Алматы – жастардың қаласы

125

0

Фото: ашық дереккөз

Алматы – мәңгі жастықтың қаласы. Ал, ҚазҰУ – жастар қалашығы. Әсіресе, тәуелсіздікпен бірге ерекше сұлуланып, жаңарып, жайнап сала берген қалашықта бой көтерген бірінен бірі өткен әсем ғимараттар көркіне көрік қосады. Өмірінің ең қызықты кезеңінің куәсі болған, «таң атқанша таласып ұйықтамайтын, арманы мол студенттік шағы өткен» қасиетті мекенге 20 жылдан соң кездесуге оралған аға – апаларымыз танымастай түлеген қалашықтарын көріп таңдай қақты. Қала ішіндегі қалашықтан жылма-жыл талай дарын білім алып, талай талант түлеп ұшуда. Жандары жаңашылдықты қалайтын жалынды жастар, сапалы білімді санасына сіңірген сан түрлі студент еліміздегі ең үздік оқу ордасы әл – Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде өз болашағын жолға қойып, арман – мақсаттарының орындалуы үшін білім алуда. Олардың алаңсыз білім алуына, спортты сүюіне, өнерін өрістетуіне барлық жағдай жасалған.

Әл – Фараби бабамыздың рухымен қуаттанған университет ұжымы осы күнге дейін тек қазақ еліне ғана емес, бүкіл шет елдерге танылды. ҚазҰУ-дың 90 жылдық өмір жолында қалыптасқан дәстүрлері, ұлы ұстаздарының есімдері мен атқарған істері ұлы шаңырақтың, яғни еліміздегі жасампаз оқу орнының басынан кешкен тарихы ретінде баяндалады. Академиялық әсемдікке назар аудара отырып, Қазақ ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультеті халықаралық құқық және сыртқы саясат саласында жоғары білікті мамандарды даярлауға ықпалымен ерекшеленеді.

Факультет түлектері өз білімдерін әртүрлі салаларда табысты қолданады. Олар халықаралық ұйымдарда жұмыс істейді, мемлекеттік деңгейде келіссөздер жүргізеді және әлемдік қатынастардың дамуына елеулі үлес қосады.

Бүгінде ел мақтанышына айналған тұлғалардың көбісі дерлік осы оқу ордасының білімімен сусындап, қанаттанды.

Талай профессор, ғалымдардың дәрістерін тыңдап, өз болашақтары үшін өнегелі тәрбие ала білді. Осы еңбегінің арқасында, мыңдаған таланттардың талпынысының нәтижесінде ҚазҰУ – дың дәрежесі жоғары, мәртебесі биік. Алайда, бұл жетістіктер оңайлықпен келмегені анық. Арада өткен 90 жыл ҚазҰУ-дың өсіп – өркендеуі үшін тарихи кезеңге айналды. Осы 90 жылдық тарихында киелі қарашаңырақ қазақ ғылымының барлық саласының дамуына теңдессіз үлес қосты.

Бүгінгі таңда білім мен қоғамға қызмет етудің 90 жылдық тарихымен Қазақ ұлттық университеті білім тірегі және болашақ көшбасшылықты қалыптастыру орны болып қала береді. Халықаралық қатынастар факультеті халықаралық қауымдастықты түсінуге және оған әсер етуге ұмтылатындар үшін сенімді болып қала береді.

Бекзат Нұрабай,

ҚазҰУ студенті.

Оқытушы: Камила Алтаева.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<