Ізгі қоғам жолындағы қадам

289

0

Биыл Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына түрткі болған «Невада-Семей» антиядролық қозғалысына 35 жыл. Атаулы күнге орай «Тағзым» алаңында ядролық сынақ салдарынан құрбан болған азаматтарды еске алу жиыны өтті.

Жиынға қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, «Невада-Семей» облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сәбит Әбіш және бірлестік мүшелері мен мәслихат депутаттары, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының мүшелері қатысты.

– 1989 жылдың 28 ақпаны – еліміздің тарихында ерекше күн. Осы күні КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа үміткер, белгілі ақын Олжас Сүлейменовтің бастамасымен «Невада-Семей» жалпыхалықтық антиядролық қозғалысы құрылды. Ядролық сынақтардың адамзатқа тигізген зардабы орасан. «Невада-Семей» қозғалысы Семей полигонын жабумен ғана айналысқан жоқ, сонымен қатар ядролық қуатқа ие басқа елдерді де осынау үлгілі тәжірибеге талпындырды. Еліміз бейбітшіліксүйгіш саясатымен әлемдік қоғамдастықта өзіндік орнын алған елдердің санатында танылды. Ізгі қоғам, жарқын болашақ үшін жасампаз қадам жасап, Семей полигонын залалсыздандыруға қатысқан азаматтардың рухына бас иіп, боздақтарымызды ұмытпаймыз. Ендігі жерде сол кездегі сарбаздар ерлігі ұлықтала бермек. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деді И.Құттықожаев.

Апатты аймақта борышын өтеген азаматтарды еске алу шарасында Сыр жұртшылығы атынан гүл шоқтары қойылып, Құран бағышталды.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев ізгі лебізін білдіріп, жастарды патриоттық негізде тәрбиелеуге сіңірген еңбектеріне алғысын жеткізді.

Сынақ зардабын жоюға қатысқандарды еске алу шарасы «Достық үйінде» салтанатты шараға ұласты. Онда облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген бірқатар аға буын өкілдеріне облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады.

Сондай-ақ «Невада-Семей» облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сәбит Әбіш бірлестік мүшелерін мерекелік медальдармен марапаттады.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<