Аурудан айығам десең, атқа мін

106

0

Бұрын «жылқының отаны қай мемлекет?» деген сауалға келгенде әлем ғалымдарының пікірі түрліше өрбитін. 1981 жылы сол кездегі Көкшетау облысының аумағынан табылған Ботай мәдени қорығынан шыққан жылқы сүйегі мен құмыра тәрізді қыш ыдыстар түбіне жағылған қалдықты зерттеген Англия, Жапония, Германия, Ресей ғалымдары бұл жәдігерлерді энеолит дәуіріне жатқызған.

Біздің заманымызға дейінгі IV мыңжылдықта, осыдан 6 мың жыл бұрын қолға үйретілген жылқы сүйектері мен қымыздың жұғындысы екені дәлелденіп, қорымнан қазып алынған 15 тонна жылқы сүйегін зерттеген ғалымдар оның қазіргі қазақ жылқысының тегімен 99,9 пайызға дәл келетінін бағамдап еді. Осыдан кейін әлем ғалымдары жылқының отаны қазақ даласы деген тұжырымға тоқтайды. Ал белгілі грек ғалымы Сократ «Скифтер қашып бара жатып соғысқанда, қуып бара жатқаннан кем түспейді» деп атты жауынгерлердің пайда болуы скиф-сақтардың еншісінде екенін айтып кеткен. Қытайдың ертедегі жазба деректерінде атты жауынгерлері бар ғұндар мен сақтардан қорқып, қыздарын соларға соғыс ашпауының кепілдігі үшін бергені жазылған. Ал орыстың Александр Вилькинс атты жаратылыстанушы ғалымы «Қазақ жылқысы арқылы орыстар, мына біздің де жылқыға қолымыз жетті» деп шындықты мойындаған.

Иә, ежелден ат үстінде өскен қазақ үшін атқа мініп серуендеу таңсық емес. Бірақ жылқыны емдік мақсатта қолданатынын көпшілік біле бермейді. Айта кетсек, әлемдік медицинада жылқымен емдеу туралы тұжырымдама Гиппократ еңбектерінен бастап-ақ кездеседі. XVIII ғасырдың ортасында ғалым Дени Дидро «Атпен жүрудің денсаулықты сақтаудағы маңызы» атты трактатында атқа мініп жүрудің көптеген дертке дауа болатынын жазып кеткен еді.

Ал иппотерапияның денсаулыққа пайдасы ХІХ ғасырдың соңында ғана кеңінен зерттеле бастады. 1960 жылдарға дейін Германия, Австрия, Швейцария секілді Еуропа мемлекеттерінде атқа міну қосымша физикалық ем ретінде ғана қолданылса, алғашқы стандартталған бағдарламасын 1980 жылдардың соңында канадалық және американдық терапевтер жасап шығарған. Германия да осы ілімді үйреніп, Солтүстік Америка қоғамына енгізеді. Нәтижесінде 1992 жылы АҚШ-та алғашқы иппотерапевтер қауымдастығы құрылды. Кейін бұл ем түрі өзге мемлекеттерге де таралды.

Қазақстанда 2000 жылдардан кейін ғана жылқы емдік мақсатта қолға алына бастады. Атпен жүрудің артықшылығы неде? Аталған спорт түрі денені шынықтырудың ең тиімді емдік тәсілі десек, артық емес. Иппотерапия арқылы адамның жүрек-қан айналымын жақсартып, жүйке жүйесі ауруларын емдеуге болады. Сондай-ақ ат үстінде жүру адамға эмоциялық жағынан да жағымды әсер етеді. Ғалымдардың айтуынша, аттың бірқалыпты жай жүрісінің өзінде оған мінген адамның денесінде 110 түрлі тербеліс туады екен, яғни, барлық буын қозғалысқа түседі деген сөз. Сол себепті атқа міну адамға биохимиялық тұрғыда оң ықпал етіп, ағзаны нығайта түседі. Жылқы бұлшықеттерінің қозғалысы массаж жасауға қабілетті көптеген элементтен тұрады және ағзаның одан әрі күшеюіне алып келеді. Өйткені жылқы температурасы адамның дене қызуынан бір жарым градусқа жоғары болады. Атқа отырған сәттен бастап тоқымға берілетін жылу қанның жылдамдығын арттырып, бойдағы тараған қан саусақтың ұшына дейін айналып шығады екен.

Иппотерапия, әсіресе, жұлынға зақым келгенде, миға қан құйылғанда, жабық бас сүйек-ми жарақатын алғанда, психологиялық мінез-құлық өзгеріске ұшырағанда, көңіл-күй төмендегенде, ұмытшақтық пайда болғанда, шорбуын және тірек-қимыл аппараты қызметі бұзылғанда, бір сөзбен айтқанда, адамның жүйке жүйесіне қатысты ауруларды емдеуде қолданылады. Тіпті есту қабілеті мен көздің көруі нашарлағанда да өз пайдасын тигізеді екен.

– Қазақ «ер қанаты – ат» деп бекер айтпайды. Жылқыға қызықпайтын қазақ баласы жоқ шығар?! Шаруашылыққа ат мініп, шауып үйренсем деген мақсатпен қызылордалық жастар мен орта жастағылар да жиі келеді. Тіпті, кейбір мектеп жасындағы жеткіншектер де үйреніп жатыр.

Жылқының пайдасы болмаса, зияны жоқ. Бел омыртқаға ем. Ат үстінде тақым қысып отыру, жиі атпен шауып тұру ер адамдардың бұлшық етін қатайтып, белсіздіктен қорғайды. Шаруашылықта аттың түрлері мен саны көп. Келген жұрт ақысын төлеп, қалағанына міне алады. Заманына қарай адамы. Иппотерапияны насихаттап, қазақтың салтын ұмытпай, ұлықтау мақсатында әлеуметтік желіні пайдаланудамыз. Жарнаманың көзі сол болып тұр, – дейді Тасбөгеттегі шаруашылық иесі Шыңғысхан Серікбаев.

Қазақтың тағдыры жылқымен тікелей байланысты десек, жылқытанушы ғалым Ахмет Тоқтабай өзінің «Қазақ жылқысының тарихы» атты еңбегінде ХІХ ғасырдың аяғында Зайсан маңында өмір сүрген орыс-казактарының атаманы Рябушкин: «Бұл қазақ дейтін атқа мінсе, ешкімге бағынбайды. Қазақты өзімізге бағынышты ету үшін аттан айыру керек. Қазақ қалай аттан айырылады – бұдан бағынышты, бұдан момақан, бұдан сорлы халық жоқ» дегенін айтады.

Тарихтың қатпар-қатпар кезеңдері қазақ даласындағы жылқы санына әсер етпей қоймады. Мәселен, КСРО атласы құжаттамасындағы статистика бойынша 1916 жылы 4,3 млн жылқы болса, 1940 жылдың басында 1 миллионға жетер-жетпес жылқы қалыпты. Бұл жылқының 30 пайызын екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда зеңбірек сүйретуге майданға аттандырды. Жылқытану ғылымының өз алдына енші алып, тарихи бағасын алар кезі жеткен секілді.

Дина Бөкебай,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<