Жұмыспен қамтудағы үздік көрсеткіш

280

0

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ел азаматтарын тұрақты жұмыспен қамту шаралары талқыланды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Қызылорда облысы халықты тұрақты жұмысқа орналастыру бойынша республикада үздік үштікке енгенін атап өтті.

– Жыл басынан бері елімізде 288 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылды. Оның 16 мыңға жуығы ұлттық жобалар мен салалық тұжырымдамалар аясында ашылған жұмыс орындарына жолдануда. Бұл ретте, «Өңірлік жұмыспен қамту карталарында» жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізген Абай, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда және Жамбыл облыстарын атап өткен жөн, – деді ведомство басшысы.

Айта кетейік, аталған көрсеткішті Абай облысы 53%, Солтүстік Қазақстан облысы 47%, Қызылорда және Жамбыл облыстары 45%-ға орындады.

Үкімет отырысынан кейінгі арнайы мәжілісте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев  өңір үздіктер қатарында аталғанымен, жұмыс қарқынын төмендетпеу қажеттігін ескертті.

– Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Қабыкенқызы Қызылорда облысында халықты жұмысқа орналастыру бойынша жылдық көрсеткіш 45 пайызды құрағанын, республикада үздік үштікке енгенімізді ерекше атап өтті. Мұнымен тоқтап қалмай, жоспарды жыл соңына дейін артығымен орындауымыз қажет. Халықтың тұрақты жұмыспен қамтылуы – әкімдердің жұмысына нақты баға беретін басты көрсеткіш. Қала және аудан әкімдері бұл мәселеге жауапкершілікпен қарап, тұрғындардың уақытша емес, тұрақты жұмыспен қамтылуын қадағалаңыздар. Қазіргі таңда өңірімізде «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» қабылданып, іске асырылуда. Осы орайда 21 мыңға жуық азамат жұмысқа орналастырылып, жылдық меже 45 пайыз болды. Өңірлік картадағы көрсеткіштер белгіленген мерзімде орындалуы тиіс, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Жиында Мемлекет басшысының «10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру» тапсырмасы бойынша, ұлттық жобалар мен концепциялар шеңберінде жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері қаралды. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды  үйлестіру басқармасына өңірлік картадағы жоспарды 100 пайыз орындау, жұмыссыздық деңгейін тұрақты бақылауда ұстау, субсидияланған жұмыс орындары мен өз кәсібін ашуға қайтарымсыз грант алғандарға мониторингті күшейту тапсырылды.

ЖЫЛУ ЖЕЛІЛЕРІ ЖАҢАРТЫЛУДА

Үкімет отырысының күн тәртібінде алдағы жылу беру маусымына дайындық жайы да талқыланып, тиісті тапсымалар берілді.

Облыс әкімі осы мәселе бойынша жауапты басшыларға бірқатар міндет жүктеді.

– Жылу беру маусымына дайындыққа Үкімет барынша қолдау көрсетіп, сұратылған қаржы бөлінуде. Желілерді жаңғыртуға республикалық бюджеттен 6 млрд 200 млн теңге, «Қызылорда жылу-электр орталығының» «Bono energy» маркалы 3 бу қазандығын жаңғыртуға Үкімет резервінен 2 млрд теңге, барлығы 8,3 млрд теңге бөлінді. Қаржыны тиімді әрі уақытылы игеру қажет, – деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, биыл жылумен қамту нысандарын жаңғыртуға 12 млрд теңге қаржы қаралды. Оның ішінде жоғарыда атап өтілгендей, республикалық бюджеттен 8,3 млрд теңге, облыстық бюджеттен 3 млрд теңге, «ҚЖЭО» өз қаржысы есебінен 566 млн теңге. Жергілікті бюджет және кәсіпорын қаржысы есебінен 2 газтурбиналық қондырғының генераторы мен 11 қазандыққа күрделі жөндеу, 1 турбина мен 15 қазандыққа ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Жылу желілерін жаңғыртудағы 6 жобаны іске асыруға 6 млрд 900 млн теңге қаржы бөлінді.

Облыстағы 1067 әлеуметтік нысанның дайындығы 51%, оның ішінде білім беру нысандары  48%, денсаулық сақтау  52%, мәдениет және спорт нысандары 55% әзір.

Биыл «Қызылорда жылу-электр орталығының» газтурбиналық қондырғылары мен автономды қазандықтарын жөндеуге облыстық бюджеттен 2 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Жауапты мекеме басшыларына осы жұмыстың сапалы әрі мерзімінде атқарылуын бақылау тапсырылды.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының оңтүстік өңірлерде электр энергиясы тапшылығын болдырмау тапсырмасына және қолданыстағы орталықтың тозығы жетуіне байланысты түрік инвесторымен бірлесіп, құны 215 млрд теңге болатын жаңа жылу орталығының құрылысы басталғаны белгілі. Орталық 2025 жылы іске қосылады. Шетелдік инвестиция есебінен салынатын жаңа ЖЭО 240 МВт электр қуатын өндіре алады. Жоба жүзеге асырылғанда Қызылорда облысы электр энергиясымен, Қызылорда қаласы жылу энергиясы және ыстық сумен толық қамтылатын болады.

Биыл облыстағы 9 әлеуметтік нысанның қазандықтарын газға ауыстыруға  қажетті қаржы бөлінді. Атап айтқанда, Қазалы ауданында 6, Жалағаш ауданында 2, Сырдария ауданында 1 нысан табиғи газға ауыстырылмақ. Нұрлыбек Машбекұлы Қазалы, Жалағаш, Сырдария ауданы әкімдеріне бюджеттік бағдарлама әкімшілерімен бірлесіп, жұмысты 1 қыркүйекке дейін сапалы әрі толық аяқтауды тапсырды. Бюджеттік бағдарлама әкімшілері барлық әлеуметтік нысанның 25 қыркүйекке дейін, ал білім беру нысандарының тамыз айының соңына дейін дайын болуын қамтамасыз етуі тиіс.

Мәжілісте «көгілдір отын» қосылмаған елді мекендерге көмір жеткізуді шілде айынан бастау тапсырылды. Аймақ басшысы алдағы жылу беру маусымында ешқандай мәселе туындамауы тиіс екенін қатаң ескертті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<