100-ге жуық көше жөнделеді

324

0

Қызылорда қаласы әкімінің міндетін атқарушы Ғалымжан Еркебайдың қатысуымен жол жөндеу жұмысымен танысу мақсатында баспасөз туры ұйымдастырылды. Баспасөз туры барысында қаладағы инфрақұрылым деңгейі, автожолдарды жөндеу бағытындағы бастамалар таныстырылды. Әсіресе, көлік көп жүретін аумақтарға ерекше көңіл бөлінгенін байқадық.

Әкімдік дерегіне сүйенсек, қала және оған қарасты кент пен ауылдық округтерде жол құрылысы қарқынды. Биыл 112,8 шақырым болатын 95 көшеге жөндеу жүргізіліп, жол және көпір салынуда. Оған түрлі деңгейдегі бюджет пен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы 25,2 млрд теңге бөлінген. Қазіргі таңда мердігер мекемелер жоспарланған жобаларды сәтті іске асырып келеді.

Мысалы, баспасөз туры аясында Қожа Ахмет Ясауи көшесінде болдық. Мұнда Қожа Ахмет Яссауи көшесінің Ә.Бөкейхан көшесінен Әйтеке би көшесіне дейінгі аумағын қайта жаңғырту жүргізілуде. Мердігер мекеме «Қыран» ЖШС құрылыс жұмысын наурыз айында бастаған. Құны 3 млрд теңге болатын жоба аяқталса, ұзындығы 3 шақырымға жуықтайтын 4 жолақты көше пайдалануға берілмек. Сондай-ақ жолды жарықтандыру, арық жүйесін реттеу, жаяу жүргіншілер жолын төсеу де қарастырылған.

Қала орталығындағы А.Пушкин көшесі де орташа жөндеуден өтуде. Жыл басынан бері әлеуметтік желіде тұрғындар аталған көшенің мәселесін айтқан болатын. Енді, міне, «Қызылорда жолдары» мекемесі осы көшені жөндеу жұмысын қолға алған.

Жуырда жаңа әуежай құрылысы аяқталғанын білеміз. Алайда әуежайға апаратын 13 шақырым жол қауіпсіз көлік қозғалысының талабына жауап береді деп айта алмаймыз. Соңғы 3 жылда аталған жолда 17 жол-көлік оқиғасы орын алып, 2 адам көз жұмған. Жүргізушілердің сөзінше, қауіпке жолдың екі жолақты болуы себеп.

Бұл олқылықты шешу үшін әкімдік жаңа жоба бастады. Қазір бұл жолды кеңейту мақсатында Тұңғыш Президент атындағы саябақ қоршауы алынып, тиісті жұмыс жүргізілуде. Жоспарға сәйкес, жаңғыртудан өткен жол 4 жолақты болмақ. Бұл көлік қатынасына ғана оңтайлы емес, қауіпсіздік үшін де қолайлы.

Баспасөз туры барысында жол құрылысынан бөлек тұрғын үйлердің қасбетін әрлеу жұмысымен де таныстық. Қала әкімінің міндетін атқарушы Ғалымжан Еркебайдың сөзінше, 40-қа жуық көпқабатты тұрғын үй мен 4 әлеуметтік нысан қасбеттері заманауи үлгіде әрленбек. Бүгінде 19 нысанның сыртқы келбетін сырлау аяқталған.

– Кейінгі жылдары қала аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін жаңа дизайнға сәйкес өзгерту жұмысы жүрді. Өткен жылы демеушілер қолдауымен 28, бюджет есебінен 16 тұрғын үйдің қасбеті линеарлық панельмен қапталды. Биыл қаладағы тұрғын үйлердің сыртқы бетін сапалы бояумен әрлеуді қолға алдық. Бұл бояу 15-20 жылға дейін сапасын жоймайды,  – деді Ғалымжан Бақтығалиұлы.

Ерсін ШАМШАДИН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<