QAZAQGPT-дің алғашқы прототипі Сыр топырағында жасалды

318

0

Жасанды интеллект сөзін алғаш рет 1956 жылы Дартмут университетінде өткен конференцияда Джон Маккарти қолданған. Ол өзінің анықтамасын түсіндіру барысында «Әзірше біз бүтіндей қандай есептеуіш процедураларды интеллектуалды деп айта алатынымызды білмейміз. Сол себепті интеллект сөзін әлемде мақсатқа жету үшін қолданылатын әдістердің есептеуіш бөлігі деп қана түсініп жүрміз» деген еді.

Бүгінде мұндай жаңашыл жобаларды өмірге енгізіп жатқан жастарымыз бар. Мәселен, қызылордалық жас өнертапқыш Асылжан Абдуллаев жасанды интеллектіні қазақ тілінде сөйлетті. Сырдария ауданында дүниеге келген жас өнертапқышқа 3 университет грант ұсынып отыр.

– Қазірге дейін бұл бағытта ағылшын және орыс тілінде жасалған жасанды интеллект базасы өте бай. Өкініштісі, олардың арасынан қазақшасын табу қиын. Бұл жобаға қызығушылығым ерекше болды. Талаптанып ІТ бағыттағы бірнеше байқауға қатыстым. Өзім қатарлы жастардың жобасының артықшылығы мен кемшілігін саралап шықтым. Идеяны әрі қарай дамытқым келді. Осылайша QazaqGPT-дің алғашқы прототипі пайда болды. Бұл жоба әркімге әртүрлі пайда әкеледі. Оны қолдана білу қажет. Артықшылығы, америкалық прототиптерге қарағанда 50 миллиардқа ауқымды. Қазірдің өзінде 2000-нан астам адам аталған ботты Telegram арқылы пайдаланып көрді, – дейді Асылжан.

Жасанды интеллект сурет салып, сөйлей де алады. Егер қаласаңыз ғылыми жоба жасайды. Ол адамдардың өмірін жеңілдетіп, одан әрі функционалды етеді. Оқушылар да, студенттер де өзіне керек ақпаратты қазақ тілінде алуына мүмкіндігі бар. Жас өнертапқыш алдағы екі айда бағдарламаның мобильді қосымшасын жасап шығару ойда бар екенін айтады.

– Жобаны Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин көріп шықты. Оны студент емес, мектеп оқушысы жасағанына таңғалды және жылы сөздер айтты. Мен үшін бұл – үлкен мотивация. Сондай-ақ мен «Enactus» халықаралық ұйымының арқасында Рэндалл Бруинс атты америкалық ғалым әрі осы ұйымның стратегиялық кеңесшісімен жүздестім. Бұл кездесуден керемет әсер алдым. Ол болашақта АҚШ-қа келуге ұсыныс білдірді. Жобамды қуана қабылдап, жоғары бағасын берді. Жақында жасанды интеллект бойынша АҚШ-та өтетін байқауға өтінім қалдырған едім. Іріктеуден өтіп, жартылай финалға жолдама алдым. Айта кетсем, ІТ саласында ешқандай шекара жоқ. Ауылда отырып та, өзің қалаған жобаны іске асыра аласың. Әрине, байқауларға қатысу мені шыңдады. Бұл салада ұстаз ретінде ақылын айтып, ағамдай болып кеткен Нұрлан Құлмырзаев, Сәбит Ибадулла, Темірлан Әбжанов сынды азаматтарға рахмет айтамын. Олардан әлі де үйренерім көп.

Бүгінде Асылжан тағы 6 жобаны аяқтады. Енді экология бағытында жұмыс жасауды көздеп отыр. Бұл жобаны жасап жатқан  команда мүшелері Франция астанасы Париж қаласында өткен байқаудан алтын медаль алып келді.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<