Аптап ыстықтан қалай қорғанамыз?

501

0

Сурет ашық дереккөзден

«Қазгидромет» болжамынша, бүгін бірқатар өңірде күн қатты ысиды. Ауа температурасы жоғарылап, өрт қаупі күшейеді. Мұндай ыстық адамдарға да кері әсер етпей қоймайды. Әсіресе, балалар, қарттар мен жүрек қан-тамыр аурулары бар адамдар үшін қауіпті. Біз облыс орталығындағы №3 қалалық емхананың дәрігері Меруерт Нұрымбетті сөзге тартқан едік. Маман тұрғындарды өз денсаулығына мұқият болуға және бірнеше ережені сақтауға шақырады.

– Күннен алатын пайдалы Д дәрумені мен күн өтудің арасы бір-ақ қадам. Аптап ыстықта далада ұзақ жүруге болмайды. Күннің өтуі ағзадағы жылу алмасу процесінің бұзылуына әкеледі. Оған жаздың аптап ыстығынан басқа, ыстық монша, қапырық бөлме немесе қоғамдық көлік те себеп болуы мүмкін. Медицинада оны «гелиоз» деген терминмен атайды. Бұл – қарапайым тілмен айтқанда күннің соққысы.

Күннің ыстығы тек адамның физикалық жағдайына ғана емес, психикалық денсаулығына да әсер етеді. Ауа температурасы жоғарылаған кезде мидың қан тамырлары мен лимфа тамырлары кеңейіп, қысыла түседі. Осылайша гипоксия пайда болады, яғни, оттегі жетіспейді. Бұл адам өміріне өте қауіпті. Одан бөлек нейрондардың қызметі бұзылып, метаболизм дұрыс жұмыс істемейді. Күн өткен адамның жүйке жүйесі және қан айналымының қызметі, тер бөліну процесі бұзылады. Адам тіпті дұрыс тыныс ала алмайды. Салдарынан науқастың жүрегі тоқтап немесе тыныс алу жүйесі қиындап кету мүмкін, – дейді дәрігер.

Маманның айтуынша, кез келген басқа ауру тәрізді күн өтудің негізгі белгілері бар: жеңіл түрі – күннен зардап шеккен адамның бойында әлсіздік пайда болып, бас ауырады. Жүрегі айниды, аяқастынан дене қызуы көтеріліп, құлағы шыңылдайды. Тіпті есінен танып, мұрнынан қан кетуі мүмкін. Ал аса ауыр түрінде адамның жағдайы аяқастынан асқынады. Күннен зардап шеккен адамның беті ысып, қызарады да, артынша сұрланады. Бет терісі мен шырышты қабықтары сұрғылт-көк түске ауысады. Бұл қан айналымының бұзылғанын білдіреді. Дене температурасы 41-42°C-қа дейін көтеріледі. Осы күйде оның қан тамырының соғуы әлсірейді, тырысу, бас айналу, комаға түсуі мүмкін. Күн өту ең алдымен егде жастағы адамдар және балалар  үшін аса қауіпті. Олардың ағзасында табиғи термореттеу қызметі бәсең жұмыс істейді. Сонымен қатар семіздік, гипертония, диабетке шалдыққандар, жүкті әйелдер, темекі шегетіндер мен табиғатта ішімдік ішкенді ұнататын адамдар ыстық ауа райындағы қауіпті топқа жатады.

Айта кетейік, күн өткен жағдайда зардап шеккен адамға салқын су немесе аздап тұз, қант қосылған таза ауызсу ішкізу қажет. Бұл ағзадағы су-тұз теңгерімін қалпына келтіруге көмектеседі. Сонымен қатар дымқыл сүлгі немесе суық су құйылған пакетті қолтыққа, шапқа және мойынға қою арқылы денені салқындатуға болады.

Адам естен танған жағдайда мүсәтір спиртін науқастың мұрнына жақындату керек. Күн өткенде медицина қызметкеріне қаралып, алғашқы көмек алған жөн.

Ал ТЖД мамандары аптапта үйден шықпауға кеңес береді.

Дина Бөкебай,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<