Белгілі ғалым академик атанды

929

0

Қазақ әдебиеттануына, Сыр өңірі руханиятының өркендеуіне үлес қосқан белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, көрнекті қаламгер, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанындағы «Қорқыттану» ғылыми орталығының жетекшісі Бағдат Кәрібозұлы Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі болып сайланды.

Ғалымның қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінен түлеп ұшқалы бергі өмірі мен қызмет жолы университетпен тығыз байланыста өрбіді.

Ғылым, білім жолында, ұлттық әдебиет, ұлттың руханиятын сүю, оны дамыту және насихаттауда академик Зейнолла Қабдоловтың шәкірті болған. Аты мәшҺүр академиктің ғылыми жетекшілігімен «Қазақ лирикасының жанрлық спецификасы» тақырыбында кандидаттық, «Қазақ өлеңінің ұлттық сипаты» тақырыбында докторлық диссертациясын жоғары табыспен қорғады. Қазақ әдебиеттану ғылымында алатын орны ерекше бұл еңбектері жоғары оқу орындары студенттерінің білім көзіне айналып отыр.

Әдебиеттану ғылымын, қазақ поэзиясының жанрлық, ұлттық сипатын, Қорқыттану және өлке тарихын, ел өміріндегі тұлғаларды зерттеу – соңғы 30 жылдың үлесіндегі кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары. Сөз зергерінің «Қазақ совет лирикалық поэзиясының жанрлық спецификасы», «Қайран сөз», «Сырлы сөз сипаты», «Беталыс», «Ынсап», «Ыждағат», «Ырыс» атты еңбектері мен көркем әдеби туындылары, т.б. зерттеу мақалалары мен ой-толғаныстарының қай-қайсысы болсын, оқырманын олжасыз қалдырмайды.

«Сырдария кітапханасының» жауапты редакторы ретінде 200 томдықты баспаға әзірлеуге басшылық жасап, «Менің Отаным – Қазақстан» сериясы бойынша облыс орталығы мен аудандары туралы 6 кітапты жарыққа шығарды. Мемлекеттік гранттық қаржыландыру бойынша 4 ғылыми жобаға жетекшілік жасауы да ғалымның бірегей әлеуетінен хабар берсе керек. Сан қырлы ізденістерінің нәтижелері 200-ден астам ғылыми еңбекте, 10 монография мен 18 ғылыми-танымдық кітапта мазмұндалған.

Туған топыраққа қызмет ету – ғалым шығармашылығының түпқазығы, еңбегінің ерекше құндылығы. Кейінгі жылдардың өзінде оның басшылығымен жарық көрген «Сыр өңірінің фольклорлық антологиясы: Жанқожа батыр» (І том, 2021), «Аңыздар мен әңгімелер» (ІІ том, 2022), «Қиссалар мен дастандар» (ІІІ том, 2023) үштомдығы Алаштың анасы атанған қасиетті мекеннің рухани дамуы мен өркендеуіне қосылған қомақты олжа іспеттес.

Өңірдің ғылыми, қадрлық әлеуетін нығайту ісіне қосқан үлесі де өз алдына бір төбе. Университет жанындағы 80017 – Тілдер және әдебиет бойынша мұғалімдерді даярлау (6Б011700 – Қазақ тілі мен әдебиеті) бағытында докторлық (РҺD) диссертациялық кеңесті басқарды. Осы кезге дейін 2 ғылым кандидатын, 2 РһD, 50-ге жуық магистр, жүздеген дипломды маман даярлап шығарды.

Б.Кәрібозұлы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, университетіміздің құрметті профессоры, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі. «Парасат», «Құрмет» ордендерімен, бірнеше медаль және салалық төсбелгілермен марапатталған. Қызылорда қаласының, Қазалы ауданының Құрметті азаматы.

Ағамыздың бойындағы үлкенге іні, кішіге аға бола білу, басына сынақ түскенге қол созу, қиындығына ортақтасу, өзгенің жетістігіне, қуанышына өзінікіндей қуану сынды асыл қасиеттері тәнті етпей қоймайды. Өзі енді араласқан адамның ең алдымен жақсы қасиетін, өзгеден артықшылығын байқайтыны да – ешкімге ұқсамайтын сирек сипатының бірі.

Болмысының бекзаттығы, білімдарлығы мен үнемі ізденісте болуы, әрбір мәселені талдағандағы дәйектілігі, біріне-бірі сәуле түсіретін сөздері мен қазыналы ой-тұжырымдарының көңілге қона кететіні ұжымдағы әріптестері үшін шынайы үлгі-өнеге. Әсіресе, жас ғалымдарымызға таптырмас тағылым, табанды тәрбие.

Б.Кәрібозұлы қазір тоқсан жылға жуық тарихы бар Сыр өңіріндегі іргелі білім, ғылым және мәдениет ордасының мерейлі мақтанышы, тілеуқоры мен жанашыры, жастардың бойтүзер бәйтерегі, қадір тұтар ақылшысы есебінде қайраткерлік пен қаламгерлік тізгінін тең ұстап, ғылымның шылбырын да берік ұстап, еркін сілтеп келеді. Жан жары Салтанат Касенова екеуі тәрбиелеп өсірген екі қызынан Бегім-Ана, Інжу, Аянат, Алпамыс атты төрт немере сүйіп отырған үлгілі отағасы.

Егер біз қандай да бір белесті бағындырып жатсақ, әрине ең әуелі ата-анамызға, ұстаздарымызға, жасы үлкен ағаларымызға алғыс айтуымыз керек. Сыр өңіріне алғаш қадам басқан кезімнен бастап Бағдат ағай бейнебір туған ағамдай болып, ақыл-кеңесін аямай, барлық бастамаларыма қолдау көрсетуде. Мен үшін орны бөлек жанның денсаулығы мықты, бағындырар белестері биік, ғылымдағы ізденістері табысты бола бергей.

Бейбіткүл КӘРІМОВА,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда

университетінің басқарма төрағасы-ректоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<