«Наурыз» бағдарламасы: 17 мыңнан астам азамат өтінім берді

377

0

Фото: ortcom.kz

«Наурыз» бағдарламасы бойынша 8 945 өтінім сәтті қабылданды. Бұл туралы «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова айтты.

«Наурыз» бағдарламасына өтінімдер жұмыс күндері сағат 9.00-ден 21.00-ге дейін қабылданады. 10 мамырдағы жағдай бойынша қазақстандықтар барлығы 17 432 өтінім жолдады. Оның ішінде 8 945 өтінім сәтті қабылданды. Олардың жартысы – 3 955 өтінім тұрғын үйге кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдерінен түсті. Олар: көпбалалы отбасылар, жетім балалар, тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтар. Егер гендерлік бөлісте қарайтын болсақ, онда өтінімдердің 57 пайызын әйелдер жолдаған. Бұл ретте барлық өтінім берушілердің 62 пайызы – 35 жасқа дейінгі жастар. Ең жас өтінім беруші Түркістан облысында тұрады. Ол – 18 жастағы тұрғын», – деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндгі брифингте.

«Отбасы банк» АҚ басқарушы директоры – Орталық филиал директоры Жансұлтан Матайдың айтуынша, Астана, Алматы және Шымкент қалаларымен қатар тұрғын үй сатып алу үшін ең көп өтінімді Ақмола мен Алматы облыстары тұрғындары берген.

«1 436 өтінім қабылданбай, кері қайтарылды. Негізгі себеп – клиенттердің депозиттерінде 1 млн теңге мөлшеріндегі қажетті сома жоқ болып шықты. Бұл «Наурыз» бағдарламасына қатысудың негізгі шарттарының бірі. Сондай-ақ, тұрғын үйі бар адамдардың да өтінімдері қабылданбады. Тағы 5 008 өтінім жолдану процесінде. Яғни, мемлекеттік дерекқорлармен сәйкестендіру жүргізілуде және жүйе өтінімдерге ЭЦҚ көмегімен үміткерлердің қол қоюын күтіп отырмыз», – деді Жансұлтан Матай.

Айта кетейік, «Наурыз» бағдарламасының шарттары бойынша алғашқы жарна 20 пайыздан басталады. Ал несие мерзімі – 19 жылға дейін. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме – 7, азаматтардың барлық санаты үшін кредит бойынша мөлшерлеме – 9 пайыз.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<