Сұйытылған газ бағасы өндіру шығынын ақтамайды

346

0

«ҚазГермұнай» БК ЖШС өндірістік нысанында баспасөз туры өтті. Онда газ өндіруші компанияның іс барысы таныстырылып, өндірістік процесті қамтамасыз ету жұмысы көрсетілді.

Компания жыл сайын кен орындарының инфрақұрылымына қолдау көрсету және дамыту бойынша қомақты қаражат инвестициялауда. Кен орындарында қолданылатын техника және технология заманауи үлгілерімен жарақтандырылып, толығымен автоматтандырылған.

Баспасөз туры барысында «ҚазГермұнай» БК ЖШС мамандары сұйытылған газ бағасы өнімнің өзіндік құнын өтемейтінін айтып өтті. Кәсіпорын бүгінде «Ақшабұлақ», «Нұралы», «Ақсай» кен орындарындағы ілеспе мұнай газын және «Оңтүстік Ақсай» кенішінен шығатын табиғи газды өңдеп, облыс тұрғындарын сұйытылған газбен қамтамасыз етуде. «ҚазГермұнай» жылына 60 мың тоннаға жуық сұйытылған газ өндіреді.

«ҚазГермұнай» ЖШС бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Махамбет Елеусіновтің айтуынша, зауыт жылына 550 млн тонна шикізат өндіреді. Қызылордалықтарға 440 млн текше метр тауарлы газ беруде. «Ақшабұлақ» және «Ақсай» кен орнында мұнай және газ конденсатын шығару жұмыстары қарқынды іске асуда. Мұнда табиғи газ өндіру жұмысы жүйелі жұмыс істеп келеді. Нәтижесінде облыс тұрғындарын ұзақ мерзімге құрғақ тауарлы газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік туып отыр.

Қазақстандық сұйытылған газ өндірушілер өнімнің арзандығынан шығынға батып отыр. Белгіленген шекті көтерме баға тоннасына 40320 теңге, ал сұйытылған газ өндіру құны тоннасына 50000-72000 теңге аралығында. Бұл елдегі жанармай құю бекеттеріндегі бөлшек сауда бағасын төмен ұстау үшін жасалған. Қазақстанда сұйытылған газ тұтыну негізінен автокөлік жүргізушілері есебінен өсіп, өндіріс көлемі төмендеуде.

– Бүгінде сұйытылған мұнай газын өндіру құны министрлік бекіткен газ бағасынан асып түседі. Бұл ретте қондырғының пайдалану мерзімін ескере отырып үздіксіз өндірістік процесті қамтамасыз ету жағы ескерілмек. Сұйытылған мұнай газын өндіру шығыны өтелмейтіндіктен, сала шығынға ұшырауда, соның салдарынан кәсіпорындарды жүйелі жөндеу жұмыстарын жүргізуге және жаңғыртуға қаражат салынбайды. Жаңғырту мен жоспарлы жөндеуге қаражаты жоқ өндіріс орындарында апат салдарынан тоқтаулар жиілеп, елді жеткілікті көлемде сұйытылған газбен қамтамасыз ете алмайды, – дейді ҚР Энергетика министрлігі газ өнеркәсібі департаментінің директоры Бақытжан Таубаев.

Жалпы «ҚазГермұнай» ЖШС біріккен кәсіпорын теңгерімінде мұнай және газдың бес кеніші бар. Сұйытылған газ өндіруге инвестиция салу мүмкіндігі бар жер қойнауын пайдаланушылар бұған қызығушылық танытпайды. Сұйытылған газды өндіруді жалғастырып жатқан жер қойнауын пайдаланушылар мұны шикізатты өндіретін өңірлер алдындағы әлеуметтік міндеттеме ретінде орындауда. Газ өндіретін кәсіпорындар Энергетика министрлігімен бірлесіп, өндіріс құнын өтей алатындай әділ баға белгілеу мәселесін ұсынып отыр. Оның нақты нәтижесі алдағы күн еншісінде.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<