Геолог мамандарға құрмет көрсетілді

460

0

Геолог мамандарының қажырлы еңбегінің арқасында жер қойнауындағы пайдалы қазбалар адамзаттың игілігіне жарап, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне қызмет етуде. «Торғай-Петролеум» акционерлік қоғамының келісім-шарттық аумағы – «Құмкөл» кен орнында биыл ерекше сән-салтанатымен аталып өткен Геологтардың кәсіби мерекесі мұнайшылар қауымының арасында бұл күннің маңызы жоғары екенін тағы бір көрсетті.

Айтулы шара ең алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасын қолдау мақсатында сенбілікпен бастау алды. Кен орнында қызмет ететін 80-ге жуық жұмысшы оның аумағын күл-қоқыстан тазартып, акцияға белсене атсалысты. Артынша шараға арнайы келген құрметті қонақтар мен компания жұмысшылары әкімшілік-тұрмыстық корпус алдында, бірқатар ғимараттар мен тұрғын жайлар жанында үйеңкі, жиде, тұт, шырша, терек, сексеуіл, қара ағаш секілді барлығы 120 дана көшет екті.

Мұнан кейінгі іс-шарада «Оңтүстік қазжерқойнауы» Оңтүстік Қазақстан өңіраралық геология департаменті» Қызылорда өңірлік инспекциясының басшысы Еркін Асқар, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекциясының Оңтүстік өңіраралық басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Рахманбаев, «Amanat» партиясы Қызылорда қалалық филиалының атқарушы хатшысы Гүлшат Мұсаева сөз алып, геологтарды кәсіби мерекесімен құттықтады. Еліміздің геология саласының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін компанияда осы салада еңбек ететін мамандарға министрліктің, Геология комитетінің ведомоствалық наградалары мен облыс әкімінің Алғыс хаттары табыс етілді.

– Геологтар күні кәсіби мерекесі сәуір айының алғашқы жексенбісінде аталып өтілетіні белгілі. Биыл бұл мерекені тойлауды еліміздің 10 өңірінде орын алған су тасқынына байланысты кейінге шегеру туралы шешім қабылданған болатын. Елдегі күрделі жағдайға байланысты Президент арнайы Үндеу жолдап, «Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды. Бір ел, бір халық болып жұмылып, бұл апатты еңсереміз. Бұл біздің қолымыздан келеді» деген болатын. Дана халқымыз «Апат айтып келмейді» дейді. Мұндайда ел болып бірігіп, қиындықты еңсеру міндет. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» демекші, Сыр өңірі мұнайшылары да елмен бірге екенін көрсетіп, «Торғай-Петролеум» акционерлік қоғамы 50 млн теңгеден аса көлемде гуманитарлық көмек берді. Мұның бәрінде осы компанияда еңбек ететін азаматтардың үлесі бар. Ең алдымен, азаматтық және елжандылық ұстанымдарыңыз үшін баршаңызға алғыс білдіремін. Екіншіден, компанияның геология саласында еңбек ететін кәсіби мамандардың арқасында жаңадан мұнай ұңғымалары іске қосылып, «қара алтын» ел игілігіне жаратылуда. Жалпы алғанда, геология қызметі – кез келген мұнай компаниясының негізгі күретамыры, соғып тұрған жүрегі іспетті, – деді «Торғай-Петролеум» АҚ бас директоры, техника ғылымдарының кандидаты Дәурен Әбілқайыров.

Салтанатты шара «Amanat» партиясы Қызылорда қалалық филиалымен бірлесіп компания қызметкерлері арасында ұйымдастырылған волейболдан ашық турнирге ұласты. Барлығы 5 команда бақ сынаған турнирде «Тарлан» командасы жеңіске жетсе, «Бразилия» және «Сұңқар» командалары ІІ және ІІІ орынға ие болды. Ал «Алға» және «Бағдаттың бандалары» командалары ынталандыру сыйлықтарын алды. Асқар Ілиясов «Үздік ойыншы», Абылайхан Амангелді «Үздік шабуылшы», Олжас Есназаров «Үздік қорғаушы», Айбек Абызбай «Үздік либеро», Болат Бакиров «Үздік үйлестіруші» атанды. Турнирге қатысқан 34 ойыншыға арнайы марапат табысталды. Бұдан бөлек, турнирді ұйымдастыруға атсалысқан қызметкерлер мен оған төрелік еткен волейболдан жоғары дәрежелі жаттықтырушылар Дінислам Әбдіқахар мен Мейрамбек Өміртайға да құрмет көрсетілді. Жеңімпаз командалар мен барлық қатысушыларға қаржылай сыйлықтар табыс етілді.

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<