Газға қосылған ауылдар саны артады

501

0

Облыста газдандыру қарқыны жылдан-жылға артып келеді. Осының арқасында шалғайдағы елді мекен тұрғындары да «көгілдір отын» игілігіне қол жеткізді. Былтыр облыс тұрғындарын табиғи газбен қамту үлесі 75 пайызға жетті. Биыл оның деңгейі 78 пайызға жетеді деген жоспар бар.

Өткен жылдың желтоқсан айында бір күнде бес ауыл қосылды. Атап айтқанда, олардың қатарында Шиелі ауданының «Еңбекші», «Жиделіарық», Жаңақорған ауданының «Жайылма», «Шалқия», «Құттықожа» елді мекендері бар. Сондай-ақ мұндай игілікке қараша айында Сырдария ауданы Қалжан ахун ауылының тұрғындары қол жеткізген еді. Осылайша газдандыру деңгейі жылдан-жылға көтеріліп, облыс елімізде алдыңғы орындарға шықты.

Бүгінде өңірде Қызылорда, Арал, Қазалы, Байқоңыр қалалары  толықтай газға қосылған. Сондай-ақ олардың қатарында Әйтеке би, Жосалы, Жалағаш, Тереңөзек, Шиелі, Жаңақорған секілді аудан орталықтары бар.

Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметіне сүйенсек, қазірге дейін 230 ауылдың 35-і газдандырылған. Қалалар мен аудан орталықтарынан бөлек, Қызылорда қаласына қарасты «Қызылжарма», «Талсуат», «Қарауылтөбе», Абай, Досан, Махамбетов пен «Наурыз» елді мекендерінің тұрғындары бүгінде газдың игілігін көріп отыр. Ал Арал ауданындағы «Жақсықылыш», Қазалы ауданындағы Ғ.Мұратбаев, Пірімов, «Басықара», Жалаңтөс баһадүр, Қармақшы ауданындағы «Ақай», Сырдария ауданындағы Қалжан ахун,  Шиелі ауданындағы Жақаев, «Бидайкөл», «Байсын», Қодаманов, Бекежанов, «Ақмая», «Алғабас», «Еңбекші», «Жиделіарық», Тәжібаев, Жаңақорған ауданындағы «Бірлік», «Қыраш», «Шалқия», «Құттықожа», «Кейден», «Жайылма» тұрғындары «көгілдір отын» жағып отыр.

Мұндай ілкімді жобалар биыл да жалғасын табады. Республикалық бюджет есебінен 19 жобаға 4,7 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Олардың 14-і – өтпелі жоба. Қуанарлығы, биыл басталатын жаңа бу-газ қондырғысына газ құбырын жүргізу, Жаңақорған АГРС-ін кеңейту, «Шаған», «Шижаға», Қазалы ауданындағы 5 елді мекен жаңа жоба қатарына қосылды.

Биыл «Сексеуіл», Абай, «Төретам», «Ақсу», Шәменов, С.Сейфуллин, А.Тоқмағамбетов, «Алмалы», «Бестам», «Ақтоған», «Төменарық» секілді елді мекендерге табиғи газ беріледі. Ал газдандырылған елді мекендер санын 46-ға жеткізу  жоспарлануда.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<