Отбасы – мемлекет тірегі

315

0

Халықаралық отбасы күніне орай «Отбасы орталығында» мерекелік шара өтті. Оған басқарма басшылары, зиялы қауым өкілдері, «Мерейлі отбасы» байқауының әр жылдардағы жеңімпаздары мен үлгілі және жас отбасылар қатысты.

Облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов  жиылғандарды отбасының қоғамдағы, ұлттық болмысымыз бен адами қалпымыздағы маңызына тоқталып, ізгі ниетін білдіріп, мерекемен құттықтады.

– Отбасы – қасиетті ұғым, қастерлі құндылық, сүйіспеншіліктің, құрмет пен берекенің ошағы. Ұлттық тәрбиенің, адамгершілік пен имандылықтың, ізеттіліктің бастауы да – отбасы. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Халқымыз қай заманда отбасы дәстүрін берік ұстанып, қадірлей білген. Үлкенге құрмет, кішіге ізет – біздің қанымызға сіңген қасиет.  Әрбір азаматтың адамгершілік болмысының қалыптасуына отбасындағы жағдай айрықша әсер етеді. Сондықтан мемлекет әр шаңырақтың әл-ауқатын арттырып, әр азаматтың өсіп-өркендеуі үшін барлық жағдайды жасайды»  деген болатын.

Бүгінде облысымызда отбасыларға қамқорлық пен көмек үздіксіз көрсетіліп келеді. Қазіргі кезде 17 мыңға жуық «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иелері және 34 мыңға жуық көпбалалы отбасы бар.

Отбасы құндылықтары мен киелі шаңырақ қасиетін жас ұрпақ санасына сіңіру, рухани-адамгершілік тәрбиені дәріптеу мақсатында қала орталығынан облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының ұсынысымен, меценат Марат Дүйсенбаевтың қолдауымен «Анаға тағзым» орталығы салынды. Бүгінгі күні орталықта күнделікті мәдени-рухани шаралар кеңінен ұйымдастырылуда.

«Отбасы орталығында»  отбасылық-демографиялық саясат насихатталуда.

Шаңырақ көтерген отбасыларға ең маңызды мәселе – баспана. Бұл мәселені шешуде Президенттің, Үкіметтің қолдауымен облыс әкімінің бастамасымен  ауқымды жұмыс жүргізілуде. Өткен жылы 4108 пәтерлік 300 тұрғын үй салынған. Нәтижесінде 2400-ге жуық пәтер табысталып, аймақта 11 мыңнан астам тұрғынның баспана мәселесі шешімін тапты. Биыл бюджет қаражаты есебінен 13,3 млрд теңгеге 1269 пәтерлік 67 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Жыл көлемінде бұл көрсеткіш тағы да ұлғаяды, – деді Ш.Байманов.

Сондай-ақ ол «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына құжат тапсыру басталғанын жеткізіп,   белсенділік танытуға шақырды.

2014 жылдан бастау алған «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы биыл 11-рет ұйымдастырылғалы отыр. Бұл – отбасы институтын және құндылықтарын дәріптеуге, ұлтымыздың әлеуетін арттыруға орасан зор үлес қосып келе жатқан бірегей жоба. Жыл сайын өткізілетін  байқау шаңырақты шаттыққа бөлеп, бірлік пен татулықты насихаттап, өнегелі отбасыларды баршаға танытуда. Осы жылдар ішінде конкурсқа облыстан 2200-ден астам отбасы қатысқан. Былтыр облысқа қарасты барлық елді мекеннен 304 отбасы өтінім берген.

Осы жылдар ішінде «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының республикалық кезеңінің жеңімпазы болып 2016 жылы Жаңақорған ауданынан Сыздықовтар отбасы, 2018-2022 жылдар аралығында Шиелі ауданынан Ишанқұловтар, Қиянбековтер, Әбілдашевтар мен Байжановтар отбасы облыстың бас жүлдесін иеленіп, республикада лауреат атанды. Былтыр Қазалы ауданынан Ұлы Отан соғысының ардагері Қабақ Смағұлов қарияның отбасы республикалық кезеңнің лауреаты атанды.

Шарада Ш.Байманов үлгілі және жас отбасыларға Алғыс хат пен облыс әкімі атынан сыйлық табыстады. Қоғам қайраткері Өмірбек Шәменов жастарға ақ тілегін арнап, жылы лебізін білдірді. Ізгі шара соңы әдемі ән-жырға ұласты.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<