Балалар қауіпсіздігі – басты назарда

192

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Көпқабатты тұрғын үйлерде тұратын отбасылар үшін терезеге қауіпсіздік құралын орнату аса маңызды. Себебі, балалардың терезеден құлап кету деректері азаймай тұр. Оның басты себебі – балаларды ашық тұрған терезенің алдында жалғыз қалдыру дейді мамандар.

Аталмыш қауіптің алдын алып, оқиғаны азайту мақсатында облыстық ТЖД мамандары қалада орналасқан көпқабатты үйлерге үздіксіз үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында бала қауіпсіздігі және «Терезе» жедел профилактикалық шарасы төңірегінде тарқатып айтып берді.

– Бала өмірінің қауіпсіздігі әрбіріміз үшін өте маңызды. Өздеріңіз білесіздер, бүгінгі таңда күн өткен сайын қаламызда көліктер саны көбеюде. Сол үшін де кішкентай бүлдіршіндерімізге жолда жүру ережелерін тереңірек түсіндіріп, келеңсіз жағдайлардың алдын алуға тырысуымыз керек. Бұл ретте ата-ананың рөлі өте үлкен. Сонымен қатар, жыл басынан бері қала аумағында 1 жас пен 8 жас аралығындағы балалардың көп қабатты үйлердің терезелерінен құлап кетуі бойынша 9 жағдай тіркелді. Оқиғалардың негізгі себептері балаларды қараусыз қалдыру және терезеде қарапайым қауіпсіздік құралдарының жоқтығы болып отыр. Осы ретте көпқабатты тұрғын үйде тұратын ата-аналардан терезелеріне қорғаныш құралдарын орнатуды сұраймыз, – деді Қызылорда қалалық Полиция басқармасының ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Айдос Прежекенов.

– Ата-аналардың баласын қараусыз қалдыруының және немқұрайлы қарауының кесірінен өткен жылы 14 оқиға тіркелсе, бүгінгі таңда 9 жағдай орын алды. Соның салдарынан 10 бала зардап шекті. Қазіргі уақытта олардың барлығы аман, денсаулығы қалыпты. Десе де бұл бей-жай қарайтын жағдай емес. Сол үшін де ТЖД қызметкерлері қалада орналасқан көпқабатты тұрғын үйлерге ескерту жасап, үгіт насихат жұмыстарын жүргізуде. Сондықтан тұрғындардан өтінеріміз, егер үйде кішкентай бала болса, терезені ашық қалдырмаңыздар. Терезенің қорғаныш қабаты болмаса москит торларын пайдаланбаңыздар. Москит тор баланың қауіпсіздігіне жауап бермейді. Сондай-ақ, баланың терезе алдына шықпауы үшін оның жанына жиһаз қоймағаныңыз абзал. Балаларға қауісіздік сабақтарын үйрету өте маңызды, – деді облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Жандос Жүгінісов.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<