Биыл 25 ауыл және кент әкімі сайланады

507

0

Ауыл әкімдерін тікелей сайлау – Президент реформаларының бірі. Қызылорда өңірінде кент, ауылдық округ әкімдерінің сайлауы қарқынды түрде жүргізілуде.

Аймақта кейінгі 3 жылда 117 ауыл әкімі сайланған. Өткен жылы 38 кент және ауыл әкімінің сайлауы өтіп, тұрғындар өздері қалаған кандидатқа дауыс беріп, әкім сайлауларына белсене қатысқан. Қызылорда облысының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтановтың айтуынша, биыл 25 ауыл әкімінің өкілеттілік мерзімі аяқталады. Демек, сол ауылдарда жаңадан әкімдер сайланады.

– Ауыл әкімдері 4 жыл мерзімге сайланады. Тікелей сайлау тетігі енгізілген уақыттан бері аймақта 117 ауыл және кент әкімінің сайлауын ұйымдастырдық. Сайланған әкімдердің 40 пайыздан астамы партиядан емес, өзін-өзі ұсыну мүмкіндігін пайдаланды. Биыл 25 әкімнің заң аясында өкілеттілік мерзімі аяқталады. Оның ішінде Арал ауданында 3, Қазалы ауданында 5, Қармақшы ауданында 7, Жалағаш ауданында 1, Сырдария ауданында 2, Шиелі ауданында 6, Жаңақорған ауданында 1 ауыл әкімінің сайлауы өтеді. Барлық сайлау процестері ашық әрі әділеттілік принципіне сай. Сайлау учаскелері талапқа сай жабдықталып, комиссия мүшелері заң аясында сайлаушылардың құқығын сақтау бағытында жұмыс жүргізуде, – деді Ә.Ерсұлтанов.

Айта кетейік, 31 наурызда шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына сайлау өтеді. Өңірде сайлау науқаны Қызылорда қаласында және Арал, Жаңақорған аудандарында ұйымдастырылады.

Еске салайық, Қызылорда облысында өткен жылы алғаш рет пилоттық негізде Сырдария және Шиелі аудандарының әкімі сайланды.

Қызылорда облысының аумақтық сайлау комиссиясы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<