Ел тарихындағы ерен тұлға

469

0

Мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевтың есімін кейінгі ұрпаққа кеңінен таныстырып, оның ғибратты ғұмырын насихаттауға арналған шараның бірі «Болашақ» университетінде өтті. «Берен тұлға Бердібек» атты ғылыми-танымдық конференция қайраткердің өнегелі өмір жолына арналды. Конференция басталмас бұрын оқу орнының атриум залына қайталанбас тұлғаның есімі беріліп, салтанатты түрде лентасы қиылды.

Тағылымы мол  шараға қала әкімі Серік Қожаниязов, мемлекет және қоғам қайраткері, профессор, «Болашақ» университетінің құрылтайшысы Бақберген Досманбетов, сондай-ақ, экономист ғалымдар, ғылыми-мәдени қауымдастықтың көрнекті өкілдері және Бердібек Машбекұлының бауырлары қатысты.

Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу және даму жолында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің еңбегі орасан. Ол әр жылдары жоғары лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, еліміздің өсіп-өркендеуіне зор еңбек сіңірді. Республиканың 5 облысына және мемлекеттік органдарға жетекшілік етіп, парасатты, іскер әрі білікті басшы ретінде танылды. Халықтың ерекше сый-құрметіне бөленді. Конференцияның ашылуында Бақберген Досманбетов 90-жылдары бірге қызмет атқарған кезеңді еске алып, досқа деген сағынышқа толы естелігін айтты.

– Мен ол уақытта Қорқыт ата университетінде едім. Ал Бекең министрлікте жұмыс істейтін. Іссапармен барғанымда «Сіз, қызылордалықсыз ба?» деп сұрады. Солай жолдастық таныстығымыз басталып, араласып кеттік. Бір күні Алматыға баратынымды айтып хабарласқанымда: «Мен Қызылордаға барайын деп жатырмын, маған соқпай-ақ қой» деді. Көп ұзамай облысқа әкімдікке келді. Қаланың әкімі болуға ұсыныс білдірді. Ректордан төмен қызмет деп ойлап келіспедім. Бірақ, бұл әңгіме халық арасына тарап кеткен. Сонымен ұсынысқа келіспеуге лажым қалмады. Бекеңдей адам сирек. Әрі досым, әрі әріптесім, мені ректорлықтан әкімдікке бағыттап, Сенатқа қарай жетелеген жан. Оның іскерлігі мен тазалығы, ел дамуы жолындағы еңбегі ерен, – деді Б.Досманбетов.

Сыр елінің біртуар перзентіне арналған конференция өткеннің өнегесін дәріптейтін тау тұлғаның ғұмырнамасына тереңдеуге мүмкіндік берді. Бердібек Машбекұлы қарапайым жұмысшыдан бастап, білімімен биіктерді бағындырған басшы болды. Ол экономика ғылымдарының докторы, белгілі ғалым ретінде қаржылық талдау мен сараптаудың сара жолын салған саңлақ еді. Қай жерде, қай лауазымда болса да, халықтың ықыласына бөленген азаматтың парасатты биігі, іскерлігі, ұйымдастырушылық қабілеті ел жадынан өшпейді.

Конференцияда қала әкімі Серік Қожаниязов күрделі экономикалық кезеңде елді қиыншылықтан алып шыққан қайраткердің еңбегіне тоқталды.

– Мен қала әкімі ретінде бір мәселеге айрықша тоқталғым келеді. Бердібек Машбекұлы облыс басшысы кезінде жылу-электр орталығында оқыстан апат орын алды. Қаланың жылусыз қалу қаупі күшейді. Қаржының қиындығына қарамастан, батыл шешім қабылдап, жуық арада жылу орталығы қайта іске қосылған еді. Қайраткер тұлғаның тәуелсіз Қазақстанның дамуына қосқан үлесі өте зор. Өмір жолы – біз үшін үлкен мектеп, өмірлік тәжірибе, – деді Серік Салауатұлы.

Жиында Қызылорда «Болашақ» университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, Нұрлан Көбегенұлы «Ұлтының рухты азаматы» тақырыбында баяндама жасады. Экономика ғылымдарының докторы, профессор Ирина Ким, арнайы экономикалық аймақ құрған кездегі елдің экономикалық өсімі туралы ой қозғады. Балжан Шәменова және Әлима Әбдіқалықова талапшыл басшының тегеурінді жобалар жасағанын және олардың барлығы нәтижелі болғанын тілге тиек етті.  Бауырлары атынан Әлібек Машбекұлы ұйымдастырылған іс-шараға алғысын айтты.

Конференцияда Бердібек Машбекұлының елге сіңірген ерен еңбегіне, артына қалдырған мәңгілік мұрасына педагогикалық және экономикалық бағытта ғылыми зерттеу жасау қажеттігі айтылды.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<