Басты ұстаным – ашықтық пен әділдік

578

0

Ақпан айының бірінші бейсенбісі – дүниежүзілік сайлау күні. Бұл күннің айтулы күнге енуі 2005 жылы 1 қыркүйекте Будапештте өткен сайлауды ұйымдастырушылардың жалпы конференциясы аясында бекіген.

Еуропалық сайлауды ұйымдастырушылар қауымдастығының бастамасы қолдау тапқан уақыттан бері тұтас әлем бұл күнді елеусіз қалдырған емес. Себебі Қазақстан – аталған қауымдастыққа толыққанды мүше.

Мемлекетте әділ әрі ашық сайлау жүйесін құру – Президенттің басты реформаларының бірі. Елімізде отандық сайлау жүйесі демократияландыру үрдісімен дамып келеді.

Әрбір саяси маңызы бар науқандарды өткізу сайлау мәдениетін қалыптастырып, сайлаушылардың жауапкершілігін күшейте түсті. Әсіресе, 2023 жыл – сайлау жүйесіне елеулі өзгеріс әкелген жыл ретінде тарих қойнауына енді.

Жыл ішінде Сенат, Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтіп, Парламенттің құзыреті күшейіп, депутаттардың рөлі артты. Мәжіліске баратын депутаттардың 70 пайызы – партиялық тізіммен, 30 пайызы бірмандатты аумақтық округтер бойынша сайланды. Бұрынғыдай емес, партиялардың Парламентке өтуі үшін 5 пайыз дауыс жинауы жеткілікті болды. Нәтижесінде жаңа деңгейде жұмыс істейтін саяси партиялар құрылып, өзара бәсекелестік дамуға жетеледі.

Аралас сайлау жүйесін енгізу өкілді билікке түрлі көзқарастағы азаматтардың келуіне мүмкіндік тудырды. Ал өзін-өзі ұсыну тетігінің енгізілуі де депутат, әкім болуға ынтасы бар азаматтарға үлкен жол ашты.

Сайлау үдерісіне енген тағы бір өзгешелік – әкімдерді тікелей сайлау. Ауыл және кент әкімдерінің сайлауынан бастау алған науқан аудан әкімдерін тікелей сайлаумен жалғасты. Пилоттық сайлау Сырдария және Шиелі ауданында заң аясында және ашықтық қағидаты негізінде ұйымдастырылды.

Өткен жылы 38 ауыл және кент әкімі сайланса, 2024 жылы 25 ауыл және кент әкімдерінің өкілеттілік мерзімі аяқталып, тұрғындар осы ауылдардағы әкімдерді тікелей сайлайды.

Президент пәрменімен 2023 жылдың басында сайлау комиссиялары кәсіби негізде әрі тұрақты жұмыс жасауға көшті. Бұл өз кезегінде әрбір саяси науқанды өткізетін комиссия мүшелері үшін үлкен жауапкершілік жүктеді. Ал 2024 жылдан бастап облыстық, қалалық және аудандық сайлау комиссияларының мүшелері жаңадан сайланып, қызметке кірісті.

Келешек ұрпақ – жас сайлаушылар. Мектеп оқушылары мен студенттерге сайлау мәдениетін сіңіру, олардың демократиялық құндылықтарға деген ұстанымын қалыптастыру бағытында аймақта әртүрлі деңгейдегі рөлдік және іскерлік ойындар ұйымдастыру жақсы сипат алды. Себебі азаматтық жауапкершілік сайлаудан бастау алады. Бұл ретте Қызылорда өңіріндегі тұрғындардың сайлауға қатысу деңгейі жоғары. Әсіресе, сайлауға отбасымен бірге бару дәстүрі қарқын алды. Мұның бәрі де – елдегі сайлау жүйесінің орнықты әрі үйлесімді дамуының көрінісі.

Әділбек ЕРСҰЛТАНОВ,

Қызылорда облысының аумақтық

сайлау комиссияның төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<