Елуде де кеш емес немесе жүктілік жасы ұзарып барады

1662

0

Сурет ашық дереккөзден

Былтыр жазда Алматыда ілеуде бір кездесетін жағдай болды. 51 жастағы әйел егіз босанып, дәрігерлердің өзін таңырқатты. Ал осынша жыл бойы сәби сүйе алмай қиналған әйелде ес жоқ. Үш рет экстрокорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) жолымен құрсақ көтеріп, соның тек үшіншісінде нәтиже көріпті. Нәтиже болғанда қандай! Ұл мен қызды қатар дүниеге әкеліп, үй іші мәре-сәре.

Ұлттық статбюро жақында қызық дерек жариялады: өткен жылы жүзге тарта әйел елуден асқан шағында босаныпты. Елубайлар мен Елугүлдерді өткен дәуірдің еншісінде қалды десек, қателесеміз. Елдің демографиялық дүмпуіне үлес қосу қай жаста да кеш емес. Бірақ мәселе жасы ұлғайған ана мен болашақ баланың денсаулығында һәм оған қауіп төнуі мүмкін екенінде. Мұндай жүктілікке ерлі-зайыптылардың екеуі де физикалық, психологиялық тұрғыда дайын болса, сау баланың өмірге келуіне ол да сеп.

Елуді еңсерген қызылордалық Батырбек Ибраев пен Рита Мұқашованың шаңырағында былтыр екінші сәбидің «іңгәсі» естілді. Кішкентай адамды олар сегіз жыл күткен еді.

– Өзім күйеуге кеш шықтым. Қырықтан асқанда көтерген ұлым шетінеп кетті. Одан кейін қыз босандым. Қазір жасы тоғызда. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, енді ұл туып алуым керек деген оймен жүрдім. Бірақ қызды болғанымызға өкінбеймін. Екеуі де – Алланың берген сыйы. Елуден асқанда балалы болуға психологиялық жағынан дайын болдым. Қорықпадым. ЭКҰ-мен көтердім, кесарь тілігі арқылы босандым. Оңай болған жоқ. Баламыз қалыпты жағдайда өсіп-жетіліп келе жатыр, – деді Рита Мұқашова.

Елімізде қосымша репродуктивті технологияларды пайдалану елу жастан кейін кеш. Аталған әдіс 1995 жылдан бері қолданыста. ЭКҰ әйелдер мен ерлер арасындағы бедеулікке қарсы күрестің ең тиімді тәсілі деп есептеледі. Сәби сүйе алмауы мүмкін жұптар да заманауи репродуктивтік технологиялардың арқасында балалы болып жатады.

– Бұл мүмкіндікті репродуктивті жастағы, яғни 18 бен 49 жас аралығындағы әйелдер пайдалана алады. Қыздар жағы 35 жасқа дейін әлдебір себептермен тұрмысқа шығуды немесе жүкті болуды жоспарламаса, аналық ұрығын стимуляция жасату арқылы мұздатып, келешекте пайдалана алады. Өйткені 35 жастан кейін аналық ұрықтың саны да азаяды, сапасы да төмендейді. Қыздары кеш қимылдайтын Америка, Еуропа елдерінде осы сияқты бағдарламалар кеңінен дамыған. Бізде де қартайған кезде бала туу таңғаларлық жағдай болмай қалды. Ал елуде, тіпті одан асқан кездегі жүктілік негізінен ауыр түрде өтеді. Әйелдер преэклампсия, қант диабеті, мерзімінен бұрын босану сияқты қауіппен бетпе-бет келуі мүмкін, – деді репродуктолог-гинеколог дәрігер Гүлсім Әбенова.

Ұлттық статбюроның мәліметінше, Қазақстандағы бала туудың негізгі үлесі 25-29 аралығындағы әйелдерге тиесілі – 29%, 30-34 жас аралығындағыларда – 26%. Демек, бұрынғыдай 25-ке толғанша күйеуге тимесең, «кәрі қыз» боп жүретін дәурен өтті. Отыз жастан асқанда босану – Еуропа елдерінде қалыпты құбылыс. Оған қыз-келіншектердің өзін-өзін дамытуы, мансап баспалдағымен көтерілуі, шығармашылық қабілетін шыңдауы сияқты факторлар әсер етеді.

Германияда тұңғышын өмірге әкелушілердің орташа жасы 30,2-ге жоғарылаған. Еуропаның басқа елдерінде де бұл көрсеткіш жыл сайын жаңарып отыр. Мысалы, Италияда 31,4, Испанияда 31,2 жастан жоғары. Ең жас босанушылар Болгарияда – 26,4 жас.

Жас ұлғайғандағы жүктілікті мамандардың бір тобы қолдайды. Себебі бұл жастағы әйелдер жүктілікті жоспарлайды, бала тәрбиесіне ұқыптылықпен, жауапкершілікпен қарайды деп есептейді. Ал қолдамайтындар жағы бала түрлі генетикалық аурумен дүниеге келуі мүмкін, сондай-ақ ана өлімінің ықтималы жоғары екенін алға тартады. Карьераны алдыңғы орынға қоятындар қазақ қыздарының да арасында қаулап өсіп келеді.

Президент істері басқармасы жанындағы медициналық орталық ауруханасының бөлім меңгерушісі Шолпан Әлиева «көп отырған» қыздың бала көтеруі қиындай түсетінін жеткізді.

– Қазір жастар жүктілікке барынша саналы түрде қадам жасайды. Жұптардың дұрыс тамақтану, салауатты өмір салтын ұстану керегін білетіні қуантады. Бірақ көбі маңызды дүниені кейінге қалдырады. Қыздар жағы 30 бен 40 жас арасында босануды жоспарлайды. Өйткені жұмыс істеп, ақша табуға үлгеріп қалғысы келеді. Осының салдарынан жаңа ауру түрлері пайда болып жатыр, – деді ол Tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында.

Психологтар қартайғанда бала туудың жақсы жағы барын жасырмайды.

– Біріншіден, балаға уақыт, көңіл бөлуге дайын. Себебі мұндай ата-аналар жұмысы мен басқа қажеттіліктерін бір жолға қойған. Екіншіден, баланың қарым-қабілетін байқап, соны әрі қарай ұштауға тырысады. Денсаулығына қатысты нәрсенің бәрін қаперде ұстайды. Дәрігердің айтқанын мүлтіксіз орындайды, – дейді олар бірауыздан.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<