Тоспадоп тарланының есімі жаңғырды

411

0

Қызылордада волейбол спортын дамытуға зор үлес қосқан Тұрғанбек Алтынбековті еске алуға арналған турнир өтті. Екі күндік жарысқа Түркістан облысы, Қызылорда қаласы мен аудандардан барлығы 11 команда қатысты.

Дәстүрлі турнирдің ашылуында облыстық денешынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Жанмұрат Сейілов, ардагер-журналист Нұрмахан Елтай сөз сөйледі.

Елуінші жылдардың аяғында Тұрғанбек Алтынбеков еліміздің жастар құрамасына шақыру алды. Бұл кезеңде құрама сапында қазақ волейболының атасы Октябрь Жарылғапов сынды белгілі спортшылар бар болатын. 1959 жылы Алматыда ол кісі ойын көрсеткен студенттер командасы спартакиада жүлдегері атанды.

Алпысыншы жылдардың басында Сыр өңірінің тәжірибелі волейболшылары ел біріншіліктерінде үздік үштіктен түскен жоқ. 2002 жылы Т.Алтынбековтің ұсынысымен өңірде «Ақмаржан» командасы құрылды. 2011 жылға дейін облыстық волейбол федерациясын басқарып, талай жасты спортқа тәрбиеледі. Қалалық спорт комитетінің басшысы, жасөспірімдер спорт мектебінің директоры және өзге де басшылық қызметтерді атқарды.

Волейбол спортының тарихында есімі ерекше аталатын Тұрғанбек Алтынбековтің Нұрлан Пірімбетов, Александр Гузиков, Владимир Ли, Нұрлан Алтынбеков, Әлиасқар Баймағанбетов, Серік Әбдірахманов сынды танымал шәкірттері бар.

Бұл жолы турнирде Шиелі ауданының командасы жеңімпаз атанса, одан кейінгі орындарды Қызылорда мен Түркістан қалаларының волейболшылары еншіледі.

«СБ» ақпарат 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<