Ел жаңалықтары

350

0

Автокөлікпен әкелуге тыйым салынбақ

Қазақстанға тауық жұмыртқасын автокөліктермен әкелуге 6 айға тыйым салынады. Ауыл шаруашылығы министрінің аталған бұйрығы 2024 жылғы 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізіледі. Ашық НҚА-ға жарияланған бұйрық биыл 1 наурызға дейін қоғам талқысына ұсынылып отыр.

16 ақпанда Сауда және интеграция министрлігі жыл соңына дейін жұмыртқа бағасын бекітуді ұсынған еді. Ведомство жұмыртқа бағасын бекітуді Құс өсірушілер одағы және Қазақстанның жұмыртқа өндірушілер ассоциациясы, сондай-ақ құс фабрикаларының басшыларымен бірлесіп талқылаған.

Колледж студенттерінің шәкіртақысы тағы 50 пайыз өседі

Былтыр қыркүйекте колледж студенттерінің шәкіртақысы 50%-ға өсті. Биыл қатары 300 мыңға жуықтаған студенттердің стипендиясы тағы 50 пайызға артады. Бұл туралы

Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Орта буын мамандықтарының студенттері қазіргі 31 422 теңгенің орнына 41 896 теңге алады. Жұмысшы біліктілігі бар студенттер үшін шәкіртақы 32 681 теңгеден 43 574 теңгеге дейін көтеріледі. Сонымен қатар, мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитын студенттерге тамақ пен жолақы сияқты әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

Негізгі сауда серіктесіне айналды

«QazTrade сауда саясатын дамыту» АҚ өткен жылдың сыртқы саудадағы қорытындысын жариялады. Оған сәйкес Қазақстан тауарын ең көп сатып алған елдер – Қытай, Ресей және Италия. Қытаймен арадағы сауда айналымының

56,3%-ы экспортқа тиесілі. Жалпы бұл елмен арадағы сауда айналымының көлемі – 31,5 млрд доллар.

Екінші орындағы Ресеймен сауда айналымы 26 млрд доллар болса, Италия – 16,1 млрд доллар. Одан кейінгі Оңтүстік Кореямен және Түркиямен арадағы алыс-беріс көлемі 6 млрд долларға жеткен. Қазақстан экспорттаған тауарлардың басында әдеттегідей шикі мұнай мен мұнай өнімдері тұр. Ал ең көп импортталған тауарлардың қатарын қондырғылар, көлік және оның бөлшектері, электр техника мен құнды емес металдар бастайды. Былтыр Қазақстан сауда жасайтын елдердің қатары 131-ден 135 елге өскен.

Автокөлік иелері айыппұл төлемей жүр

Бүгінде ел бойынша айыппұл тұрағында 29 мың автокөлік тұр. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.

Сондай-ақ мобильді қосымшаның көмегімен жалған автокөлік нөмірімен жүрудің 1,5 мыңға жуық фактісі анықталған. 6 мың көлік жүргізуші куәлігінен айырылып, 8,5 мың мемлекеттік нөмір тәркіленген.

ІІМ-нің мәліметі бойынша бүгінде ел аумағында жол қозғалысы ережелерін бұзу жағдайын тіркейтін 22 мың автоматты камера орнатылған. Олардың көмегімен ереже бұзушылықтың 50%-ы анықталады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<