Жемқорлықтан азат қоғам құрудың алғышарты

244

0

Үздік халықаралық тәжірибеге сүйеніп, БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясының ережелерін және ұлттық ерекшеліктерді ескеріп, Қазақстан сыбайлас жемқорлықтан азат қоғам құруға ұмтылатын заманауи мемлекеттің өзіндік үлгісін жасады.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңына сәйкес, әрбір мемлекеттік орган өз қызметінің ерекшеліктеріне оған қарсы саясатты жүргізеді.

«Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заңына сәйкес ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның құзыреті – қаржылық есептілік аудиті, сәйкестік аудиті, камералдық бақылауды жүзеге асыру, ішкі аудит қызметтеріне әдіснамалық және консультациялық көмек көрсету. «Мемлекеттiк сатып алу туралы» заңында да мемлекеттік сатып алудың негізгі қағидаттарының бірі – сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу. Тәуекелдерді анықтау үшін негізгі ақпарат көзі – нормативтік-құқықтық актілер. Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі жоғарыда аталған заңнамалық актілердегі олқылықтарды жоюға ұсыныстар енгізіп отырады. Мұндай олқылықтарды азайту немесе жою сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға септігін тигізеді деп санаймын.

Сонымен қатар Қаржы министрінің бұйрығымен бекітілген электрондық мемлекеттік аудит жүргізу қағидаларында оның тәртібі айқындалған.

Алайда бүгінгі күнге дейін ішкі мемлекеттік аудитті электронды аудит тәсілімен жүзеге асыру үлесі тек 40 пайызды құраса, 2024 жылдан бастап департамент аудиторлық іс-шараларды осы тәсілмен жүзеге асыруды кеңінен қолдануда. Сол арқылы мемлекеттік аудит объектілеріне түсетін жүктемені азайтуға, мемлекеттік аудиторлар мен аудит объектісінің лауазымды тұлғаларының тікелей қарым-қатынасқа түспей, аудиторлық іс-шараны ақпараттық жүйемен қашықтан жүргізу арқылы сыбайлас жемқорлықтың ықтимал тәуекелдерін азайтуға болады.

Сонымен қатар мемлекеттік аудиттің бизнес-процестерін автоматтандыру, яғни мемлекеттік аудит жүйелері мен қазынашылық органдарын интеграциялау мемлекеттік аудиторға объектісі бойынша бюджет қаражатының жұмсалуы туралы кедергісіз ақпарат алуға, сапалы бағалауға мүмкіндік береді. Бұл да өз кезегінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға ықпалын тигізеді.

Мемлекеттік сатып алуға бюджеттің қыруар қаржы ресурсы бағытталатынын ескерсек, олардың нысаналы және тиімді пайдаланылуы өте маңызды. Бұл саладағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған заңнамалардың толық жетілмегені, оған енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға қарамастан, ұйымдастырушылар мен субъектілер, яғни мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың оны айналып өтетін олқылықтары әлі де кездеседі. Сондықтан департаменттің мемлекеттік сатып алуды камералдық бақылау бойынша жүргізіп жатқан жұмысы осы саладағы ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін айтарлықтай төмендетуге бағытталған. Себебі камералдық бақылау нәтижелері мемлекеттік сатып алу веб-порталында барлық мүдделі қатысушыларға қолжетімді.

Әрине, заңнама нормаларын дұрыс қолдану қызметкерлердің құзыреттілігі мен адалдығына байланысты.

Департаментте мемлекеттік қызметтің мансаптық өсу моделі тәжірибеде қолданылуда. Мәселен, өткен жылы осы модельдің талаптарына сәйкес департамент басшысының орынбасары, қаржылық есептілік аудиті, камералдық бақылау бөлімдерінің басшылары лауазымдарына департаменттің 1 бөлім басшысы мен 2 бас маманы тағайындалды. Бақылау функциялары сыбайлас жемқорлық деңгейінің жоғары санатына жатады. Фактілер туралы ұжымдық талқылау, сондай-ақ оларды алдағы уақытта болдырмау жөнінде шаралар қабылдау – қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастырудағы пәрменді шаралардың бірі.

Басшылықтың сыбайлас жемқорлыққа қарым-қатынасы ұжымның да қарым-қатынасының қалыптасуына негіз болады, мәдениет пен этикалық құндылықтарды айқындайды. Қолданыстағы мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексіне сәйкес департаментте Әдеп жөніндегі кеңес жұмыс жасайды. Ол да ұжым қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық пен мәдениетті қалыптастыруға ықпалын тигізеді.

Жалпыға бірдей декларациялау аясында департамент қызметкерлері өз кірістері туралы мәліметтерді уақытылы ұсынуда.

«Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заң талаптарына сәйкес аудитті аудитор сертификаты бар маман жүргізеді. Мемлекеттік аудитор жұмысының нәтижесі – шешім қабылдау. Осы тұста оң шешім қабылдағаны үшін сыйақы немесе басқа да артықшылықтарды алу тәуекелдері өте жоғары. Мемлекеттік аудиторлардың еңбекақысы корпоративтік сектормен салыстырғанда бәсекеге қабілетті еместігін ескерсек, оны ұлғайту арқылы, сонымен қатар, анықталған бұзушылықтардың жоғары көрсеткіштері үшін біржолғы сыйлықақымен материалдық ынталандыру қажет. Бұл шараларды қабылдау, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жояды және білікті кадрлардың тапшылығы мәселесін шешуге оң септігін тигізеді.

Е.Күзембаев,

облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<