Көпшілік Жалағаш ауданына қарасты «Еңбек» ауылын көпбалалы отбасылар тұратын елді мекен деп бағалайды. Расында, онда 100-ге жуық шаңырақта көп бала тәрбиеленіп отыр. Олардың 43-і «Алтын алқа» иегері болса, 54-і «Күміс алқаға» лайықты деп танылған. Ақ жаулықты аналар салт-дәстүрге жанашырлық танытып, жас ұрпаққа әдет-ғұрыпты насихаттап келеді.
Отбасында 11 бала тәрбиелеп өсірген Тазагүл Қазыбекова жасының ұлғайғанына қарамастан белсенділігімен көзге түсіп келеді. Ауылдық клубта жас қыздарға тоқу үйретіп, арнайы үйірмесін жүргізеді. Сондай-ақ ерекше заттарды тоқып, көпшіліктің жылы ықыласына бөленіп жүр.
Ауылда құрақ көрпе ісінің шебері атанған Айнұр Доспанбетова 6 баланың анасы. «Күміс алқа» иегері кезінде құрақ көрпе жасауды хобби ретінде бастаса, бүгінде оны бизнеске айналдырған. Осы мақсатта берілетін 1 млн теңге ақшалай грантқа өз ісін ашыпты.
«Бала кезімізден әжелер мен аналарымыздан ұлттық салт-дәстүрді үйрендік. Қайсыбір кезеңде жүн түтіп, жіп иіру, жылы киім тоқу, киіз үйге арналған кілем мен әшекей жасау күнделікті жасалатын жұмыстар еді. Қолөнер бұйымдарын жасау қазақ халқында ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді», – дейді ол.
Ауылда «Батыр аналар» әжелер ансамблі бар. Ол 35 жыл бұрын құрылған. Қазір шығармашылық ұжымда батыр аналардан құрылған вокалистердің үшінші буыны өнер көрсетіп жүр.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<