Алматыдағы саябақта денесі табылған келіншек туралы көршілері айтып берді

384

0

Фото: Almatynews

Алматыдағы саябақтардың бірінен Юлия Скринникованың денесі табылған. Қайғылы оқиға туралы көршілері айтып берді. Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлайды.

Саябақтағы карусельдің жанынан 41 жастағы Юлия Скринникованың денесі табылды. Әйел оқиғаға дейін қызын тұншықтырып өлтірді деген күдікке ілінді. Олар отбасымен Алматы облысы Іле ауданы Арман ауылында тұрған.

«Біз осыған дейін олардың жанжалдасқанын көрген емеспіз. Күйеуі IT маманы болып жұмыс істейтін. Қыздары ұзақ күткен балалары екенін білеміз. Көп ешкіммен араласпайтын еді. Жақында көлік алған. Көлікті марқұм Юлия жүргізіп жүретін еді», – дейді көршісі Ольга Нұржаубаева.

Юлия 2018 жылы туылған қызы Варвараны тұншықтырып өлтірді деген күдікке ілінген. Ол бұл туралы әпкесі Яна Афонинаға айтып, қашып кеткен. Яна Афонина полицияға арызданған. Яна Афонинаның үйі Юлияның денесі табылған саябаққа жақын маңда көрінеді.

Көршілер бұл жағдайды полиция келгенде ғана білген.

«Үйге полицейлер келгенде кірдік. Үлкен немерем үнемі Варварамен ойнайтын. Біз ешқандай ауытқуды байқамадық», – дейді Ольга Нұржаубаева.

Тағы бір көршісі олардың қалың киініп жүретіні ғана біртүрлі көрінгенін айтты.

«Юлия кейде қатты ыстық кезде де қалың киініп алып жүретін. Қыстық етікпен жүргенін де көргенбіз. Қызын да қалың киіндіретін. Күйеуі екеуі үнемі қыздарын жандарынан тастамайтын», – дейді Сарбиноз есімді көршісі.

Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

«Қыздың өліміне қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесі үшін басқа мәліметтер жарияланбайды», – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда әйелдің айналмалы дөңгелектен құлап, көз жұмғаны туралы жазған едік. Кейін ол өзіне қол салмас бұрын қызын тұншықтырып тастағаны белгілі болды. Тергеушілердің айтуынша, қыздың психикалық ауытқуы болған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<