Сағындырған сағым жылдар

110

0

Біздің ауыл теңіз жағасына қоныс тепкен «Бірлестік» атты балықшылар ауылы болатын. Таң білінер-білінбесте Арал қаласынан келген кемелер дабылынан шырт ұйқыда жатқан балықшылар оянып, өре түрегелетін. Бала болсақ та көзімізді тырнап ашып, сабаққа бармас бұрын теңізге тартатынбыз. Кеше кешкілік теңізге салған ауымызды жағаға тартқылап, ау торындағы тыран шабақтарын жинақтап, арқалап, сүрініп-қабынып үйге келеміз. Тұла-бойымыздан балық иісі мүңкіп сабақта отырамыз. Балалық шағымызды сағындырған сол бір сағым жылдар әлі күнге дейін көз алдымызда тұрады.

Әлі есімде, газет-журнал, хат-хабар тасушы «Попов» атты кеме болатын. Ауылымыздың хат тасушысы марқұм Кішкене Құтманбетов есімді ағамыз еді. Сол кісімен бірге ескекті қайықпен кемеге барып, газет-журнал тасымалдауға көмектесетінмін. Ол кезде республикалық «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері», облыстық «Ленин жолы», аудандық «Социалистік Арал» газеттері мен «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері», «Ара», «Балдырған» журналдары келетін. Жата-жастана жатып, газет-журналдарды парақтаймын.

Ұмытпасам, 1963 жыл болса керек. Ол кезде бесінші сынып оқушысымын. Асығыс-үсігіс «Ленин жолы» газетін парақтай бастағанмын. Соңғы бетіндегі шағын ғана «Балықшы бала» деген жазба көзіме оттай басылды. Бұл менің парталас досым Айжарық Әбішев жайлы жазған ең алғашқы мақалам болатын.

Содан мақала жазуға деген құлшыныс пайда болып, жата-жастана жазуға кірісемін. Менің қолыма алғаш рет қалам ұстатып, шығармашылық жолға түсуіме бастау болған «Ленин жолы» (бүгінгі «Сыр бойы») газеті ұжымына айтар алғысым шексіз.

1969 жылы кезіндегі Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға қабылданып, Қази Данабаевпен табыстым. Қазақ әдебиетінен дәріс берген Әуелбек Қоңыратбаевты күні бүгінге дейін сағынышпен еске аламыз.

Қази өлең жазады, ал мен қара сөзге қаймақ тұрғызғым келеді. Осы бір талпынысымызды аңғарған Әуелбек ағай өз жазбаларын бізге беріп, «Ленин жолына», Қомшабай аға Сүйенішовке апта сайын жіберіп отыратын. Өз жазбаларымызды да алып, салып-ұрып осында жетеміз.

Ол кезде газеттің «Мәдениет және әдебиет» деген бөлімі болатын. Бөлім меңгерушісі Қомшабай аға да, ал Жақсылық Түменбаев, Әбдіхан Айдаров, Рысты Бекбергенова осы бөлімде қызмет істейтін. Осындай қарымды қаламгерлермен алғашқы таныстығымыздан соң, бертін келе ақыл-кеңестері мен тапсырмалар алатын, болдық. Ойым орнықты болуы үшін бірлі-жарым деректі айтпасқа болмас.

Сол жылдары «Ленин жолы» газетінде «Сықақ пен мысқыл» деген айдар болатын. Осы айдарға топтастырылған материалдар газеттің сенбі күнгі санында берілетіндіктен, оқырмандар асыға күтетін.

Ол – коммунистік партияның дүркіреп тұрған шағы. «Сықақ пен мысқылға» іліккен басшы жазасыз қалмайтын. Бұл тақырыпқа сай келетін материалдар жетіспей де жататын. Содан болар, Қомшағаң Қази екеумізге осы тақырып төңірегінде материалдар жазуға тапсырма беретін. Біз құлшына кірісіп, талай сын-сықақ жазып, жасыратыны жоқ, әлдекімдердің ренішіне қалғанымыз бар. Бір ғана деректі айтайын.

Өздеріңізге мәлім, қала іргесіне қоныс тепкен «Қаракөл» қой совхозының ол кезде дүркіреп тұрған шағы. Шаруашылықта екі күн болып, қысқа әзірлік барысымен етене танысып, қой қоралары мен шопан үйлерінің жөндеуден өтпегенін, жем-шөптің де жеткіліксіз екенін өз көзімізбен көріп, көңілге түйіп қайтқанбыз. Ұзын сөздің қысқасы сол, «Қараөзекке қар жаумай ма?» деген сын мақала жарыққа шығып, совхоз директоры мен партком хатшысы (есімдерін атамай-ақ қояйын) аудандық партия комитеті бюросының талқысына түсіп, бірі қатаң сөгіс, екіншісі сөгіс алған еді.

Сағындырған сағым жылдар ойға оралғанда «Ленин жолында» қызмет еткен қаламгер ағалардың бітім-болмысы көз алдыңа келеді. Олар: Құрманғали Ажаров, Шәкізат Дәрмағанбетов, Ақберген Ержанов, Шора Ералиев, Арзымбек Мәдединов, Қомшабай Сүйенішов, Жақсылық Түменбаев, Әбдіхан Айдаров, Рысты Бекбергенова, Нұрпейіс Байғараев, Дархан Сапаров, Қайырбек Мырзахметов, Айжарық Сәдібеков, Мырқы Исаев, Рашид Жарылқасынов, Өтеген Жаппарханов, Болат Омарәлиев. Бертін келе газетте Құттыбай Сыдық, Асқар Кіребаев, Қази Данабаев, Оразбек Мақсұтұлы, Серік Пірназар, тағы басқа қарымды қаламгерлер қызмет етті. Есімдері аталмай қалған азаматтардан кешірім өтінемін.

Қази екеуміз жоғарыда айтқан ағаларымыздан ақыл-кеңес алу үшін күн құрғатпай редакцияға ат басын бұратынбыз. Тіпті, Жақсылық, Әбдіхан, Нұрпейіс, Айжарық ағаларымыз біздің жатақханаға соғып, ағыл-тегіл әңгіме төгетінбіз.

Ол кезде басылымға жарияланған материалдар мүлде өзгеше де өзекті болатын. Оқырмандар очерк, фельетондарды асыға күтуші еді. Жақсылық, Айжарық пен Шәкізат ағамыз жазған очектер мен Өтеген ағаның өткір қаламынан туындаған фельетондар күні бүгінге дейін өзекті.

Ағаларымыздың дені қарымды қаламгерлер ғана емес, сегіз қырлы, бір сырлы болатын. Жақсылық аға жақсы билейді, Әбдіхан аға ән айтатын, ал Арзымбек ағамыз домбыраның құлағында ойнап, Құрманғазының күйін төгетін. Қаламгерлердің бәрі дерлік шахматшы болатын. Қай бөлмеге барсақ та шахмат ойнап отырған ағаларды көретінбіз. Әзіл әңгімелерді де өрбітіп отыратын.

– Ескі көздер бара жатыр азайып,

Олар жайлы ойламаудың өзі айып.

Ей, тірілер!

Соларды бір еске алып,

Тебіренейік, толғайық, жазайық! – деп арқалы ақын Мұқағали айтқандай, әттең, қарымды қаламгер ағаларымыздың әрқайсысы жайлы көсілте жазуға әбден болар еді. Ол уақыт еншісінде.

Биыл 95-тің төріне озған «Сыр бойы»  газетінің шыққан шыңы мен алған асуы да айтарлықтай. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталып, бір емес, бірнеше рет Одақ көлемінде жүлдегерлер қатарына ілігіп, ал еліміз Тәуелсіздік алған жылдары ел басылымдарының көш басына шығуы тектен-тек болмаса керек. Өткен жылы «Үркер» ұлттық сыйлығын иеленуі – сырбойылық журналистердің шығармашылық табыстарының жемісі. Осындай толағай табыстарға кенелуі бүгінгі қаламгерлер қауымының ағалар жолымен жүргенінен болса керек.

Сөз соңында көп көкейінде жүрген бір ұсынысты оқырмандар ойына салғым бар. Рас, есімдері Сыр еліне танымал бірлі-жарым қаламгерлерге қаладан көше атаулары берілді, беріліп те келеді. Бір өкініштісі сол,  осылардың арасынан кейбір қарымды қаламгерлерді таппайсың. «Сыр бойының» 95 жылдық торқалы тойы қарсаңында көп көкейінде жүрген осы бір толғақты мәселе өз шешімін табар деген ойдамын. Ол да уақыт еншісінде.

Жылдар жайлы азын-аулақ ой-толғамдарыма тоқтам жасай отырып, сырбойылық қаламгерлер қауымына ойларың өткір, қаламдарың ұшқыр болсын деген ақ тілегімді айтқым бар.

Еркін ӘБІЛ,

жазушы-журналист

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<