Зиянкестерден залалсыздандыру жұмыстары жүруде

194

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Биыл облыс бойынша 49,765 га жерге италиялық прус пен азиялық шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жүргізу жоспарланған. Сол себепті де аймақты шегіртке қаптайды деуге еш негіз жоқ. Бүгінде тиісті сала мамандары қанатты зиянкестерге қарсы күрес жұмыстарын жүйелі түрде атқаруда.

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында егін егу маусымында зиянкестерге қарсы жүргізілетін жұмыстар баяндалды.

– Қазіргі таңда саяқ шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге әлеуетті өнім беруші тарапынан 9 арнайы жер агрегаты мен 3 әуе ұшағы қатыстырылуда. Тиісті комиссия Қызылорда қаласы мен аудандарда зиянкестерге қарсы мониторинг жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ-нің облыстық филиалы тарапынан берілген сигналды хабарламасына сәйкес, аймақ бойынша шегірткенің зиян тигiзудiң экономикалық шегiнен асқан 3 264 гектар көлемі анықталды. 3 мамырдан бастап химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күнге дейін оның 2 640 гектары жер агрегаты арқылы өңделді,- деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ерсұлтан Апетов.

– Фитосанитариялық қауіпсіздік – аграрлық саладағы өзекті мәселенің бірі болып есептеледі. Бұл ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігін арттыруға және өңделген өнімдердің экспортын ұлғайтуға, әсіресе елімізге жаңа нарықтың ашылуын одан әрі нығайтуды қажет етеді. Өткен жылы жасаған күзгі мониторингтің қорытындысымен биыл 49,765 га жерге химиялық өңдеу жүргізу жоспарланды. Оның ішінде италиялық прусқа қарсы 8,100 га, ал азиялық шегірткеге қарсы 41,665 га жер залалсындандырылмақ. Айта кету керек, шегіртке тектес зиянкестермен уақытылы әрі жүйелі күресудің нәтижесінде республикалық бюджет есебінен өңделетін жер көлемі жыл сайын азайып келеді. Жоспар бойынша ерекше қауіпті шегіртке зиянкестеріне қарсы фитосанитариялық іс-шара жұмыстары мамырдың үшінші онкүндігі мен шілде айының аралығында жүргізілетін болады,- деді ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешені Мемлекеттік инспекциясы комитетінің Қызылорда облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Мұхтар Оразбаев.

Қызылорда облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<