қосып келесіздер. Тәуелсіздік алғалы облыс көлемінде жаңа электр желілері жүргізіліп, қосалқы стансалар орнатылды. Бұл өз кезегінде, халықты сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Тағы бір айта кететін жайт, осыдан 7 жыл бұрын Қызылорда қаласы ғана газға қосылса, бүгінде барлық аудан орталықтары мен көптеген елді мекен «көгілдір отынның» игілігін көріп отыр. Жыл басынан бері елді мекендер табиғи газбен қамтамасыз етілді, газдандырылған ауыл саны артты. Биыл газбен жабдықтау жобаларын жүзеге асыруға қаржы бөлінді. Сол жобалар алдағы жылы да жалғасын табады. Өйткені газдандыру – ауыл халқының тұрмысын арттырудағы маңызды фактор, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Мұнан соң, қызметте абырой биігінен көрінген сала үздіктері марапатталды. Нақтырақ айтсақ, Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығы директорлар кеңесінің мүшесі Жомарт Көшербаев ҚР Энергетика министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін, «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ диспетчерлік-технологиялық басқару және телекоммуникациялар құралдары қызметінің бастығы Бозқұлан Кұрманов «Электр энергетикасы саласына қосқан үлесі үшін» медалін, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бас маманы  Мәдина Әлиева «Құрметті энергетик» төсбелгісін, «Энергосервис»  ЕЖШС-ның жедел жөндеу бригадасы бөлімінің басшысы Ғанибек Патшабекұлы Қазақстан  электр энергетикалық қауымдастығының «Еңбегі сіңген энергетик» төсбелгісін иеленді. Бұдан бөлек, бірқатар сала мамандары облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Өнеркәсіп пен тұрғын үй саласының қарқынды дамуының нәтижесінде энергия тұтыну көлемі жыл сайын артып келеді.  «Қызылордажылуэлектрорталығы» – өңірдегі электр және жылу энергиясын өндіретін жалғыз кәсіпорын. Өткен ғасырдың 60-жылдары пайдалануға берілген. Осы жайттарды ескере отырып, ауқымды жоба қолға алынды.

Бұл саладағы биылғы жылдың басты жаңалығы – Сыр елінде заманауи үлгідегі жаңа жылу-электр станциясы салынбақ. Оңтүстік өңірлерді үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету туралы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қуаты 240 МВт құрайтын орталық құрылысын түріктің «Aksa Enerjy» компаниясы жүргізеді.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<