Ұлттық спорт ұлықталған күн

355

0

сурет ашық дереккөзден

Наурызнаманың маңызын байытып, жаңаша атап өту қолға алынғалы ұлттық болмысқа көзқарас өзгергендей. Аталған қадам жаңару мен жаңалыққа бастап, халқымыздың алтын тұғырын нығайта түсті. Оны әз Наурыздағы ұлттық спорт күнінен аңғару қиын емес.  Атаулы датаны Сыр өңірі де қалыс қалдырмай, облыс орталығында ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылды.

Қызылорда қалалық ипподромда өткізілген шараға ардагерлер, жаттықтырушылар, спортшылар мен сала мамандары қатысты. Үміткерлер 6 спорт түрінен бақ сынап, арқан тарту, асық ату, көкпар, тоғызқұмалақ, қазақ күресі секілді додада күш сынасты. Ашылу салтанатында облыстық денешынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Жанмұрат Сейілов ұлттық спорттың маңызын жеткізіп, аймақта атқарылған  жобаларға тоқталды.

– Өңірде спорт инфрақұрылымын дамытуға көңіл бөлінуде. Мәселен, өткен жылы облыста 13 спорт кешені бой көтерсе, биыл тағы 4 нысан пайдалануға беріледі. Сондай-ақ 6 елді мекенде спорт кешенінің құрылысы басталады. Әрбір жоба Сыр өңіріндегі жастардың шынығуына және аймақтың спорт жетістігін арттыруға көмегі зор, – деді Жанмұрат Жақсымұратұлы.

Байқағанымыз, спорттық сайысқа түрлі жастағы жерлестер қатысқан. Әсіресе, тоғызқұмалақ пен ләңгі тебу бойынша сынға түскен жасөспірім қатары көп. Көп ішінен аймақ мақтанышы, тоғызқұмалақтан республика чемпионы 12 жастағы Қасымбай Құлмұхамед те бой көрсетті. Жас талант дүбірлі доданы асыға күткенін айтып, жарыс туралы пікір білдірді.

– Туған жерде бақ сынау – үлкен құрмет. Оның үстіне Наурыз мерекесі кезінде ұлттық спорттан жарыс өткені қуантады. Бұл сайысқа ерекше дайындалып, бабымды тағы бір көрсетуге мүмкіндік туды. Алдағы уақытта ел абыройын арттырып, биіктен көрінуге күш саламын, – дейді жас спортшы.

Айта кетейік, шара барысында спорттық ойындармен қатар мерекелік қойылым, ұлттық қолөнер көрмесі ұйымдастырылды. Онда салт-дәстүр жоралғылары көрсетіліп, жерлестердің қолынан шыққан бұйымдар таныстырылды. «Беташар», «Тұсау кесу», «Қой көтеру» рәсімдері, қыз-келіншектер арасында «Үздік ұлттық киім» байқауы да көрермен көңілінен шықты.

– Қазақ халқы ұлттық спорт түрлеріне өте бай. Ұлттық ойындар тәрбиелік мәнге толы, оған қоса жастардың ой-санасының жетілуіне ықпалы орасан. Сондықтан береке-бірлік, көктемгі тіршілік, ағайын арасындағы татулық нышанына айналған Наурызда құндылықтың насихатталуы маңызды іс, – деді облыстық спорт ардагерлері кеңесінің төрағасы Жақсыбек Егізбаев.

Ерсін ШАМШАДИН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<