Информатика пәнін оқытуда нені ескерген жөн?

62

0

Білім беру дағдысы заман ағымына сай құбылары анық. Соның ішінде информатика пәнін оқыту ұдайы жетілуді, технологиялық жаңалықтарды бақылауды талап етеді. Олай болмаса, оқушыға берген білім мен үйреткен дағды ескіріп, бәсекеге қабілетті маман қатарынан шығу оңай. Сондықтан бүгінгі тақырып аясында аталған пәнді оқытудағы ерекшелік пен саланың мән маңызына тоқталып өтейік.

Бәріне белгілі, информатика пәні – баланың технология әлемімен танысатын алғашқы қадамы. Мектептегі оқу жоспары оқушылардың компьютер туралы базалық білімін қалыптастырып, қолдану ережесін сіңіруге көмектеседі. Яғни, компьютерлік сауаттылықты қалыптастыру, логикалық ойлауды дамыту; алгоритмдік дағдылар мен проблемаларды шешудің жүйелік тәсілдерін жетілдіру басты назарда болады. Қазіргі таңда кең қолданыста жүрген робототехника бағытының әліппесі де осы пәннен қалыптасады десек, артық емес. 

Соңғы уақытта еңбек нарығындағы қызметкерге қойылатын талап ішінде компьютерлік дағдыларды игеру міндеті бары рас. Сондықтан мектептегі информатика пәнінің тиімділігі әмбебап маманның қалыптасуына, еңбек өнімділігінің ұлғаюына, ұжымдық коммуникацияның артуына алғышарт болары белгілі. Осыны ескере келе, педагогтер баланың тек теориялық бағытты емес, практикалық іс-тәжірибені қатар меңгеруіне жол ашуды мақсат тұтуда. 

Бұл ретте жаңартылған білім мазмұнындағы өзгерістер әлемдік технологиялық тенденцияға еруге жердемдесуде. Мысалы, білім мазмұнындағы өміршең құзыреттіліктер арқасында пәнді оқыту, оқушыны бағалау, кері байланыс секілді мағызды тармақтар ашыла түсті. Қазір жаңа әдістер арқылы пәнді терең түсірдіріп, сабақтың көп бөлігін оқушылардың өзіндік жұмысына бағыттауға жол ашылды. Сондай-ақ белсенді оқыту әдістемесі бойынша оқушы білім беру процесінде белсенділігін арттыруда. 

Ендігі меже – ақпараттандыру мен педагогика саласындағы үрдісті бақылау. Бұл арқылы ғаламторды қолдану ерекшеліктерін дамытуға, мультимедиялық білім ресурстарын тиімді пайдалануға, білім сапасын арттыру мүмкіндік болады деген сөз. Сондықтан мұғалім жаңашылдықтан жаңылмай, білім жүйесіне инновациялық технологияларды әкелуге тырысуы шарт.

Калдыгул Ембергенова,

Н.Ильясов атындағы №9 мектеп-гимназияның информатика пәнінің мұғалімі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<