Сындарлы сәттегі Сыр халқының қолдауы

684

0

Қазір елімізде су тасқынына байланысты қалыптасқан күрделі жағдай барша жұртты алаңдатып отырғандығы жасырын емес. Көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат болып саналатын ахуалға орай 10 аймақта төтенше жағдай жарияланып, шұғыл шаралар қолға алынды. Елдік пен бірлік сыналар қиын-қыстау кезеңде бүкіл ел болып ұйысып, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге қолдан келер көмегін көрсетіп жатыр. Осындай сындарлы сәтте қайырымдылық керуені алғашқылардың бірі болып Сыр елінен аттанды. Аймақтағы ірі мұнай компанияларының бірі – «Торғай-Петролеум» акционерлік қоғамының демеушілігімен ұйымдастырылған гуманитарлық көмекті әр өңірге өзіміз бастап баруға бел байладық.

«10 ЖҮК КӨЛІГІН ҚАЛАЙ ТОЛТЫРАМЫЗ?»

Қарбаласпен басталған сәуір айының алғашқы аптасы болатын. Бұл кезде батыс пен солтүстікте басталған табиғи апат күшейіп, өңірлерде тұрғындар қауіпсіз жерлерге көшіріле бастаған кез еді. 5 сәуір күні Астана қаласында іссапарда жүрген басшымыз, яғни, «Торғай-Петролеум» акционерлік қоғамының бас директоры, «Amanat» партиясының белсендісі, «Жарық» бастауыш партия ұйымының төрағасы Дәурен Әбілқайыров қоңырау шалып, түс уақытында Қызылордаға шұғыл ұшып келетінін, су тасқынына байланысты соңғы ақпараттарды дайындап қоюымды тапсырды.

Ұшақтан түсе сала, жұмыс кеңсесіне келген бас директорымыз дереу жиналыс жасап, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге, атап айтқанда, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарына көмек көрсету туралы бастама көтерді. Барша әріптестерімізді өңірде бастау алған «Күшіміз – бірлікте!» акциясына бірігуге шақырды. Басшымыздың бұл ұсынысын барша ұжым, атап айтқанда, Қызылорда қаласында орналасқан бас кеңседегі қызметкерлер, Компанияның Келісімшарттық аумағы – Құмкөл кен орнындағы және вахтааралық демалыстағы жұмысшылар бірауыздан қабыл алды. Ерекше атап өтерлігі – бұл бастамамызға Нұрлыбек Машбекұлы бастаған облыс басшылығы қолдау көрсетіп, қажетті ұйымдастыру шараларына жан-жақты көмек көрсетті.

Артынша Компанияда Дінмұхаммед Құдайбергенов, Құралай Жұманова, Әділ Отар және мені қамтыған бастамашыл топ құрылып, бірден іске кірісіп кеттік. «Әрқайсысы 20 тонналық 10 үлкен жүк көлігін (фура) жібереміз» деген басшымыздың сөзіне басында таңғала да, таңырқай да қарағанымыз жасырын емес. «Он жүк көлігін қалай толтырамыз?» деген сауал тұрды көкейімізде. Бірақ, Дәурен Тұрғанбайұлының іскерлігі мен жоғары ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында көп ұзамай «көз қорқақ, қол батыр» екендігіне тағы бір мәрте көз жеткізе түстік.

Осылайша, қызу жұмыс басталды. Бесінші сәуір күні түсқайта басталған табиғи апат орын алған өңірлерге бірінші кезекте қажетті резеңке етік, күрек, қайық, қап секілді құрал-жабдықтарды қаладағы базарлардан іздеу жұмыстары келесі күні де таң қыла бере өз жалғасын тапты. Шындығын айту керек, керекті құрал-саймандар мен жабдықтарды өзіміздің базарлардан көп көлемде (1000-2000 данадан) табу өте қиынға соқты. Табылған күннің өзінде, бағалары тым шарықтап кеткен. Су басқан өңірлерге жібергелі жатқанымызды естіген кейбір сатушылар: «Менде бар, бірақ, әлде де сатпай күте тұрамын. Апат күшейе түскен кезде қымбатқа сатамын», деп ашық айтады. Әрине, бес саусақ – бірдей емес. Пайда ойламай-ақ қолында барын өз бағасына беруге тырысқан жандарды көргенде ерекше мейірімге бөленгеніміз өз алдына бөлек әңгіме.

Ақыры, іздеген заттарымыз Қызылорда қаласынан керекті мөлшерде табылмасын білген соң, 6-шы сәуір күні түс әлетінде көршілес Шымкент қаласын бетке алдық. Біздің өңірде қолжетімсіз болған кейбір құрал-жабдықтарды үлкен мегаполистен іздеп табудың өзіне біраз уақыт қажет екендігі айтпаса да түсінікті. Базары көп Шымқалада екі тәулік аялдауға тура келгенімен, тізімдегі біршама заттарымыз түгелденіп шыға келді.

ЖҰМЫЛА КӨТЕРГЕН ЖҮК ЖЕҢІЛ

9 сәуір. Қаладағы «Тағзым» алаңына 10 үлкен жүк көлігі қойылып, сатып алынған керекті құрал-саймандар мен жабдықтарды көліктерге бөліп, тиеу жұмыстары басталды. Қосымша азық-түлік заттары сатып алынып, әкеліне бастады. Нәтижесінде, өзіміз еңбек ететін «Торғай-Петролеум» акционерлік қоғамы аталған 5 облысқа демеушілік көрсетіп, 50 млн. теңгеден аса қаржының 120 тонна қайырымдылық көмегін ұйымдастырды. Атап өткеніміздей, 20 тонналық көліктерге ұн, қарақұмық жармасы, күріш, картоп, пияз, сәбіз, қант, макарон, рожки, күнбағыс майы, шай секілді азық-түлік, газ плиталары, қайық, күрек, қап, арба, резеңке етіктен тұратын құрал-саймандар, төсек жабдықтары, ыдыс-аяқ, гигиеналық заттар, дәрі-дәрмек, киім-кешек, төрт-түлікке арналған жем және т.б. қажетті заттар тиелді.

Осы тұста табиғи апаттан зардап шеккен өңірлерге көмек көрсетуде қарапайым халық та шет қалмағанын айрықша атап өткеніміз жөн. 9-10 сәуір аралығында екі күн бойы «Тағзым алаңына» келіп, қажетті көмек қолын созсам деген сырбойылықтардың қарасы қалың болды. Гуманитарлық көмек тиеп жатқан жүк көліктерін, олардың сыртындағы «Қызылорда халқынан көмек» деген жазуды көріп, теріс айналмаған Сыр халқына айтар алғысымыз шексіз. Біреуі келілеп, енді біреуі қаптап, үшіншісі тонналап, кейбірі қаржылай – қолында барымен бөлісіп жатты. Мәселен, жетпісті алқымдаған ақсақалдың сол күні алған зейнетақысының бәрін көмекке деп әкеліп бергені есімізде ерекше сақталып қалыпты.

Ерекше ризашылығымызды өзіміздің акционерлік қоғамның ұжымы мен мердігер мекемелеріне айтқымыз келеді. Олар алғашқы күннен бастап жанымыздан табылып, қолдан келген көмектерін аямады. Әсіресе, мердігер мекемелер гуманитарлық көмекті сатып алуға біркісідей атсалысты.

Бұдан бөлек, «Amanat» партиясы Қызылорда қалалық филиалының атқарушы хатшысы Гүлшат Мұсаева, сондай-ақ, қызылордалық еріктілер де осы үлкен істің басы-қасында болды. Партияның қалалық филиалының бөлім меңгерушісі Асылхан Оспанов екі күн бойы аяғынан тік тұрып, 145 еріктіні жұмылдыра білді.

Сондай-ақ, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Қызылорда облысы бойынша Бас имамы Дастан Құрманбаев, имамдар Берік Сүлейменов, Асхат Асқаров, Айтжан Жексенов облыстық «Ақмешіт-Сырдария», қалалық «Нұр», «Айтбай», «Мүсірәлі ата» мешіттерінің жамағаттарын бастап келіп, үлкен көмек көрсетті.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді дана халқымыз. Айтса айтқандай, 10 сәуір күні облыстық мәслихат және «Amanat» партиясы облыстық филиалының сол кездегі төрағасы Наурызбай Байқадамов бастаған өңір халқы, әріптестеріміз бізге сәт-сапар тілеп, шығарып салды. Бес өңірге бет алған жүк көліктерін Қанат Әжімбетов, Асқар Қабдул, Дәурен Қадыр, Данабек Абылай атты әріптестеріміз бастап шықты.

ШАҒАНДЫҚТАРДЫҢ ЫСТЫҚ ЫҚЫЛАСЫ

«Тағзым» алаңындағы салтанатты шарадан кейін 10 жүк көлігі сап түзеп, қаланың орталық көшелерімен жүріп келеміз. Бойымызды бір ерекше сезім билейді. Осындай сын сағатта және аз ғана уақыттың ішінде батыс пен солтүстіктегі ағайынға ұйымдастырылған көмектің басы-қасынан табылғанымызға әлі де сене алмаймыз. Әрине, бұл жерде білікті басшы Дәурен Әбілқайыровтың азаматтығы мен елжандылығы жатқандығы сөзсіз.

Қала көшелеріндегі бірінен соң бірі тізілген жүк көліктерін, олардың сыртындағы «Су тасқынынан зардап шеккен Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарына Қызылорда халқынан көмек» деген жазуды көрген тұрғындар тұра қалып, қол бұлғайды. Сол сәтте жүрек тұсымыз шымырлап, түсініксіз сезімді бастан кештік. Жүк көлігінің ішінде отырсаңыз, мүлдем басқа күйде болады екенсіз.

Осылай сан түрлі сезімнің құшағында отырғанда Шаған ауылына қалай жеткенімізді білмей де қалдық. Біздің жүк көліктерін алдымыздан шыққан Шаған ауылдық округінің әкімі Нұғыман Смайлов бастаған ауыл тұрғындары тоқтатып, біраз аялдауымызды сұрады. Оның өзіндік себебі де бар екен. Батыс пен солтүстікке бағыт алған жүк көліктері туралы естіген шағандықтар бұл сауапты істен шет қалмаймыз деп шешіпті. Ауылдағы кәсіпкерлер мен қарапайым тұрғындар қолында барын алып шығып алдымыздан күтіп тұрған беті екен. «Қолында бары» дегенімізбен шағандықтар көліктерімізді біршама «жүкке» толтырды. Мәселен, «Керуен» шаруа қожалығы 2 тонна күріш берсе, ауыл тұрғындары әкелген күріштің өзі 3 тоннаны құрады. Бұдан бөлек, Ербол Бисенов, Қарлыға Алмаханова, Шыңғыс Сейтқазиев, Ербол Әбішев, Ербол Құдалша, Зухра Пірімбетова, Ерлан Ыбырайым секілді ауыл тұрғындары 150 литр күнбағыс майы, картоп, пияз, сәбіз, макарон секілді азық-түліктерін қап-қаппен әкеліп өткізді.

Шағандықтардың ыстық ықыласының соңында сексеннен асқан ауыл ақсақалы, Шаған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Зұлхарнай Тасбергенов ақ батасын беріп, ақ жол тілеп, 5 облыстың халқына тілектестігін жеткізді.

ЖОЛ АЗАБЫН ЖҮРГЕН БІЛЕДІ

Қызылорда облысының аумағынан шыға бере батысқа барар жолдың «қиындығына» тап боласыз. Иә, «жол азабын жүрген біледі» деген сөз осындайда айтылса керек. Бұл «атақты» жолдармен бұрын сапар шегіп жүрсек те, осы жолы, ең алдымен, табиғаттың тосын мінезінен қиын жағдайға тап болған өңірлерге апара жатқан құрал-жабдықтар мен азық-түліктің аман жетуін ойлайды екенсің. Шұрық-тесік, кедір-бұдыр, ойқы-шойқы жолдар сіздің екі бүйрегіңізді «қолыңызға ұстатады». Бірнеше күн күре жолмен жүріп баратын автокөліктердің иелері сапасы сын көтермейтін жолдың жайын айта-айта шаршадық дейді. Әсіресе, Ақтөбе облысының аумағындағы «М-32» аталып кеткен тас жолдың жағдайын көргенде, оның ойылған, үгітілген жерлерімен жүргенде, бұл жолдармен екінші қайтара жүрмеуге ант-су ішесіз. Осы «М-32»-ден Хромтауға дейінгі 200 шақырым жолды 8 сағатта жүріп өткеннен кейін қалған жолдар «айналайын» болып қалады екен.

Осы тұста Дәулет Әбілқайыров бастаған ұзақ қашықтыққа қатынайтын үлкен жүк көліктерінің иелері мен жүргізушілерінің ерен еңбегін, қосқан орасан зор үлесін атап өтпеске болмайды. Біріншіден, олар ешқандай ақы сұрамай, аталған өңірлерге тегін жол тартты. Екіншіден, Сыр елінің қолдауын жеткізгенше күні-түні көз ілмей, рөлде отырды. Оған өзіміз куәміз. Шындығын айту керек, олар болмаса, біздің көмегіміз діттеген жеріне жетпеуі де мүмкін еді. Өйткені, осындай үлкен жауапкершілік арқалап батыс беттің айқыш-ұйқыш жолын бетке алуға кез келген адам келісе бермейді.

Хош. Сапасыз жолдағы жүрісімізді қарғын судың шайып кеткендігі де қиындата түсті. Ырғыздың кейбір жерлерін, Ойылдың біраз бөлігін, Қобданың бүкіл жолын су алып кеткен. Осындайда, ұялы телефонымызға тыным бермей, сағат сайын хабарласып, бізді асықтыра түскен басшымызға бір жағынан ренжісек, бір жағынан рахметімізді айттық. Себебі, тасқын судың қарқыны сәт сайын күшейіп келе жатыр еді. Ал, бізге көмек күтіп отырған ағайынға ертерек жету қажет. Ақтөбенің Қарабұтақ деген ауылына тоқтап, аз-кем ас-суымызды ішіп алған соң, солтүстік пен Атырауды бетке алған әріптестерімізбен қоштасып, үш бағытқа, үш түрлі жолға түстік.

Айта кету керек, қайырымдылық керуені Қызылорда қаласынан шыққаннан бастап, барлық өңірге жеткенше мемлекеттік автоинспекция қызметкерлері бастап алып жүрді. Бұл да болса жүргізушілер мен біздің жұмысымызды жеңілдетіп, қауіпсіз жетуімізге үлкен көмек болғандығы сөзсіз.

БАТЫСТАҒЫ ЖАҒДАЙ. ЭВАПУНКТ.

12 сәуір. Екі тәулік бойы тоқтамастан жол жүріп, 2000 шақырымға жуық жолды артқа тастап, ақыры Батыс Қазақстан облысының аумағына табан тіредік. Жымпитыға жете бергенде, әріптесіміз Қанат Әжімбетовтен жақсы жаңалық жетті. Ол Ақтөбе қаласына аман-есен жетіп, республикалық штабқа гуманитарлық көмекті түсіріп жатыр екен.

Біз де түс уақытында Орал қаласына Сыр елінің аманаты мен сәлемін жеткізіп, өз қолымызбен табыстадық. Арнайы келгендегі біздің мақсат-мұратымыз – осындай ел басына күн туған сын сағатта батыс пен шығысқа, оңтүстік пен солтүстікке бөлінбей, бір ел екендігімізді, елдігіміз бен бірлігімізді, «Алаштың анасы» атанған Сыр халқы батыс жұртшылығымен бірге екендігін, тілекші, қолдаушы екендігін жеткізу болатын. Бұл ниетімізді Батыс Қазақстан облысының тұрғындары қуана қарсы алып, алғыстарын білдірді. Екі жүк көлігімен апарған қайырымдылық керуенін «Amanat» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының жанынан ашылған штабқа түсірдік. Бізді қарсы алған аталған филиалдың атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев Қызылорда облысының халқына зор ризашылығын жеткізді.

– Осындай қиын-қыстау жағдайда көмек беріп, қолұшын созып жатқан Сыр еліне мың алғыс! Басымызды иіп тұрып, рахметімізді айтамыз! – деді ол ағынан жарылып.

Біз одан әрі үйлері су астында қалған қаланың іргесіндегі Подстепное ауылына арнайы ат басын бұрдық. Бұл жерде тұрғызылған бөгеттен асып кеткен тасқын судан мұндағы бірде бір үй аман қалмаған. Кейбіреулерінің шатыры ғана көрінеді. Осыдан-ақ бұл өңірдегі ахуалдың шыныменде күрделі екендігін бағамдай беруге болатын еді.

Мұнан соң жолбасшымыз бізді қаланың шетіндегі Деркөл ауылында орналасқан Спорт клубындағы эвакуациялық пунктке алып келді. Осындағы тұрғындармен жүздесіп, Қызылорда халқының сәлемі мен қолдауын жеткіздік. Ондағы тұрғындардың жағдайы өте қиын. Айтуларынша, баспаналары мен күнкөріс етіп отырған қорасындағы түлігінен, дүние-мүлкінен, құжаттарынан бір-ақ сәтте айрылып шыға келген. Көкейлерінде сан сауал, мың сұрақ. «Табиғи апат аяқталған соң не болады?», «Баспана мәселесі қалай шешіледі?», «Несие, қарыздан қалай құтыламыз?», дейді олар. Араларында мүгедек кісілер, созылмалы аурумен ауыратын қарттар бар, кішкентай балалар көп. Бір түнде тентіреп қалған олардың әңгімесін көзіңе жас алмай, жүрегің ауырмай тыңдау мүмкін емес. Барлығы Президентіміздің «Ешкім көмексіз қалмайды» деген сөзін жандарына медет тұтып отырғандығын айтады. Ол кісілерді көргенде сабыр мен күш-қуат тілеп, жұбату сөз айтқаннан басқа қолдан келер шара жоқ екендігіне налисың. Бірақ, өздері үміт пен үрей құшағында отырса да, сындарлы сәтте жанашыр бола білген біздің облыстың басшылығына, Сыр еліне алғыстарын жаудырып-ақ жатыр.

Батыс Қазақстан облысындағы табиғи апат – Деркөл, Шаған және Жайық өзендеріндегі су деңгейінің көтерілуі салдарынан орын алған көрінеді. Осы жағдайдан бірінші кезекте облыстағы 14 839 саяжай учаскесін су басыпты. Оның 14 466-сы – Орал қаласында, 112-сі – Бәйтерек, 245-і – Бөрлі, 16-сы – Теректі аудандарында орналасқан. Қазір көршілес Ресейдің Орынбор облысы Иреклі су қоймасынан келетін судың жылдамдығы сәт сайын артып келеді. Осыған орай, облыста халық жаппай эвакуацияланып жатыр екен.

«Amanat» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушысы хатшысы Азамат Сафималиұлының мәліметінше, біз барған күні өңірде 13068 адам эвакуацияланып, оның 1800-ден астамы эвакуациялық пункттерге орналастырылыпты. Облыста жалпы 161 эвакуациялық пункт дайындалған. Бүгінде оның 20-сы жұмыс істеп тұр, 14-і Орал қаласында, қалған алтауы аудандарда. Өңірдегі Жайық өзенінің бойында 94 ауыл орналасқан. Күні бүгін бұл ауылдарда жалпы ұзындығы 53 шақырым болатын бөгеттер тұрғызылыпты.

Сол күні кешқұрым бізді «Ақ Жайықтың ақ шағаласы» атанған ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, мемлекет және қоғам қайраткері, «Құрмет» және «Отан» ордендерінің кавалері, Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы Ақұштап Бақтыгереева апамыз арнайы қонақ қылып, Сыр еліне алғысын айтып, ақ батасын берді.

Дәл сол күні Қызылорданың көмегі Атырау және Құлсары қаласына да жетіп, Жайық жұрты ерекше көңіл-күйге бөленді.

СОЛТҮСТІКТЕГІ ЖАҒДАЙ. ӘУЕЖАЙДАҒЫ ЫҒЫ-ЖЫҒЫ ХАЛЫҚ.

Батысқа қарағанда, солтүстікті бетке алған әріптестеріміз қатты қиналды. Қостанай қаласына көмек өз уақытында жеткенімен, табиғи апатқа байланысқа ондағы әуежай уақытша жұмысын тоқтатыпты. Осыған байланысты Қостанайға жауапты Данабек Абылай әріптесіміз Асқар Қабдулға ілесіп, Петропавл қаласын бетке алды. Бірақ, Петропавлдағы жағдай Қостанайдан да қиын болып шығып, екі жүк көлігі әзер жеткен көрінеді. Оған басты себеп – қаланы су басып кетуі.

Әріптестерімізбен сағат сайын байланысып отырдық. Олардың айтуынша, Петропавл қаласына кіреберіс тұстағы көпірге жете бергенде, қатты ағынмен келген тасқын су көпірді шайып кетіпті. Жергілікті мемлекеттік автоинспекция қызметкерлері амалдың жоқтығынан айналма жолға түсіріп, орман арқылы апаруға бел байлағанымен, балшықтан өте алмаған. Ақыры, Ресейге жақын тұстағы ауыл арқылы су кеше жүріп зорға жеткізіпті. Уақытында үлгеріпті. Олардың Петропавлға су кеше жүріп жеткен бейнежазбаларын көргенде, жүрегің сыздап қоя береді. Бірақ, қандай жағдай болмасын, аманатқа қиянат жасауға, халықтың сеніміне селкеу түсіруге болмайды. Қос әріптесіміз бен жүргізушілердің жасағаны ерліккке пара-пар дүние еді.

Әріптестеріміз көргендей, төтенше жағдай жарияланған өңірлердегі әуежайда ығы-жығы халық. Ақтөбе, Атырау, Петропавл және өзім көрген Оралда да басқа қалаға асыққан тұрғындардан ине шаншар орын жоқ. Аяқ алып жүргісіз. Әсіресе, қарттар мен әйелдер, балалардың саны басым. Бір-екі жолаушымен тілдесіп көріп едік, ер адамдардың өздері қалып, қариялар мен бала-шағасын тасқын судан қауіп жоқ қалаларда тұратын туыстарына жіберіп жатыр екен. Себебін сұрасақ, «Алда не күтіп тұрғанын білмейміз» дейді. Ал сәт сайын құбылып жатқан әуе билеттерінің бағасы мүлдем бөлек тақырып.

СӨЗ СОҢЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты халыққа үндеуінде: «Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды. Бір ел, бір халық болып жұмылып, бұл апатты еңсереміз. Бұл біздің қолымыздан келеді», деп атап өткен болатын. Иә, расында да, елдік пен бірлік сыналар сәтте алғашқылардың бірі болып қайырымдылық керуенін ұйымдастырып, Сыр халқының аманатын Жайық пен Арқадағы жұртқа жеткізуге мүмкіндік берген Қызылорда облысы мен «Торғай-Петролеум» акционерлік қоғамының басшылығына, өңір халқына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,

Ақпарат саласының үздігі.

ҚЫЗЫЛОРДА – ОРАЛ – ҚЫЗЫЛОРДА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<